Білім саласы биік белестерді бағындыруда

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында білім беру жүйесі жетекші рөл атқарады. Осы себепті елімізде білім беру саласының дамуына мемлекет тарапынан көптеген қолайлы жағдайлар жасалуда. Нәтижесінде білімнің салтанат құрып, қанатын кеңге жаюына жол ашылуда. Бұл тұрғыдан келгенде, қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың септігі зор болып отыр. Бұл өз кезегінде ұдайы дамып, үздіксіз жаңалықпен толығып отыруды қажет ететін салмақты салаға артылатын жүкті де ауырлата түсті. Себебі даму мен өрлеу қарыштаған сайын бірқалыпты жүйемен көшке ілесу мүмкін емес. Осы ретте нарықтық экономика тұсында сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды құбылыс. Бұл бағытта Тараз қаласы көлемінде де атқарылған істер ауқымды.

БАЛАБАҚША КЕЗЕГІ ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?

Жалпы білім беру деңгейінің бірінші сатысы болып мектепке дейінгі тәрбие ошақтары есептеледі. Оған қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы білім берудің алғашқы баспалдағын бағдарлай аламыз. Қазір облыс орталығында 131 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік 45 балабақша мен 17 шағын орталық және жекеменшік 68 балабақша мен 1 шағын орталық бар. Жалпы бұл мекемелер 20 931 балдырғанға шақталған. Қазіргі уақытта оларда 19 692 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Дегенмен 1 мыңнан аса бос орын болғанына қарамастан, балабақшаға тапшылық әлі де бар. Мәселен, осы жылдың 10 айындағы көрсеткіш бойынша көне шаһарда балабақша кезегін күтіп отырған 1 мен 6 жас аралығындағы 19 700 бала бар екен. Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биыл 1 925 орынға мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурс өткізіліп, жолдама беріліп жатқан көрінеді.

Бұдан бөлек, қалалық білім бөліміне қарасты 61 мектеп, 1 кешкі мектеп, 4 қосымша б і л і м б е р у ұ й ы м ы ж ә н е 2 психологиялық- п е д а г о г и к а л ы қ түзету кабинеті бар. Олардағы оқушылардың жалпы саны 77 664-ті құрайды. Оның 248-і кешкі мектепте білім алса, арнайы сыныпта – 294, үй жағдайында 625 бала оқиды. Инклюзивті біліммен 255 оқушы қамтылған. Сондай-ақ жекеменшік мектептерде 5 353 бала білім алуда.

Жыл санап ауданы кеңейіп, тұрғындары көбейіп келе жатқан облыс орталығының шалғай аумақтарында тұратын оқушыларды мектепке тасымалдау қызметін ұйымдастыру қашанда өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл тұрғыда қалалық білім бөлімінде бірқатар жұмыс істелген. Атап айтар болсақ, «Шөлдала», «Құмшағал», «Барысхан», «Жігер», «Қызыл Абад», «Казарма» алқаптарында орналасқан саяжайлар мен «Новостройка» аумақтарынан 3 364 оқушыға 19 автобуспен тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар 19 470 оқушы жалпы оқыту қорынан берілетін көмек түрлерімен қамтылған.

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨБЕЙМЕСЕ, КЕМІМЕУІ КЕРЕК

Білім саласына бөлінген қаражат – жарқын болашаққа салынған инвестиция деп жатамыз. Хакім Абайдың да «…Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!» деуінде де осы ой болса керек. Бұл ретте қалалық білім бөліміне мемлекеттен берілетін қаржы қомақты. Мәселен, биылға барлығы 57 008 920,0 мың теңге қаражат қарастырылған екен. Өткен 10 ай ішінде оның 47 502 852 мың теңгесі игеріліп үлгерген.

Ендігі кезекте қазынадан берілген ақшаның қайда жұмсалғанына тоқталсақ. Бүгінде Тараздағы 61 мектептің 4-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты жағдайдағы тұрған білім мекемесінің жоқтығы қуантқанымен, 1 мектептің спорт залы мен асханасы жоқ. Балалар үшін ыңғайсыздық тудыратын бұл мәселелерді шешу мақсатында биыл бірқатар білім ошақтарында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, жоспар бойынша 10 мектеп ағымдағы жөндеуден өткен. Қосымша 6 білім ордасында ағымдағы жөндеу жұмыстарына 27 206,8 мың теңгеге келісімшарт жасалған. 4 мектептің жылу жолдарына 2 208 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 7 орта білім беру мекемесінде жөндеуден өткізуге 33 961,6 мың теңге қарастырылып, жұмыстар жалғасып жатыр е ке н . А л № 3 9 м е кт е п – гимназияның күрделі жөндеу жұмысы толығымен аяқталған.

