Білікті комиссия – әділ сайлаудың негізі

Тараз қаласында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту-семинар өтті.

Шараны Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларды семинардың мақсат-міндеттерімен және күн тәртібімен таныстырды. Одан кейін комиссия төрағасының орынбасары Талғат Жамалов сөз сөйлеп, жиынның негізгі мазмұнына тоқталды.
– Бүгінгі басқосудың басты мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелеріне сайлауды ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздерін түсіндіру, сайлау заңнамасын іс жүзінде қолдану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ кәсіби құзыреттілікті арттыру. Алдымызда 26 қазан күні облыстық мәслихаттағы бос орындарға сайлау өтеді. Қазіргі таңда үміткерлерді тіркеу жүріп жатыр, сондықтан нақты саны әлі белгісіз. Дегенмен, комиссия жұмысы заңмен реттеледі. Егер комиссия мүшесі бекітілген ережелерді бұзса, дәлелденген жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске саламын, – деді Талғат Салқанұлы.
Семинар барысында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері он топқа бөлініп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, өз білім-біліктілігін сынға салды. Келесі бөлімде облыстық сайлау комиссиясының мүшелері «Сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің кейбір мәселелері», «Сайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу, үгіт, ұлттық байқау және әлеуметтік желілерді әкімшілендіру», «Сайлау тәжірибесі: алдыңғы науқандардағы өзекті мәселелер мен дағдарысқа қарсы коммуникациялар», «Сайлауды қаржыландыру түрлері», сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген жауапкершіліктер» тақырыптарында дәрістер оқыды.
Семинар соңында қатысушылар барлық қарастырылған тақырыптар бойынша тест тапсырып, алған білімдерін бекітті.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment