Біліктілігін арттыру мұғалім үшін маңызды

Ұстаз – мектептің жүрегі. Бүгінгі ұстазға қояр талап жоғары. Ол өз ісінің нағыз маманы болумен қатар әр оқушымен жеке жұмыс істей алатындай психолог та бола білу керек. Әрине, әр оқушыға біліммен қатар, дұрыс тәлім-тәрбие беру, оқуға деген ынтасын арттырып отыру мұғалім үшін оңай емес. Бұл мақсатқа жету үшін ұстаз өзін үнемі дамытып, білімін шыңдап отыру керек.

Осы орайда жуырда ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» акционерлік қоғамының мұрындық болуымен Шу ауданы мұғалімдеріне арналған екі апталық курс өткізілді. Курстың тақырыбы: «Бастауыш сынып мұғалімдерінің «Математика», «Қазақ тілі» және «Әдебиеттік оқу» сабақтары  бойынша пәндік құзіреттілігін дамыту».

Бүгінгі оқу бағдарламалары бұрынғыдан өзгеше. Оқушының логикалық ойлау қабілетін дамытуға, берілген тапсырмаларды өзі орындап шығуға басымдық беріледі. Ал мұғалім дұрыс бағыт-бағдар көрсету керек. Дегенмен, бастауыш сыныптағы балалар үшін бұл оңай емес. Балаларға жан-жақты түсіндіріп әрі қызығушылықтарын оятып отыру керек.

Екі апталық курста математика, қазақ тілі және әдебиеттік оқу пәндерінен  жаңартылған білім бағдарламасы бойынша оқыту жайы жан-жақты түсіндірілді. Бағалау критерийлері, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай тапсырма беру, сабақта барлық балаларды бірдей қамту деген сынды мәселелер бойынша керек кеңестер берілді. Білікті ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Аталмыш курс барлық қатысқан мұғалімдер үшін қажетті әрі маңызды болды деп есептеймін. Мұнда біліктілігімізді шыңдап қана қоймай, аудандағы басқа да әріптестерімізбен танысып, бір-бірімізбен тәжірибе, ой алмастық. Әр қатысушының өз айтары, ұсыныстары мен кеңестері де болды. Бұндай курстар арқылы мұғалімнің ой өрісі кеңейіп, жұмысына деген жауапкершілігі артып, мамандығына сүйіспеншілігі еселене түседі. Курстағы жетекшіміз – тәжірибелі ұстаз Жұлдыз Сұлтанқызы екі апта бойы өз білгенімен бөлісті.

Иә, технология дамыған, әлеуметтік желінің түр-түрі жайлаған уақытта оқушылардың ойы сан-саққа бөлініп жатады. Балалардың сабаққа деген ынтасы төмендеп, қызығушылығы болмай қалады. Бұндай уақытта ата-ана, ұстаз бірге жұмыс істеп баланың қызығушылығын, сабаққа деген ынтасын бірге оятуымыз керек. Зиян мен пайдалы дүниелердің ара-жігін ажыратуға үйретуіміз керек. Тек бірлесе жұмыс істегенде ғана жақсы нәтижеге жетеміз. Бала психологиясы өте күрделі әрі нәзік. Сыныптағы барлық баламен бірдей жұмыс істеп, әр баланың ерекшелігін біліп, оның білім алуға деген құштарлығын арттырып отыру ұстаз үшін үлкен жұмыс. Осы мақсатта ол үнемі ізденіс үстінде, даму жолында жүреді.

Жаңа білім беру бағдарламасы бойынша өткен курс нәтижесінде қатысқан мұғалімдерге сертификаттар табысталды. Қатысушылар жетекші мен дәріс оқыған барлық мамандарға өз алғыстарын білдірді. Алдағы уақытта  білім мен біліктіліктерін шыңдау үшін осы сынды өзге де курстар ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді.

 

 

Меруерт Әбсәт, Ораз Жандосов атындағы орта мектептің

бастауыш сынып мұғалімі.

Шу ауданы, Шоқпар ауылы.

 

Comments (0)
Add Comment