Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ерекше мән берілуі керек бірден-бір сала білім саласы болды. Олай дейтініміз, енді ғана дамуға бағыт алған елге нағыз мықты мамандар ауадай қажет еді. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Сондықтан еліміз қазақстандықтардың білімді болуы үшін барлық жағдайдың жасалуына мән берді. Өйткені білім ғана бәсекелестік бәйгесінде қатардан қалмауға зор септігін тигізеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен республикалық педагогтар съезінде: «Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек», – деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Жалпы тәуелсіздік жылдарында елімізде 2 300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен үш ауысыммен оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз», – деген болатын. Бұл бағытта Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату үшін шаһарда 230 білім мекемесі жұмыс атқарады. Оның ішінде білім бөліміне қарасты 115-і мемлекеттік мекемелер, 115-і жекеменшік білім беру ұйымдары. Аталған ұйымдарда 108 417 бала білім алуда. Жалпы мемлекетіміз білім саласына айтарлықтай көңіл бөліп келеді. Айталық, ағымдағы жылға барлығы 71 млрд 698 млн 663 мың теңге қаражат қарастырылды. Бүгінде қаладағы мемлекеттік – 45, жекеменшік 93 мектепке дейінгі білім мекемелеріне барлығы 24 364 бала қамтылып, оның ішінде 2-6 жас – 88,8%, 3-6 жас – 100%. Мектепке дейінгі білім мекемелеріндегі аз қамтылған отбасының 2 127 баласы тегін тамақпен қамтылған болатын.
Бүгінгі күні 63 мектептің 59-ы типтік, 4-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты жағдайдағы оқу орындары жоқ. Сонымен қатар бір мектептегі үш ауысымды және екі білім ошағында орын тапшылығы мәселесі бар. Дегенмен ағымдағы жылы 7 мектептің құрылысы жүргізілуде, онда жалпы 6 980 орын пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Ұлы дала» ықшамауданында 2 000 және 1 200 орындық екі мектеп, «Бәйтерек» ықшамауданында 1 200 және «Шөлдала» алқабында 600 орындық мектеп бой көтереді. Сонымен қатар республикалық бюджет қаржы есебінен «Ұлы дала» ықшамауданында 1 200, «Арай» алқабында 600 және «Казарма» алқабында 180 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Бұл да жетекші салаға деген мемлекеттің жан-жақты қолдауының айқын көрінісі.
Осының арқасында мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Мәселен, былтыр 7 мектеп пен 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу, 22 мектеп пен 13 бөбекжай-бақшаға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал ағымдағы жылы бюджетті нақтылау барысында 1 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат беріліп, күрделі жөндеу жұмыстары 4 мамырда басталған болатын. Қазан айында аяқталады деп жоспарланған ғимаратта қосымша білім беру ұйымы, яғни 300 орынды Балалар шығармашылық орталығы ашылатын болады.
Сондай-ақ 6 мектепке ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жасалған жөндеу жұмыстарының түрлеріне тоқталсақ: сейсмокүшейту жұмыстары, шатыр, еден, терезе блоктары, қаскелбет, қоршау, ішкі сылақ жұмыстары, жарық, жылу жүйесі, су және кәріз жүйелері, абаттандыру, есік блоктары, өртке қарсы дабыл жүйелері, сыртқы коммуникациялары қатарлылар бар. Қазіргі таңда өрт дабылы мен абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар материалдық-техникалық жабдықтар алуға осы жылы 156 миллион 548 мың теңге қаражат қарастырылған. Сонымен бірге бүгінде жалпыға міндетті білім беру бағыты бойынша оқушы саны – 78 045, оның ішінде арнайы сыныпта – 290, үй жағдайында – 530, инклюзивті біліммен 300 оқушы қамтылса, жекеменшік мектептерде 7 808 бала білім алуда. Жалпыға міндетті білім беру қоры балаларды киім-кешек, ыстық тамақ, жазғы сауықтыруға 4 млрд 562 миллион 780 мың теңге қаржы қарастырған. Әрі осы жылы лизингпен 5 автобус алынды.
