Білім басқармасы мектеп оқушыларының арасындағы төбелестің мән-жайын айтты

Маңғыстау облысы Білім басқармасы Ақтау қаласында мектеп оқушыларының арасындағы төбелестің мән-жайын айтты,деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі nege.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтау қаласындағы №20 мектепте 9 «ә» сынып оқушысы мен 9 «в» сынып оқушысы арасындағы төбелес болған. «Биыл 11 қарашада сағат 10:20 шамасында Ақтау қаласы 28-ші шағын ауданда орналасқан М.Әуезов атындағы №20 жалпы білім беру орта мектебінің екінші қабатында орналасқан әжетхананың ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер сөзге келіп қалып, бір-біріне төбелес үстінде дене жарақатын салған», – делінген басқарма мәліметінде. Оқиға орын алған күні мектептегі 2 қабаттың кезекші мұғалімі әжетханадағы дыбыстарды естіп барғанда, есінен танып құлап жатқан оқушыны көрген. «Мектеп әкімшілігі оқушыға алғашқы көмек көрсетті. Оқиға мектеп инспекторы мен оқушылардың ата-аналарына ескертілді. Мектепке жедел жәрдем шақыртылды», – делінген хабарламада.

Кейіннен, баланың басына ауыр соққы жасалғаны және жағы сынғаны анықталды. «Сол күнгі кезекші мұғалімнен, сынып жетекшілерінен аталған оқиға бойынша түсініктеме алынды. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған оқиға бойынша № 20 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына тәртіптік шара ретінде «сөгіс» жарияланды. Оқушыға қатысты мәселе Ақтау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясында қаралады. Комиссияның уақыты мен күні қосымша тараптарға хабарланады», – делінген басқара мәліметінде.

Comments (0)
Add Comment