Жұмыстар тек жөндеумен шектеліп қалмағанын да айтып өту керек. Өйткені қазір қала көлемінде 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында «Арай» алқабы мен «Барысхан» алқабындағы 600 орынға арналған мектептер, 15-ші мөлтекауданда әрқайсысы 1 200 орынға шақталған 2 мектеп және «Казарма» алқабындағы 180 орындық білім ошақтары бар. Ал келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында «Бәйтерек» мөлтекауданында 1 200 орындық, «Шөлдала» алқабында 600 орындық, 15-ші мөлтекауданда 2 мың және 1 200 орындық, 14-ші мөлтекауданда 2 мың орындық мектептер салу жоспарланып отыр.

МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАБДЫҚТАУ – ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ

Жылға бөлінген қаржының жөндеу мен құрылысқа ғана жұмсалмайтыны белгілі. Оқушылардың сапалы әрі заман талаптарына сай білім алуы үшін оларға қажетті жабдықтардың барлығы жеткілікті болуы маңызды. Бұл мақсатта Тараздағы 60 мектептің материалдық жабдықталуын жаңартуға 487 345 мың теңге қарастырылған екен. Бұл сома жиһаз алуға және турникеттер орнатуға бағытталып отыр.

Білім мекемелерінде компьютерлердің жеткілікті болуын қадағалау да назардан тыс қалмаған. Бөлім мәліметіне сәйкес, бүгінде облыс орталығындағы мектептерде компьютер, ноутбук, моноблок пен планшеттерді қосқанда 13 701 дана компьютерлік техника бар көрінеді. Соңғы 3 жылда мектептерге республикалық бюджет есебінен – 8 074, жергілікті қазынадан 1 341 дана компьютерлік техника алыныпты. Нәтижесінде 1 компьютерге келетін оқушы саны қала бойынша 13-тен 6-ға төмендеген. Бұдан бөлек, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы аясында шаһардағы мектептердің барлығы секундына 40 Мегабит жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз етілген.

Мектептерде 59 кітапхана, 3 коворкинг аймағы, 29 коворкинг бұрышы, 54 мобильдік кітапхана мен 885 орынға арналған оқу залдары жұмыс істейді. Оқулықтар мен көркем әдебиеттер жыл сайын жаңартылып отыр. 2022-2023 оқу жылы мектеп оқушылары 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етуге 873 146 мың теңге жұмсалған.

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

Бүгінгі күн – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең. Осыған байланысты педогогтар да жаңа оқу жүйесіне, білім беру саласында жүріп жатқан демократияландыру, жаңа технологияларды енгізу, ақпараттандыру үрдістерінен хабардар болуы абзал. Бүгінгі күнде Тараз мектептерінде 6 881 ұстаз қызмет етуде. Оның ішінде жылдың алғашқы жартысында 1 467 педагог біліктілік арттыру курсынан өткен.

Тек білікті ұстаздар ғана білімді ұрпақ тәрбиелей алатынын ескерсек, тараздық мұғалімдер де, оқушылар да бұл тұрғыда көш бастап тұр. Мәселен, ғылыми жоба жарысында облыстық байқаулардан – 65, республикалық байқаулардан – 11, халықаралық байқаулардан 4 оқушы жүлделі орын алған. Пән олимпиадаларынан да жоғары көрсеткіштер бар. Атап айтқанда, облыстық деңгейде – 82, республикалық жарыстарда 40 бала жүлдегерлер қатарынан көрініпті. Сондай-ақ қаланың 16 мектебі Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық іс- тәжірибесін таратудың жетекші мектептері ретінде бекітіліп, 43 мектеп серіктес мектеп ретінде жұмыс жасауда.

ТАРАЗДЫҚТАР ТЕСТІЛЕУДЕН ТІКСІНБЕЙДІ

Білім сапасы – оқушының тынымсыз еңбегінің, ұстаздың шығармашылығы мен ізденісі, жүйелі жұмысының нәтижесі екені сөзсіз. Қалай десек те, осы сапа көрсеткіші Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен бағаланып келеді. ҰБТ мектептің, мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың он бір жылдық оқу кезеңінде атқарған күллі қызметіне баға беретін өзіндік бір ерекше шара болып отыр. Бұл баға оңды болуы үшін көп көлемде күш-қуат жұмсалады.

Биылғы тестілеу «Бір оқушы – бір компьютер – екі бейнебақылау камерасы» қағидасы бойынша өткені белгілі. Электронды форматта 16 мамыр мен 5 шілде аралығында ұйымдастырылған ұлттық сынаққа Тараздың 55 мектебінен 2 167 оқушы қатысты. Бұл жалпы түлек атанған 2 702 мектеп бітірушінің 80,1 пайызын құрайды. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқандардың 83-і «Алтын белгіге», 106-сы «Үздік аттестатқа» бітірді. ҰБТ тапсырғандардың 776-сы шығармашылық, 1 391-і бес пән бойынша тест тапсырған. Нәтижесінде 327 түлек 100-ден жоғары балл алды. 8 бітіруші 130-дан жоғары баллға қол жеткізсе, облыс орталығындағы ең жоғары көрсеткіш 134 және 133 балл болып тіркелді. Жалпы қала бойынша ҰБТ-дағы орташа балл 90,1 болып, 202 жылдан 10, өткен жылдан 0,4 баллға жоғары нәтиже көрсетті.

ҮЙІРМЕЛЕРДІҢ ҮЙРЕТЕРІ КӨП

Баланың жан-жақты сауатты, салауатты, өнерлі де талапты болып қалыптасуы жолында үйірменің үйретері көп. Қолы қалт еткенде пайдалы іспен шұғылданса, өзі үшін де, ата-анасы үшін де қажет. Бұл ретте шаһардағы 61 мектепте 373 спорттық үйірме жұмыс істеп тұр. Онда 25 202 оқушы түрлі спортпен шұғылданып жүр. Ал мектептен тыс спорт мектептеріндегі 431 секцияға 8 762 бала тартылған. Тараздық тарланбоздардың жетістіктері де жоқ емес. Мысалға қала оқушыларының құрама командасы 2021-2022 оқу жылы облыстық жарыста – 21, республикалық жарыста 4 жүлделі орындарды иеленген.

Бұдан бөлек, облыс орталығында мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында 16 652 оқушы қосымша өнер түрлерін үйренуде.

«МЕЙІРІМ» МЕЙІРІМІНЕ БӨЛЕУДЕ

Қоғамда балалардың тең дәрежеде білім алуына әлеуметтік жағдайы да әсер ететіні даусыз. Олардың бәсекеге қабілетті болып өсуі үшін жан-жақты қолдау қажет-ақ. Осы тұста облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мейірім» жобасы үйлесімді жүзеге асып жатқанын айтсақ болады. 2020-2021 оқу жылының басында қолға алынған жобада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау шаралары қаралған еді.

Бүгінгі таңда Тараз қаласының білім ошақтарында бұл санаттағы 460 бала білім алады. Оның ішінде қорғаншылықта – 362, патронаттық тәрбиеде – 75, қабылдаушы отбасында – 5, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 18 бала тәрбиеленуде. Жоғарыда аталған «Мейірім» жобасы аясында «Отбасы банкінде» 460 баланың 400-іне арнайы есеп- шоттар ашылған. 60 балаға есепшот ашылу жұмыстары жүргізілуде. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 120 демеушімен жұмыс жүргізілген. Бүгінгі күні «Мейірім» жобасы аясында 350 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер, ірі кәсіпорындар мен білім беру мекемелер демеушілігімен 4 миллион 150 мың теңгеден астам қаражат аударылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» аталған биылғы Жолдауында да білім беру ісіндегі бірқатар мәселелерді көтерді.

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.

Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс.

Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет.

Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», – деген Президент бұл саладағы сан жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілдерді тізбектеп қана қоймай, шешілу жолдарын да ұсынды. Қазірдің өзінде атап көрсетілген бағыттар бойынша шаралар легін жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Бұл бағытта Тараз қаласында да қыруар жұмыс жүргізілетіні айдан анық. Осы орайда бағындырған белестері биік білім бөлімі жоспарлы, жүйелі ісін жалғастырып, бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізеді деп сенеміз.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Comments (0)
Add Comment