Бәрімізге мәлім, бүгінгі таңда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, танып білу, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға, денінің саулығын арттыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін жұмыстар екі бағытта атқарылуда.
Бірінші бағыт бойынша, мектеп жанындағы және қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне қамтылды. Оның ішінде 63 білім беру ұйымының жанындағы киізді үйлерде, палаткалық лагерьлерде 41 907 бала демалысын өтесе, қала сыртындағы лагерьлерге аз қамтылған және көпбалалы отбасынан 3 600 баланың демалысы кезең-кезеңмен ұйымдастырылуда. Бүгінде балалар «Болашақ», «Тау самалы», «Берікқара» лагерьлерінде демалуда.
Ал екінші бағыт бойынша балалардың демалысы мен бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жөніндегі шараларға 28 010 оқушы қамтылды. Оның ішінде мектептер тарапынан қала аумағындағы тарихи-мәдени орталықтарға ұйымдастырылатын экскурсиялар мен спорттық жиындарға 12 785 оқушы қатысты. Олар: Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі, Б.Момышұлы мен Қ.Рысқұлбеков саябақтарына саяхат. Тараз қаласы әкімдігінің спорт бөлімімен бірлескен «Тараз спорт-2024» іс-шарасы өткізіледі. Сонымен қатар 63 мектеп пен 4 мектептен тыс білім мекемелеріндегі аула клубтарына, жекеменшік мекемелердегі спорт нысандарына 5 175 оқушы тіл үйрену, өнер, спорт, қолөнер, техникалық бағыттағы үйірмелерге тартылды. Бүгінде шаһарда білім бөліміне қарасты 4 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс атқарады. Ондағы қосымша біліммен қамтылған балалар 13 653 болса, мектепішілік үйірмелерге 48 364 бала қамтылған.
Бала қауіпсіздігінің қашанда маңызы зор. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Ол үшін балабақша мен мектептердегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет. Осы мақсатта қаладағы білім мекемелері 100% ішкі және сыртқы бейнебақылау камераларымен, дабыл түймесімен, мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге қаладағы мектептер мен балабақшаларда турникет орнатылған. Әрі ағымдағы жылы №№5,24,27,11,40,45 мектептердің екінші ғимараттарына және №52 БМ турникет орнатуға 59 500,0 мың теңге қарастырылды.
Өткен жылмен салыстырғанда, биылғы жыл білім көрсеткіші артып келеді. Сонымен бірге мектеп түлектері үшін есте қалатын ерекше жыл болды. Мәселен, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылардың білім сапасы 67,2% пайызды құрап, 11 666 оқушы үздік, 35 231 оқушы екпінді болды. 2023 жылмен салыстырғанда білім сапасы 0,1% артқан. Ағымдағы жылы мектеп бітірушілердің 57-сі Алтын белгі, 131-і Үздік аттестат иегері атанды. Ал ағымдағы жылдың 16 мамыры мен 4 шілдесі аралығында мемлекеттік білім беру гранты үшін ҰБТ өткізіліп, тестілеуге 2 823 мектеп бітірушінің 2 288-і қатысты, бұл мектеп бітірушілердің 81,1% құрап отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Себебі педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды», – деген еді. Мемлекеттің кең қолдауының арқасында мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері жыл сайын жақсарып, нәтижелері көңіл қуантуда. Атап айтсақ, оқушылар арасында 2023-2024 оқу жылы өткізілген білім сайыстарының нәтижесі бойынша ғылыми жоба жарысында облыстық – 129, республикалық – 18, халықаралық 4 орын алды. Сонымен бірге облыстық байқауға 142 оқушы қатысып, оның 93-і жүлделі орын, 50 Алғыс хатқа ие болса, республикалық жарысқа 23 оқушы қатысып, 13-і жүлдегер атанып, 3-і грамотамен марапатталды. Сонымен бірге «Зерде» байқауының облыстық кезеңінде 36 орын, республикалық кезеңінде 5 орынға ие болса, Ө.Жолдасбеков атындағы «Математика және механика бойынша зерттеу» халықаралық конкурсында 2 жүлделі орын иеленсе, «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеу халықаралық ғылыми конкурсында №5,41 мектеп оқушылары жүлделі орынға ие болды.
