Білім баспалдақтары

«Жастар» аллеясы «Білім» алаңында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 1 қыркүйек – Білім күніне орай салтанатты жиын өткізді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

«Білім» алаңына асқақ армандарын арқалап жеткен студенттердің жүзі бал-бұл жайнап тұр. Құшағы гүлге толған ұстаз бен шәкірттің бір-біріне деген ыстық ықыласы мен сағынышын құшақ-құшақ гүлдер жеткізіп жатты. Бұл салтанатты кешті «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультетінің студенттері Дария Кенчинбаева мен Айбол Құрманалиев жүргізу құрметіне ие болды. Салтанатты басқосуды университет ректоры, п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков ашты.
– М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде заман талабына сай сапалы білім, саналы тәрбие алуға, таңдаған мамандықты жан-жақты игеруге, ғылыммен, спортпен және шығармашылықпен айналысуға толық жағдай жасалған. Біз өткен оқу жылын жақсы көрсеткіштермен, жоғары жетістіктермен аяқтадық. Еуропа Ғылыми-өнеркәсіптік палатасының «Academic Ranking – European Standart ARES-2019» рейтингінде 95 қазақстандық ЖОО-ның ішінен 8-ші орынға жайғасып, «А» мәртебесіне ие болды. Қазақстанның инженерлік білім Ассоциациясының институционалды рейтингінде 5-ші орынды иеленді. Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінің Ұлттық рейтингінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті көпсалалы жоғары оқу орындары арасында 7-ші орынға ие болды. Мұнымен қатар университеттің 5 бірдей білім бағдарламасы республика деңгейінде көш бастап тұр. Айта берсек, жетістігіміз көп. Профессор-оқытушы құрамының, студент жастардың жыл бойы оқуда, ғылымда, спортта, басқа да шығармашылық салаларда қол жеткен табыстары да жетерлік. Жас буынды оқытып, тәрбиелеуге және жоғары деңгейдегі мамандар даярлауға қосқан үлкен еңбегі, шығармашылық ізденістері үшін ұстаздар қауымына алғыс айтамын. Барлық ұстаздар мен қызметкерлерге, студенттер мен магистранттарға, докторанттарға алдымызда тұрған қыруар істерді, батыл жоспарларды жүзеге асыруда сәттілік тілеймін. Жаңа оқу жылы бәріміз үшін университетіміздің игі дәстүрлерін, озық істерін абыроймен жалғастыратын ілкімді ізденістер, жарқын жетістіктер жылы болады деп сенемін. Жастарымыз белсенді, ертеңіміз еңселі болсын! – деді өз сөзінде университет ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков.
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша 1-курс студенттерін студент қатарына қабылдау рәсімі де мектеп қабырғасынан жаңа ғана түлеп ұшқан жастар үшін сәтті өтті. Символикалық білім кілті Алтын белгі және мемлекеттік білім грант иегері, «Технологиялық» факультетінің «Дизайн» мамандығы бойынша 1-курс студенті Әнел Тәжібаеваға, символикалық студенттік билетті мемлекеттік білім грант иегері, «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 1-курс студенті Алдиярбек Жазылбекке табыс етілді. Олар 1-курс студенттері атынан Студенттік ант қабылдады.
Салтанатты жиын көк аспанды түрлі түске бояп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған мерекелік отшашумен аяқталды. Білім ұясындағы ерекше күндер, айрықша сәттер әрбір студенттің жүрегінде ыстық естелік болып жатталып қалары сөзсіз.

Comments (0)
Add Comment