Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановпен кездесті.
Аймақ басшысы еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын университеттің жаңа басшысының ректорлық қызметке тағайындалуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесу барысында ректор университеттің оқу үдерісін жетілдіру, білім беру сапасын арттыра түсу және өзге де бірқатар мәселелерді шешуге қатысты жоспар-жобасы туралы баяндады. Ол білім беру бағдарламалары облысты кешенді даму жоспарына сәйкес жүзеге асатын жеткізді.
Сондай-ақ университеттің оқытушылар құрамын жалпы штаттың 60 пайызына жеткізу, олардың орташа жасын төмендету, жалақыны көтеру, кадрлық реттеулерде сапаға айрықша көңіл бөлу, жас ғалымдар мен дарынды балаларды қолдау, материалдық-техникалық базаны нығайту, студенттерді жатақханамен қамту секілді мәселелер де назарға алынды.
Облыс әкімі жастар тәрбиесінің өзектілігін алға тартып, бұл ретте жергілікті тиісті салалық басқармалармен бірлескен жұмыстарды жүйелі әрі жемісті жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Жыл сайын облыс аумағында салынып жатқан жаңа мектептерге білікті мамандар даярлауда жергілікті жоғары оқу ордасының атқарар рөлін айрықша атап өтті.
Аймақ басшысы өзі және орынбасарларының студенттермен еркін форматта кездесуге, лекциялар оқуға қашанда дайын екендігін тілге тиек етті.
Жұмаш Жолболды