Сонымен қатар пән олимпиадасы бойынша да табысты нәтижелерге қол жетіп отыр. Айталық, облыстық деңгейге 126 оқушы қатысып, 98-і жүлделі орын алды, 11 Алғыс хатқа ие болса, республикалық пән олимпиадасына 19 оқушы қатысып, 3-і жүлделі орын алды. Сонымен бірге «Бастау» олимпиадасының облыстық кезеңінде 10 жүлделі орын, республикалық кезеңінде 3 жүлделі орын алса, 5,6-шы сыныптардың олимпиадасының облыстық кезеңінде 35 орын, 5 грамота, республикалық кезеңінде 6 жүлделі орын, 2 грамота, 7,8-ші сыныптардың олимпиадасының облыстық кезеңінде 33 жүлделі орын, Қ.Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мамандандырылған олимпиадасының 2 орын, Ясауитану республикалық байқауында 2 орын иеленді.
Сондай-ақ мамандандырылған конкурстардан, республикалық жарыстан 8 орын иеленді. Ал жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» республикалық интеллектуалдық конкурсында 1 жүлделі орын, облыстық кезеңінде 4 жүлделі орын алса, «Роболанд» республикалық робототехника, бағдарламалау және технологиялар фестивалінде 7 жүлделі орын иеленді. Сонымен бірге 5-8 сынып оқушыларына арналған «ProEсо» облыстық экологиялық байқауында 18 орынды қанжығалады. Жалпы алғанда, 2024 жылы облыстық жарыстарда – 313 орын, республикалық – 42 орын, халықаралықта 4 орынды иеленді.
«Бір жылдығын ойлаған күріш өсіреді, он жылдығын ойлаған тал егеді, ал жүз жылдығын ойлаған өнегелі ұрпақ тәрбиелейді» деп дана халық бекер айтпаған. Сондықтан да педагогтар әлеуетін арттыру аса маңызды. Бүгінде шаһарда жалпы 10 347 педагог болса, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 214 педагог біліктілік арттыру курсынан өтті. Әрі қаланың 20 мектебі Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық іс-тәжірибесін таратудың жетекші мектептері ретінде бекітіліп, серіктес мектептермен жұмыс жасауда. Педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында 13 семинар-практикум, 4 шебер-сынып, мемлекеттік аттестаттаудан өтетін мектептерге әдістемелік десант өткізілді. Бүгінде сапалық құрамы – 54,1%, жаңа форматты біліктілік санатына ие педагогтардың үлесі 70,1% құрап отыр. «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауында №45 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Лаубай Тоғжан ІІІ орынға ие болды.
Сонымен бірге жас математиктер арасындағы Х халықаралық байқауда Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының математика пәні мұғалімі Кеңесов Бауыржан І орын иеленіп, 300 мың теңге сыйақы иегері атанса, IMPACT Olympiad – V Халықаралық ашық шығармашылық конкурсында Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Муратбаев Айбек Серікұлы, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Убишов Думан Жұбанышұлы III дәрежелі дипломдармен марапатталды. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсында 18 педагог жүлделі орынға ие болды.
«Алтын тұғыр» республикалық конкурсында 2 жүлделі орынды №23, 42 мектеп мұғалімдері иеленді. «Үздік психолог» республикалық байқауында 2 педагог-психолог жүлдегер атанды. «Дарынды балаға – талантты ұстаз» республикалық конкурсында №45 гимназияның мұғалімі 2-орын еншіледі.
Бұл білім саласында атқарылған жұмыстардың біршамасы ғана. Алдағы жоспарымыз жұмыр, бағытымыз айқын. Бастысы, білім саласын дамыту бойынша қолға алынған ілкімді істер әрі қарай да үздіксіз жалғаса береді.
Раушан ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы