Білікті маман – ұлт болашағы

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Білікті маман – ұлт болашағы» атты диплом тапсыру рәсімі өтті. Колледж түлектері өздерінің кәсіптік білімдерін табысты іске асырып, мемлекеттік құрылымдарда, еліміздің компанияларында, басқару салаларын дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүр. Енді міне, солардың қатарын биылғы бітіруші түлектер толтырмақ.

Салтанатты кешке колледждің педагогикалық ұжымымен қатар, Сәулет өнері, Туризм, Жерге орналастыру, Ақпараттық жүйелер, Радиоэлектроника және байланыс, Есептеу техникасы, химия-технология, Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, Автоматтандыру және басқару мамандықтарының түлектері мен ата-аналары қатысты. Шара шымылдығы колледж қызметкерлерінің орындауындағы «Мен сені сүйем Қазақстан!» атты әсем әнмен түрілді.
Жалпы 2021-2022 оқу жылында колледжді «Сәулет өнері» мамандығы бойынша 25 жас тәмамдаса, оның 10-ы үздік диплом иегері атанды. Сондай-ақ, «Туризм» мамандығы бойынша – 32, «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша – 26, «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша – 86, «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығы бойынша – 24, «Есептеу техникасы» мамандығы бойынша – 45 түлек колледжден түлеп ұшты. Олардың арасында үздік дипломға қол жеткізгендер де баршылық.
Жиын барысында алғашқы құттықтау сөз Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Дүйсен Абдраимовқа берілді.
– Қолға диплом алып, ересек өмірге басқан қадамдарыңыз құтты болсын! Түлектердің алар асу, шығар шыңдары биік болсын! Өздері қалаған мамандықтың жетітігіне жетіп, өрлей берулеріңе шын жүректен тілектеспіз – деген Дүйсен Исахметұлы түлектерге маңызды құжатты салтанатты түрде табыс етті.
Екі күнге жалғасқан шараның соңы түлектердің концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment