Таразда заманауи спорт кешені ашылды

Таразда гимнастика және үстел теннисіне арналған спорт кешені пайдалануға берілді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

 Заманауи үлгідегі спорт нысанында тәулігіне 600 адам спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Құрылыс алаңы 4000 шаршы метр болса,  көркем гимнастика және үстел теннисіне арналған екі залдың көлемі 2 460 метрді құрайды. Спорт кешенінің ашылу салтанатына барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нысанды аралап, жас спортшыларға табыс тіледі. Сондай-ақ құны 1,5 миллиард теңгені құраған кешеннің құрылысына демеушілік еткен «Тараз Строй 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейрбек Жүнісовке Алғыс хат табыстады.

Сонымен екі қабаттан тұратын нысанның төменгі бөлігінде спорт залдары орналасса, жоғарыда шынығуға арналған залдар қарастырылған.

Кешеннің ашылу салтанатында үстел теннисінен спорт ардагері Анатолий Гончаров, акробатика және бутуттағы гимнастикадан спорт ардагері Ольга Назарова жамбылдық спортшылардың жетістігін айтып, үстел теннисі мен гимнастиканы шебер меңгерген талантты жастардың толқыны келе жатқанын мақтанышпен айтты. Иә расында облыс споршылары былтыр түрлі республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде 697 медаль еншілеп, абыройымызды асқақтатты. Сондай-ақ 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 92 спорт алаңшасы ашылған-тын. Ал биыл облыста 10 дене шынықтыру сауықтыру кешені мен 62 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланыпты. Бүгінде сол межелі міндетті жүзеге асыруға көп көңіл бөлінуде.

Айталық, бүгінде облыста үстел тенниісмен кәсіби деңгейде айналысатын 640 спортшы болса, гимнастиканың  акробатика, батуттық гимнастика және көркем гимнастика сынды түрлерін үйренуге бел буған жастар да аз емес. Кәсіпқой жастардың қатарында үстел теннисінің шебері, Dulaty университетінің студенті Айдос Мұқашев та бар.

–Үстел теннисімен айналысып жүргеніме бес жылдан асты. Осы уақыт аралығында ел чемпионаттарында олжалы болып, әлемдік додаларда бақ сынадық. Ол кезде «Тараз-Арена» спорт кешенінде жаттығатынбыз. Енді жаттықтырушылар мен спортшылар кең әрі халықаралық талаптарға сай заманауи үлгідегі спорт кешеніне келіп, қуанып қалды. Жеке бапкерім Кәрім Құдайбергенұлы да осында. Енді біз желтоқсан айында Бахрейнде өтетін Азия чемпионатына қызу дайындалудамыз. Сәтін салса, ел қоржынына олжа саламыз деп ойлаймын,– дейді спортшы.

  Еліміз егемендік алған отыз жылдың ішінде сан-салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Жыл сайын спорт саласына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Бұған ел спортшыларының әлемдік ареналарда табысты өнер көрсетіп жатқаны дәлел. Енді тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ашылған спорт кешенінін ел мерейін үстем ететін бабы келісіп, бағы жанған жастар шығады деген үміттеміз.

 

Comments (0)
Add Comment