Білім бе, әлде бизнес пе?

Жыл басынан 8 мектеп жабылды

Бүгінде баласының болашағын ойлаған ата-ана ұл мен қызын жекеменшік мектептерге жетектеп, ақылы оқытуды әдетке айналдырды. Оған себеп – ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, жоғарғы балл жинау. Осылайша әке-шеше мемлекеттік мектептерден гөрі, жекеменшік оқу орындарында білім беру сапасы жоғары деп сенеді. Алайда сол мектептер білім беруді емес, пайда табу көздеп, сан соқтырып жатса не дерсің?

Білімді емес бизнесті, ұлтын емес құлқын ойлаған мұндай мектепке қатысты жуырда шу шыққан. «Инноверс» атауымен айдарланған жекеменшік мектеп балаларды бір тоқсан оқытып, одан кейін есігіне қара құлып салады. Бұл жағдайға аң-таң қалған ата-ана мектеп алдына жиналып, жан айқайын білдірген. Кейіннен белгілі болғаны аталған білім орнының оқу ісін жүргізуге құқық беретін құжаты болмай шыққан. Осылайша 250 бала далада қалған еді.
Сол кезде шырыл қаққан ата-ана білім беру мекемесіне алданғандарын ашына жеткізген болатын.
– Мектеп деп бізді алдап отыр. Шын мәнінде мектеп емес, орталық болып шықты. Егер осы жағдайды ертерек айтқанда біз лицензиясы бар дұрыс мектепке баламызды апарар едік. Енді міне, не оқу жоқ, не баламыздың табелі жоқ далада қалып отырмыз. Бұрынғы мектебіне де алмай отыр. Себебі баламыздың бірінші тоқсанды оқығандығы туралы табелі жоқ. Осындай заңсыз білім ошақтарының жұмыс істеуіне қалай ғана рұқсат берілген, – деп Тараз қаласының тұрғыны Айсұлу Алтаева жанайқайын жеткізген.
Осылайша шу шығарған ата-ананың алдына Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова шығып, жиналғандарға басу айтқан еді.
«Тараз қалалық білім бөлімі мемлекеттік балабақшалар мен мектептерге жауап береді. Ал жекеменшік мектептер мен балабақшалар Астанадағы республикалық қаржы орталығымен қаржыландырылады. Бұл жеке мектеп болғаннан кейін біз көп нәрсеге араласа алмаймыз. Алайда осында оқыған балаларды шаһардағы мектептерге орналастыруға бар күшімізді саламыз, – деген еді Раушан Пернешқызы.
Міне, осы оқиғадан кейін үш жеті өтті. Қазіргі жағдайды білмек мақсатта облыстық білім басқармасына хабарласқанымызда олар барлық бала шаһардағы мектептерге орналастырылғандығы туралы ақпарат берді. Бұл әрине жанға жылу беретін дүние. Алайда бала қабылдауға ешқандай құқығы жоқ мұндай жекеменшік мектептердің жұмысына қалай рұқсат берілуде? Және бұл қалада орын алған бір ғана жағдай ма? Бұл сауалмен енді білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне қайырылдық.
– Жалпы жекеменшік мектептерді арыз-шағым түсепесе біздің тексеруге құқығымыз жоқ. «Инноверс» орталығына келер болсақ, ол білім ордасының үстінен хаттама толтырылды. Лицензиясы болмаса да бала қабылдағаны үшін сотқа бердік. Айыппұл да жазылды. Енді тек сот үкімін күту қажет.
Негізі мұндай келеңсіздіктерге көп жағдайда ата-ананың ұқыпты болмауы ұрындырып жатады. Туыс не таныстарынан естіген жекеменшік мектепке баласын жетектеп апарып береді. Алайда, ол қандай мектеп, құжаттары дұрыс па, ол жағын көп ата-ана ойламайды. Содан барып соңы айқай-шуға ұласып жатыр.
Бұл биылға анықталған жалғыз мектеп емес. Жыл басынан бері лицензиясыз жұмыс істеген 8 мекеменің жұмысын тоқтаттық. Оның 6-на сот шешімі шығып қойды.
Бұл бағыттағы жұмыстар бұнымен тоқтамайды. Егер заңсыз әрекеттерді ата-аналар байқап, бізге хабар берсе, біз ол мекемені толықтай тексеріп шығамыз, – дейді департамент басшысы Мұхит Аманқұлұлы.
Иә, байқап тұрсақ бұл өңірде орын алып отырған бірінші жағдай емес екен. Демек, не білім, не құзырлы органдардың көзіне ілікпей көлеңкелі кәсіптің көрігін қыздырып отырғандар бар деген сөз. Ал білім сапасына жауапты департамент оларды өздігінен тексере алмаса, онда бұл бағытқа құзырлы органдарды мықтап жұмылдыру керек. Сонда талай былық пен қулықтың су бетіне қалқып шығатыны анық.
Бұл тұста тағы бір айта кетерлігі, басы дауға қалған жекеменшік оқу орнына ата-ана әр балаға 40 мың теңгеден төлеген. Кейбірі тіпті бір жылдық төлемін алдын-ала жасап қойған. Міне, осы қаржыны да сот үкімі ата-анаға кері қайтарады деген сенім мол. Әйтпесе, ай күннің аманында қаржыдан қағылу кімге болса да оңай соқпасы анық.
Ресми мәліметке сүйенсек, қазір облыс көлемінде 56 жекеменшік мектеп жұмыс істеп жатыр екен. Алайда «Инноверс» сынды қанша орталықтың бар екені белгісіз. Себебі олардың есебін жүргізу Білім басқармасының құзыретіне кірмейді. Сондықтан өңірде әлі қанша білім беру орталығы «жұмыртқадан жүн қырқып», балға бармақ батырып отырғанын тап басып айту қиын. Бәлкім білім сапасына жуапты департаментке осы орталықтарды толықтай тексеріп шығуға құзырет берілсе, шырмауықтай шырмалған «індеттің» тамырына балта шабуға болар ма еді?
Әлбетте, бұл тек Жамбыл облысында орын алып отырған жағдай емес. Мұндай орталықтар бүгінде барлық өңірлер мен қалаларда ашылған. Мүмкін, республика бойынша жекеменшік мектептер мен орталықтарды тексеріп шығуды бір мекемеге жүктеген жөн болар. Сол кезде тек сапалы білім ошақтары қалып, қалғандарына тұсау салынады. Ал одан ұрпақ ұтпаса, ұтылмасы анық.

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment