Бүгінгі күннің басты талабы еліміздегі білім саласын биікке көтеру болып тұр. Өйткені білімі мықты елдің ұрпағы білікті болып, Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Сондай шыңға көтерілу жолында Қазақ елі де өзіндік қимыл-қарекетін жасап жатыр. Мұндағы мақсат – білім сапасын арттыру, дамыған елдердің қатарына қосылу.
Бұл бағытта ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, саналы түрде әр істі сараптай алсақ, жаһандану бәсекесінде ұтылмасымыз анық.
Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да ерекше мән берілуі керек бірден-бір сала білім саласы болды. Олай дейтініміз, енді ғана дамуға бағыт алған елге нағыз мықты мамандар ауадай қажет еді. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Сондықтан еліміз қазақстандықтардың білімді болуы үшін барлық жағдайдың жасалуына мән берді. Өйткені білім ғана бәсекелестік бәйгесінде қатардан қалмауға зор септігін тигізеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен республикалық педагогтар съезінде: «Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек», – деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Жалпы тәуелсіздік жылдарында елімізде 2 300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен үш ауысыммен оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз», – деген болатын.
Оқу-ағартуға деген оң көзқарастың арқасында Тараздың білім саласы да толағай табыстарға кенелуде. Айталық, қазіргі таңда 223 білім мекемесі жұмыс істейді. Оның115-і мемлекеттік мекемелер болса, 108-і жекеменшік білім беру ұйымдары. Оқу ордаларына 108 417 бала қамтылып, оларды 10 мыңнан астам педагог білім нәрімен сусындатуда. Сондай-ақ қаланың білім беру саласына 2024 жылы 71 миллиард 84 миллион теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға өскен.
Үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту екені белгілі. Мәселен, бүгінгі күні шаһардағы 154 мектепке дейінгі ұйымда 23 048 бала тәрбиеленуде. Осылайша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында – 83, 2-6 жас аралығында – 88,2, ал 3-6 жас аралығында 100 пайызды құрап отыр.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, ағымдағы жылы 1 733 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған.
– 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әлеуметтік осал отбасыларынан шыққан 1 859 бала жергілікті бюджет есебінен тегін тамақпен қамтамасыз етілуде. Бұл да жетекші салаға деген мемлекеттің жан-жақты қолдауының айқын көрінісі. Сонымен қатар балаларды сапалы қолжетімді білім беру, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Мәселен, былтыр №62, №64 орта мектептер пайдалануға беріліп, «Барысхан» алқабы мен «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғындары білім беру мекемелерімен қамтамасыз етілді. Осы арқылы оқушы орны тапшылығы бар бір мектептің мәселесі шешілді. Енді 2024 жылдың соңына дейін 7 білім нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Оның 4-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Аталған жоба шеңберінде «Бәйтерек», «Ұлы дала» ықшамаудандары мен «Шөлдала» алқабында 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Осы жоба аясында берілетін мектептердің есебінен №3 мектеп-лицейдегі үш ауысымдылық, №55 орта мектептегі орын тапшылығы жойылады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ білім саласына бөлінетін қаржының да көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, білім беру мекемелерін материалдық-ресурстық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1 миллиард 202 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұған қоса «Оқуға құштар мектеп» жобасы шеңберінде 97 миллион 544 мың теңге қаражатқа 25 722 дана көркем әдебиет сатып алынды. Осылайша оқушылар оқулықпен және оқу-әдістемелік кешендерімен 100 пайыз қамтылды, – дейді Раушан Пернешқызы.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жыл сайын нығайып келеді. Мәселен, былтыр 7 мектеп пен 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу, 22 мектеп пен 13 бөбекжай-бақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 7 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 2 мектептің мемлекеттік сараптамасы дайындалған. Мұнымен қоса 9 мектепке модификациялық кабинет, 17 мектепке жаңа сынып жиһаздары мен 41 дана интерактивті панель алынып, асхана жабдықтары жаңартылды. Бұдан бөлек, білім мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 88 мекемеге турникет орнатылса, оқу ордаларының барлығы полиция департаментінің басқару орталығына қосылды. Бүгінгі күні білім мекемелерінің барлығында қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Ағымдағы оқу жылы қала мектептерінде 84 759 бала білім алуда. Соған орай, Жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен 1-4 сыныптардың 30 369 және аз қамтылған отбасының 10 204 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ жаз мезгілінде мектеп жанындағы лагерьде – 10 828 оқушы, қала сыртындағы лагерьлерде 2 803 бала жазғы демалыспен қамтылды. Тамыз айында аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қаржылай көмек берілді. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде қалада шалғайдан қатынап оқитын балғындар баршылық. Дәл осындай 10 мектепте 3 554 балаға тасымалдау қызметі ұйымдастырылған.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау, түзету мақсатында 2 психологиялық-педагогикалық түзету, 3 инклюзивті білім беруді қолдау және 1 ресурстық кабинет қызмет көрсетеді. Түзету кабинеттерінде қажетті жағдайлар жасалып, арнайы мамандармен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні 501 бала түзету жұмыстарымен қамтылған. Сонымен қатар оңалту-түзету мекемелерінен көмек алуда қалыптасып отырған кезектілікті жою мақсатында 2023-2024 оқу жылында 150 орындық №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу бағытында жұмыстар аяқталуда. Бұлар биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Себебі педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды», – деген еді. Мемлекеттің кең қолдауының арқасында мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері жыл сайын жақсарып, нәтижелері қуантуда. Атап айтсақ, 2022-2023 оқу жылында интеллектуалдық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының облыстық кезеңінде оқушыларымыз – 253, республикалық, халықаралық кезеңінде 50 жүлделі орын алып, 2022 жылмен салыстырғанда жүлдегерлер үлесі 14,2 пайызға артты. Сондай-ақ қаланың 6 мектебі Қазақстан Республикасы олимпиада мектептері рейтингісіне енгізілді. Оның ішінде Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы мен №40 гимназия республика көлеміндегі «Үздік олимпиада мектептері» тізімінен көрінді. Бұған қоса халықаралық деңгейдегі «Иран олимпиадасы», «Өмірбек Жолдасбеков атындағы ғылыми жоба», «Математика және жобалау» интеллектуалдық жарыстарында 8 өреніміз жүлдегер атанды.
2012 жылдан бастап республика көлемінде өткізіліп келе жатқан «Үздік педагог» атағын беру конкурсына қала мектептерінің педагогтары да жыл сайын қатысып, зор нәтижеге жетуде. Айталық, 2023 жылы республикалық «Үздік педагог-2023» конкурсында екі мұғаліміміз жеңіске жетті. Олар – Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның география пәнінің мұғалімі Рауан Ошақбаев пен математика пәнінің мұғалімі Айнұр Нұралиева. Бүгінге дейін қала мектептеріндегі 11 мұғалім осы атаққа ие болған. Бұдан бөлек, «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауында №45 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай ІІІ орынды олжаласа, жас математиктер арасындағы Х халықаралық байқауда Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Бауыржан Кеңесов І орынға қол жеткізді. Ал «ІMPACT Olympiad» V халықаралық ашық шығармашылық конкурсында №49 мектеп-гимназияның мұғалімі Айбек Мұратбаев, №5 мектеп-гимназияның ұстазы Думан Убишов III дәрежелі дипломдармен марапатталды. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсында 18 педагог жүлделі орынға ие болды.
Педагогикалық ұжымдардың жұмысы да нәтижесіз емес. Мәселен, соңғы 3 жылда Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 5-бабының 8-7-тармақшасына сәйкес, әзірленген «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын 2 мектеп еншіледі. Олар: Төле би атындағы №8 гимназия мен Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің 2021 жылғы 4 мамырдағы №94 қаулысымен бекітілген «Жамбыл облысының білім беру ұйымдарының педагогтарына жергілікті ерекшелік белгісі мен құрметті атағын беру қағидаларын, олардың сипаттамасы мен біржолғы сыйақы төлеу» байқауында Тараз қаласының 4 педагогы марапатталып, төсбелгі және қаржылай сыйақыға қол жеткізді. Жамбыл облысының білім мекемелерінің арасында білім беру мекемелерінің қызметінің тиімділігін бағалау және ынталандыру мақсатында өткізілетін облыстық рейтинг қорытындысы бойынша да Тараз қаласының білім мекемелері жақсы көрсеткішке ие болуда. 2015 жылдан бері №5 гимназия мен №1 мектеп-гимназия үздіктердің қатарында болды.
