Шерхан Мұртаза «Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деп журналистерге баға берген. Ойы орамды, сөзге алғыр тілшілердің қаламынан құйылған түйінді шындық, тың ақпарат билік пен бұқараны байланыстырып тұр. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күні. Мереке қарсаңында оқырмандарын қаланың тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, жаңалықтың жаршысына айналған «Jambyl-Taraz» газетінің тілшілері журналистика саласына келгендегі қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Мен қалай жұмысқа тұрдым?
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясына алғаш қадам басқан күн еді. Күлімдеп қарсы алған директор-бас редактор Эльмира Мырза-Ғали тапсырманы әріден бастады. Көне шаһарға «Жігіттер» квартеті келіп, ән кешін өткізгелі жатқан еді. Әнін барша қазақ сүйіп тыңдап жүрген танымал топтан сұхбат алып келуді бұйырды. Және де әншілерден сұхбат алудың амалын таппасам, жұмысқа тұра алмайтыным да қатаң ескертілді.
Жұмыстың қадірі артып тұрған тұста қапияда қапы қалмайын деген ниетпен нар тәуекел етіп, «Жігіттер» тобының концерті өтетін қоңыр кешке асқан толқыныспен аттандым.
Жақұтқа оранғандай жалт-жұлт, жарқ-жұрқ қымбат костюмі көздің жауын алған төрттіктің төбесі көрінгенде сұхбаттың ауылы алыс екенін ұқтым. Алайда қалайда жұмысқа тұрудың амалын ойластыра бас-тадым. Әсем әуен бойды шымырлатып, көкке көтерді. Халықтың қошеметіне бөленген жұлдыздармен суретке түскісі келетіндердің қарасы неткен көп. Ығы-жығы. Орындық жетпеген соң, тікесінен тік тұрған адамда есеп жоқ. Сүйікті әншілерінің әніне елітіп, бір жылап, бір күлген көрермен алға бір адым бастырмады. Сөйлесуге мұрсат жоқ. Ту-ту алыстағы көз ұшында тұрған төртеудің әні жанымды қанша тербеткенімен, тілдесудің амалын іздеп, әуреге түстім. Кенет өз ойымнан өзім қуақылана жымиып, ойлап тапқан әдісіме риза кейіпте ақ қағаз бен қалам алып отыра кеттім.
Дәл қазір хат мәтіні ойымда болмағанымен, ойдым-ойдым ой айтып, сөз маржанын моншақтап тергенім есімде. Төрттікке арналған үшбу хатты әрлеп, әлемдегі ең асыл, ең ыстық сөздермен көркемдей түстім. Бойымдағы бар қуатымды сарқып, қаламымның ұшына құйып, қиялыма қанат бітірдім. «Жігіттердің» орындауындағы әр ән жүректің төрінен орын алатынын айта кетіп, әр жүректе маздап жанып тұрғанын жеткіздім. Иә, толассыз жауған хаттың арасында елеусіз ғана сахнаға жол тартқан үшбу хатым да менің жанымның бір бөлшегіндей сахна төріне қарай алыстап бара жатты.
Кеш кезегі хатқа берілген келелі сәтте «Жігіттер» төрттігінің әншісі әр хаттың сөз төркініне көсіле тоқтап, шешіле жауап беруге уақыт тапшы екенін ескертті. Әр бума қағазды алақанына алып, толық мәнін түсіндіріп оқып бермесе де, аз-кем жауап беріп жатты. Кенет әлдебір хат қолына тигенде топ мүшесі, әнші Бағлан бір сәт үнсіз тұрып қалды да, сәлден соң орнынан ұшып тұрып:
– Құрметті көрермен! Мұнда бір ерекше хат бар екен. Ол хаттың мәтінін толық оқып бермесек болмас! – деп хатты оқып бергенде, жұрт қиқулап орнынан тұрып кетті. Сол сәт топ мүшесі Бағлан:
– Сөзі бөлек, мағынасы мен мәні ерекше хаттың иесін сахна төріне шақырамыз, – деп қошемет білдірді.
Сахнаға шығып, халықтың ілтипатына бөленген соң: «Мен бүгін сіздерден сұхбат алсам, жұмысқа тұрамын», – деп жиналғандарды ду күлдірдім. Сыр мен сұхбатқа уақыты тапшы топ сол күні жадырай күліп маған сұхбат берген еді. Газеттің келесі санында «Жігіттер» квартетінің бір беттік сұхбаты жарқырап шықты. Мен сөйтіп осыдан 8 жыл бұрын «Jambyl-Taraz» газетіне тілші болып жұмысқа тұрған едім.
Журналист болу арманым еді
Сәндібек Піренов
«Қытымыр қыстың ызғарлы күні еді. Өңі бозарған жаяу жүргіншілер бір ентігіп, бір тоқтап, бас киімін қағып, қайта шапшаң басып, межеге жеткен жерінен жылынып алуды іштей ойлап жүрген болса керек-ті. Кітапхана терезесінен тыстағы көріністі бақылап мен отырмын. Кенет көше қиылысындағы бағдаршамнан әзер өтіп, кейін жас баладай қайта-қайта жерге бірнеше рет аунап алған біреуді байқап қалдым. Жаңа туған бұзаудай аяғы дір-дір етеді». Университетке оқуға түскен жылы осы бір бейкүнә жанның мүсіні көз алдымда қылаң берген соң, шағын әңгіме жазғаным бар. Құр жүрмей, бір-екі шимай-шатпағымды университеттің газетіне апарып, сосын газет бетіне басылып шыққанша күтіп жүретінмін. Содан не керек, бір күні сол газеттің редакторы ардагер журналист Болат Мәуленовтің алдына бардым. Мені шақырғандағы мақсаты – сабақтан тыс уақытта оқу орнының ішкі тыныс-тіршілігінен хабардар студент іздепті. Мен редакцияға сабақтан тыс уақытта ғана келетіндіктен, марқұм атамыз «балам, келдің бе?» деп жиі жылы қабақ танытатын. Денесін тік ұстап, ауырса да сыр білдірмейтін нағыз серінің өзі еді. Менің журналистика саласының шебері болсам деген бала арманымның лебі ұйымшыл әрі шебер журналистер жиылған ортаға топ еткізіп түсіргендей болды. Студенттік шақтың өзі оқу орнындағы, жатақханадағы естен кетпес ескі шақтармен ойға оралатын болса, менің естеліктерімде жұмыстағы әр қызметкердің мызғымас бейнелері қалған-ды.
Әні-міне дегенше бір жылды артқа тастадық. Екінші курстың екінші жартыжылдығында облыстық «ARAI» жастар газетінен практикадан өтетін болдым. Сонда ғана университеттен алған тәжірибемнің пайдасы орасан екенін іштей түйсіндім. Ұжымдастарға іштей алғыс айттым. Дәл осы редакцияда газеттің бас редакторының орынбасары Тұрсынбек Сұлтанбеков жетекшілік етіп, бағыт-бағдар көрсетті. Тіпті кәсіби журналистердің жан-жақты зерттеу жүргізіп, түйінін тарқататын мақалалар жазуды тапсырғаны есімде. Жұмыссыздық мәселесі, қарттардың тағдыры, «халық емшісі» атын жамылған балгерлердің болмысы мақалаларымның өзегіне айналды.
Жаз айы, кезекті тапсырмамды нақтылап алған соң, қала аумағындағы 5-ші шағын аудандағы «құл базарына» бардым. Мұнда жас та, кәрі де бар. Айлығы мардымсыз болатын мемлекет ұсынған жалақыға телміріп отырғысы келмейтіндер жиылған орта. Ерлерді қоя беріп, жұмыс талғамайтын әйелдерді көргенде көзден моншақ жас жылт етеді. Балаларының қамы үшін ештеңеден тайынбайтын батыр аналар да еріккеннен осында келіп жүрген жоқ. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіредінің» боямасыз көрінісі. Сан ғасыр бұрын пайда болған құлдарды кәнігі базарға шығарып саудалайтын біз көрмеген дәуірді еске түсіреді. Тек бұл жерде істеген жұмысыңның, маңдай теріңнің ақысын өзге емес, өзің аласың. Бірер сағаттан кейін-ақ мұнда сауда қыза түсті. Жұмыс іздеп келген адамдардың саны азайды. Осы сәтте қымбат көлік тізгіндеген бір әйел келіп, ол да жұмыс ұсынды. Сонда жаны жұмсақ ағалар «сен көп жұмысты білмейсің ғой, сен бара бер» деп мені иығымнан демеді. Әлгі жерде өзімді қоярға жер таппай, «бұл жұмысты да істей алмаймын» деп әзер жауап бергенім бар. Қарап отырсам, журналистика мамандығы өмірдің өзін түсіндіруге септігін тигізгендей. Студенттік жылдардағы естен кетпейтін шақтарымның бұл бастамасы ғана болатын.
Кейін әні-міне дегенше соңғы оқу жылына да аяқ бастым. Бұл кезде университеттің газетінен біржола шығып, басқа жұмысқа барамын деп мақсат қойып, бекінгенмін. Қазан айында ауылдан келген бойда қалалық «Jambyl-Taraz» газетіне ат басын тіредім. Жақсы орта, шебер журналистердің ошағына келдім. Мұнда да бағыт-бағдар беріп отырған ұстаздарым аз емес-тін. Жалпы ұжымның маған сенім артқанына іштей қуандым. Қарап отырсам, уақыт сырғып өтіп, мұнда жұмысқа орналасқаныма да жарты жылдан асыпты. «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымымен бірге көрер жақсы күндер әлі алда деп ойлаймын.
Әрине, журналистика саласындағы алғашқы қадамның оңай болмайтыны белгілі. Тура тәй-тәй басып келе жатқан сәби секілдісің. Шалыс басасың, жаңыласың, жатырқайсың, өзіңді жат сезінесің. Осылай бір жолға түскеніңде, арғы жағадан әлдекімдер қол бұлғап шақырады. Барғың келеді, бірақ бармайсың. Көргің келеді, бірақ мән де бермейсің. Себебі осы саланың шебері болғың келеді және соған жетуге талпынасың.
«Сенен жақсы журналист шықпайды»
Арайлым Шабденова
Бала күнімнен журналист боламын деген арман менде болмады. Тіпті шығармашылық емтиханға да қатыспаған мен дипломдық тәжірибені газетте өттім.
Университет қабырғасында жүргенімізде, көгілдір экранның арғы жағында отырып жаңалық жүргізетін дикторларға еліктеп, өзімді жаңалықтың жүргізушісі ретінде көретінмін. Ол арман емес, мақсат болатын. Содан оқу ордасында белсенді болып, студенттік декан қызметіне де тағайындалдым. Түрлі шараларды ұйымдастырып, сахна төрінде жүргізуші болып та талай белестерді бағындырдым.
Екінші, үшінші курстарда жергілікті «Jambyl» телеарнасынан тәжірибеден өттім. Газетке келемін деген ой жоқ. Содан төртінші курста қалалық «Jambyl-Taraz» газетіне жолдама алып, редакцияға келдім. Қасымда группаластарым бар. Үш қызбыз. Эльмира Мырза-Ғали сол кездегі бас редактордың орынбасары Ерман Әбдиевті шақырып, бізді таныстырды. Қазақ бөліміне келгенде Ерман Қанжанұлы: «Талғат, Назгүл саған, Арайлым маған», – деді де, жұмысқа кірісіп кетті.
2014 жылы редакцияда бас редактор Болат Бекжанов еді. Болат ағамен бір кабинетте отырамыз. Менің алғашқы тапсырмам «Қайдасың, қазақ жігіті?» деген тақырыпта болды. Болат Үмбетәліұлы қалай жазу керек, қандай бағытта болатындығын түсіндіріп берді. Ал ол мақаланы дайындау барысында Тараз мемлекеттік университетінің бір шарасына барып, ақпарат жазып келдім. Бір беттік ақпаратты тексерген Болат Бекжанов қаламды алып, ақпараттың үстінен қатемді түзеп отырып: «Енді осылай жазып алып келсең, сенен жақсы журналист шықпайды», – деді. Қағазды қолыма алып қарасам, жазылған мақаланың үстінен Болат аға қайта жазып шығыпты. Ұялғаннан кірерге тесік таппаған мен өзіме іштей: «Ендігі мақаламда бұл қателіктерді қайталамаймын. Мен жақсы журналист боламын», – дедім. Сонымен арада бір жеті өткен соң, «Қайдасың, қазақ жігіті?» атты үлкен мақалам жарыққа шықты. Болат аға да, жетекшім болған Ерман аға да мақаланың жақсы шыққанын айтып, «сауатты журналист газеттен шығады» деп арқамнан қаққаны есімде.
Ақпан айында өндірістік тәжірибеге келген мені сәуір айында жұмысқа алды. Содан бері алты жыл өте шықты. «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» демекші, бұл жылдар ішінде талай рет қателестік, шалындық, үйрендік, тоқыдық. Әлі де білмейтініміз көп. Ең бастысы, мен мамандық таңдауда қателеспегеніме қуанамын. Жүрегіңнің қалауымен бар ынтаңды салып істеген жұмысыңның жемісі де тәтті.