Билік пен бұқара бір-бірін қолдауы керек

Ықылым заманнан бері адамзат баласы нені көрмеді?! Адамның қолымен жасалғаны бар, төтеннен келген тылсым қауіп-қатер бар, жетіп артылады және осының қай-қайсысы да кезегімен айналып соғып отырады.

Қалай болғанда да адамзат жоғалып кеткен жоқ, аман қалды. Жантүршігерлік сұмдық сұрапыл үрейге, тіктеп келген ажалға тек адам баласына тән күрескерлік рухының сабыр, төзім, ерік-жігер, пайым-парасаты сияқты құдіретті құндылықтарымен қарсы тұрды. Біздің ата-бабамыздан «бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» деген сөз қалған. Мұның астарында аспан айналып жерге түссе де өмір сүруді тоқтата алмаймыз, қасиетті Жер-ананы тастап кете алмаймыз деген ұстаным жатыр. Бұл бүгінгі таңда бүкіл әлемге жайылып бара жатқан коронавирус кезінде күнделікті күнкөріс салтымыздың, мақсат-мүддеміздің барлығынан үстем болуы тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесіндегі: «Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт», – деген ескертуін ертелі-кеш естен шығармауымыз керек. Ел-жұртқа қауіп төніп келе жатқанда, сол ең басты қазынамыздың тұтастай амандығы үшін таңды атырып, күнді батырып, күн кеше алмайтын болсақ, мына жарық дүниеде барар жер, басар тауымыз қалмай қалады. Мәселе осылай қойылып отырған сын сағатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан жүзеге асып жатқан шұғыл шаралар – білгенге дәл бүгін сүйенер жалғыз сенеріміз. Бізге қалатыны – ауа жайылатын алып-қашпа сөздерді айналып өтетін, тәртіпті Тәңірдей көретін, кісілікті кімге де тең көрсететін тектілікпен, үміт оты тең жанатын, тілек-ниеті тең түсіп отыратын абырой. Билік пен бұқараның бір мезгілде бір-бірін бірдей қолдап отыратын абыройы. Егер біз мына қиындықтарды еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ баса береміз десек, осыны қаперден шығармайық.

Реті келгенде айта кетпей болмас. Үкіметтің қаржылай көмегін айтқанда, кейбіреудің көрпені өзіне қарай тартқыштауы байқалады. Ананы қоя тұру керек, мынаны тоқтату керек. Бізге берілсін, әуелісі осында болмаса, мемлекеттің, халықтың күні шығып, айы батпайтын сияқты. Ел басына күн туған сәтте билік сен кәсіпкерсің, жұмысшысың, анаусың-мынаусың деп алалап, аласапыран жасай алмайды. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деу – біртұтастыққа сызат түсіретін, өткен шақ. Өніп-өсетін өркениетке жат қылық. Қоғамды бірер кәсіп иелері, мейлі, олардың мүмкіндіктері теңдей тасып жатса да құрай алмайды. Мемлекеттің көші халықтың біртұтастығымен ғана жасалады.

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус пандемиясының таралуына жол бермеу мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде Қазақстан халқына мәлімдеме жасаған болатын.

Онда Президент ең әуелі қысылтаяң шақта елорда мен Алматы қалаларында ғана емес, барлық өңірлерде карантинге қарсы сақтық шараларының күшейтілгенін айтып, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін «бүгінгі күннің батырлары» деп 3 ай бойы жалақыларына үстемақы төленетінін тілге тиек етті. Әрине, бұл дәрігерлерге артылған сенімнің орасан екенін айғақтайды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы күрделі кезеңде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және отандық бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстарға да ерекше тоқталды. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі коронавирус індетін толықтай жоюға бағытталған жұмыстар жөнінде болды. «Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, төзімділік және жауапкершілік танытайық. Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сондықтан жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын естен шығармауымыз ләзім.

Ақерке ТОҚБЕРГЕНОВА,
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының
акушер-гинеколог дәрігері

Comments (0)
Add Comment