– Педагогтардың кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіру – заман талабы. 2023 жылы 2724 педагог біліктілікті арттыру курстарынан, 897 педагог аттестаттаудан өтті. Оның ішінде 194-і «педагог-зерттеуші», 189-ы «педагог-сарапшы», 514-і «педагог-модератор» біліктілік санатын алды. Педагогтардың аттестаттаудан өту талаптарына қазір өзгерістер енгізілуде. Қазіргі таңда барлық мұғалімдер қауымына таныстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақтырақ тоқталсам, аттестаттау комиссиясы қаңтар-маусым айларында жұмыс істейді және жылына 1 рет шешім шығарады. Осылайша педагогтардың 1 қыркүйектен бастап жалақыларына тиісті үстемақыларын алуға мүмкіндік туады. Екіншіден, білім беру ұйымы педагогтарды аттестаттау үшін материалдарын қалыптастыруға жәрдемдеседі. Бұл ұжымдағы келісім мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізіп, әрбір аттестаттаудан өтетін ұстазға ұжым басшылығы тарапынан нақты қолдаулар көрсетіледі. Үшіншіден, егер педагог уақытша еңбекке жарамсыз болса, декреттік демалыстан шықса немесе білім беру ұйымынан мемлекеттік органдарға немесе әдістемелік кабинетке ауысса, онда оның біліктілік санатының қолданыс мерзімі 2 жылға дейін ұзартылады. Бұрын бұл мерзім 1 жыл болатын. Келесі, екінші, бірінші, жоғары санаттағы (ескі формат) педагогтарға қолданыстағы форматқа ауысуға жақсы мүмкіндіктер қаралған. Яғни олар «педагог-шеберден» басқа кез келген біліктілік санатына арыз бере алады және оң нәтижелер болған жағдайда таңдаған санаты бекітіледі. Тағы бір айта кетерлігі, жасы зейнеткерлікке төрт жылдан аз қалған педагогтар аттестаттау рәсімінен босатылады. Бұған қоса 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар барлық лауазымдардың педагогтары біліктілік санатын растау кезінде тестілеуден өтпейді. Әрине, мұндай өзгерістер әріптестеріміздің шығармашылықпен еркін айналысып, біліктіліктерін шыңдауға мол септігін тигізеді, – дейді Раушан Пернешқызы.
Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдеді. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына.
Әрине, тәрбиенің алғашқы негізі отбасында қаланады. Бүлдіршін алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Ұлттық педагогикада «Тәрбие отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған. Баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «Баланы жастан» деп те мәтелдеген. Иә, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал сол дәстүр отбасында басталып, оқу ошағының қабырғасында берілетін тәрбиемен ұштасады.
Заман ағымына сай балаларды тәрбиелеудің түрлі жолдары қалыптасуда. Жаһандану дәуірінде бұған мектептен тыс тәлім беретін білім беру ұйымдары зор ықпал етуде. Бүгінгі күні шаһарда мектеп жасындағы 13 898 бала қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелермен қамтылған. Қалалық білім бөліміне қарасты Техникалық шығармашылық орталығы, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы, Балалар көркемөнер мектебі және Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы сынды 4 қосымша білім беру ұйымы қызмет атқарады. Бұдан бөлек, мектепішілік үйірмелерге – 48 364, 579 спорт секциясына 35 020 бала қамтылған.
Мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының желісін кеңейту және қолжетімділігін арттыру мақсатында тағы да бір қосымша білім беру мекемесін ашу көзделіп отыр. Соған орай «Құмшағал» алқабында Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығын ашу үшін ғимарат күрделі жөндеуден өтуде.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл – күнделікті бақылаудағы мәселе.
Мектептердегі «Жас Ұлан» ұйымы, Өзін-өзі басқару мектеп парламенті, «Бала өкілі», пікірсайысшылар, «Еріктілер тобы», «Адал ұрпақ», «Қыз Жібек», «Жас сарбаз», «Жас құтқарушылар» секілді патриоттық және шығармашылыққа баулу клубтарының да балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына зор үлес қосып отырғанын атап өткеніміз абзал.
Жоғарыда айтқанымдай, бала тәрбиесіне бірінші кезекте отбасы және ата-анасы да жауапты. Осы орайда білім беру мекемелерінде Әкелер кеңесінің жұмысы жоғары деңгейге қойылған. Жұмыс жоспарына сәйкес, мектептерде әкелермен кездесу, жиналыс және ашық есік күндері өткізілуде. Сондай-ақ жоғары сыныптарда мамандық таңдау, әскери патриоттық білімдерін көтеру, тарихи-рухани сауаттылығын арттыру мен бұқаралық спортқа деген қызығушылықтарын дамыту мақсатында да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осы ілкімді істердің нәтижесінде былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 12 мектеп оқушысының қылмыстық дерегі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 11 қылмысқа төмендеді.
2023-2024 оқу жылында орта білім беру мекемелерінде оқыту және тәрбиелеу үрдісі «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: ұлттық мүдде, ар-ұят, талап құндылықтары» негізінде жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуге ден қойылған. Орта білім мекемелерінде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағытталған тәрбиелік жобалар, сынып сағаттары, семинарлар, дәріс сабақтары, байқаулар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қабылданған «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» нұсқаулығы бойынша Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары арқылы ата-аналарды ағарту жұмыстарына қамту шаралары да жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні барлық мектепте орталық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп отыр. Бұлардан бөлек, Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылып, Даналық мектебінің «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» клубтары мен медиация бөлмелері және қамқоршылық кеңестері де жұмысын бастады.
Мектептерде «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы, «Мектеп парламенті» өзін-өзі басқару ұйымы, Бала құқықтарын қорғау өкілдігі, волонтерлар тобы, «Дебат» пікірсайысшылар, «Адал ұрпақ» еріктілер, «Қыз Жібек» қыздар, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық және «Жас құтқарушылар» клубтары да бала тәрбиесіне белсене атсалысуда. Ағымдағы оқу жылы аталған клуб мүшелерінің саны 21 245 балаға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш – 20 137, 2021 жылы 18 546 оқушы болған. Демек, бұл аталған ұйымға ниет білдірген жасөспірімдердің қатары жыл сайын артып келе жатқанын айғақтайды.
2023-2024 оқу жылы осы бағыттағы жұмыстарға жаңа жобалар енгізілді. Мәселен, Біртұтас тәрбие бағдарламасы мен ӘНХ ұсынымдамалары бойынша білім беру мекемелерінде білім алушылардың құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған «Менің елім және менің құқығым», «Құқық-квест», «Заңға қосқан үлесім», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Заң мамандықтары», еңбекқорлыққа тәрбиелеу үшін «Қолөнер шеберханасы», «Еңбегі адал жас өрен», «Өзің жасап көр» жобалары, «Аспаздық жоба», ар-ұят, намыс, адалдық, жауапкершілік сияқты құндылықтарды жетілдіру үшін «Бейбіт күннің каһармандары», «Өнер мен құндылықтар», «Тарихқа құрмет», «Менің отбасымның өмірлік жолы», «Уақытты басқару және өзін-өзі ұйымдастыру», салауатты өмір салтының маңыздылығын түсінуі және денсаулықты нығайтатын әдеттерге дағдылануы үшін «Күнделікті пайдалы тағам», «Зиянды әдеттен аулақ бол», «Спорт және мен», «Қауіпсіздік және алғашқы көмек», «Психологиялық әл-ауқат және күйзеліске төзімділік», «Ұйқы және оның денсаулыққа әсері», «Экранға тәуелділік: жаман әдет», «Цифрлық гигиена» жобалары мен «Ар-ұят және жауапкершілік», «Біздің қоғамдағы әділеттілік», «Іс-әрекеттегі мейірімділік», «Мейірімділік құндылығы», «Күнделікті өмірдегі адалдық», «Этикалық құндылықтарды дамыту», «Отаншылдық және оның мәні», «Біздің қоғамдағы азаматтық жауапкершілігіміз» тәрбиелік іс-шаралары мен «Бірге болайық» атты ата-анаға мессендж акциясы іске асырылуда. Сондай-ақүкіметтік емес ұйымдармен де табысты серіктестік орнатылған.
Мемлекет тарапынан білім жүйесіндегі кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – Президенттің тапсырмасы бойынша мықты менеджерлерді іріктеу және даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы басталды. Жоба бойынша барлық 5 кезеңнің қорытындысына сәйкес, Республикалық кадр резервіне қала мектептерінен 1 кандидат еніп, бүгінгі таңда №54 орта мектепке конкурссыз тағайындалды. Әлбетте, бұл өз кезегінде білікті мамандардың білім саласындағы басшылық қызметтерге келуіне жол ашады.
Білім саласы жетекші сала ретінде әрдайым зор маңызға ие. Бұл тұрғыда атқарылар жұмыстар бұдан да ауқымды, алдағы жоба-жоспарлар жұмыр. Сондықтан Тараздың білім саласы бұдан да биік белестерді бағындырарына сенім мол.
Аман ЕСЕН