Білікті комиссия мүшесі – әділ сайлаудың кепілі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында жолдаған құттықтау хатында «Қазақстанда жан-жақты реформалар кезеңінде сайлау заңнамасын үнемі жетілдіріп отыруға баса мән беріледі» деген болатын.

Мемлекет басшысы атап өткендей сайлау әділетті өту үшін комиссия мүшелерінің қызметі қашанда маңызды. Осыған орай күні кеше «Шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өткізудің теориялық және практикалық негіздері» тақырыбы бойынша округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренинг өтті.
Басқосу барысында «Мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты белгіленген нысандағы хаттамаларды және журналдарды толтыру туралы және дауыс беру күнгі құжаттар, оның ішінде актілермен жұмыс жасау тәртібі туралы», «Сайлаушылар тізімімен жұмыс және тізімге енгізу тәртібі туралы және Ережеге сәйкес сайлау құжаттарын қаттап жоғары тұрған комиссияға өткізу және дербес деректерді жою тәртібі туралы», «Байқаушылар, БАҚ өкілдері және сенім білдірген адамдардың қызметін қамтамасыз етудің алгоритмі және дауыс беру үй-жайындағы тәртіп ережелер нормасының сақталуын қамтамасыз ету алгоритмі туралы», «Мәслихат депутатын сайлау кезінде дауыс беруді ұйымдастыру, дауыстарды санау, қайта дауыс беру және сайлау қорытындыларын анықтау алгоритмі туралы», «Сайлау бостандығының кепілдіктері және сайлау комиссиясының әрекеттеріне шағым жасау, оларға қаралған құқықтық жауапкершілік туралы және төтенше жағдайда және арыз-шағымды қарауға бағытталған алгоритм туралы», «Мүгедектігі бар сайлаушыларға дауыс беруді ұйымдастыру алгоритмі туралы» тақырыптары бойынша дәріскерлер жан жақты түсіндірді.
Семинар соңында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері біліктілігін арттыруға арналған тақырыптар аясында тестілеуден өтті.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment