Әбілхайыр Тамабек: Біз жаза бассақ, Мемлекет басшысына сын

Былтыр желтоқсан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүргізілген Президент жастар кадр резервінің қорытындысы жарияланып, 300 қазақстандық жас іріктеп алынған болатын. Қазіргі уақытта резервке енген жастар мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалып, жемісті жұмыс атқаруда. ҚазАқпарат тілшісі жобаға қатысып, 300 жастың қатарына енген Әбілхайыр Тамабектен сұхбат алып, бұл жоба оған қандай мүмкіндік бергенін, Жамбыл облысы әкімдігінің жердің пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалғалы қандай жұмыстар атқарылғанын сұрады.

«Президент жастар кадр резерві өтетіні туралы көп жарнамаланды. Мемлекеттік органдардың барлығына арнайы хат жолданды. Бастапқыда «Қатысып көруім керек пе, керек емес пе?», «өте аламын ба, әлде өте алмай қаламын ба?» деген ойлар болды. Біздің қоғамда оқыған, білімді, жан-жақты жастар көп, сол себепті өз-өзіме сын көзбен қарадым. Соңында қатысуға тәуекел еттім. Кадрлық резервке қатысуға қанша адам өтініш білдіргенін арнайы құрылған pkrezerv.kz сайтынан көріп отырдық. Ең басында өтінім білдіргендер 5-6 мың адам болса, кейін 13 мың адамнан асты. Қыркүйек аяғында тіркелу уақыты аяқталды. Сол кезде нақты 7 312 адам тіркеуден өткенін көрдім», – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек.

Ол аталған жобаның әр кезеңінен қалай өткенін айтты.

«Бірінші кезеңде тест түрінде 50 сұрақ берілді. 50 сұраққа 50 минутта жауап беру керексің. Бұл кезеңде жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай білу қабілетің бағаланады. Бұл кезеңнен сүрінбей өттім. Екінші кезеңге шамамен 900-ден астам адам өтті. Осы кезде менің бойымда келесі кезеңдерге өте аламын деген сенім, жігер пайда болды. Келесі кезеңде тест сұрақтарына онлайн режимде жауап бердік. Осы сынақтан кейін үміткерлер арасында 500-дікке ендім. Келесі кезеңде эссе жазу мен жобаларды қорғай білуімізді бағалады. Одан кейін қабілеттерді бағалау бойынша 6 сағаттан астам уақыт сынақтан өттік. Бұл кезеңнен кейін 34-орынға тұрақтағанымды білдім», – дейді ол.

Бастапқыда мыңдықтың қатарынан көрінуді де жетістік санаған Әбілхайыр Тамабек ондыққа кіру мүмкіндігі бар екеніне де көз жеткізеді.

«Соңғы кезеңде сараптамалық комиссияда сұхбаттасудан өттік. Осылайша ең соңында ұлттық комиссияның отырысының қорытындысымен кадрлық резервке алындым. Менің мемлекеттік қызметте жүргеніме 5 жылға жуықтады. Президенттік жастар кадрлық резерві құрамына кіру ел мен жерге қызмет етсем деген әрбір жастың арманы деп ойлаймын. Бұл – мемлекеттік қызметте жүрген жастар үшін ең жоғарғы меже», – дейді ол.

Ол Президенттік жастар кадрлық резерві құрамына кіргеннен кейін әртүрлі министрліктен, облыстық әкімдіктерден 60-тан астам қызмет ұсынылғанын айтты.Ұсынылған қызметтерді саралай келе таңдау жасап, биыл 28 қаңтарда Жамбыл облысы әкімдігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған.

«Қазіргі уақытта нақты бір жобаны іске асырып жатырмын деп айта алмаймын, себебі мен қызмет атқарып отырған орын – жобаларды жүзеге асыратын орын емес. Бұл – жер саласына қатысты заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін, бақылау, қадағалау функциясы бар мемлекеттік орган. Бұл басқарма аудан әкімдерінің жер қатынасы саласына қатысты қабылдаған шешімдерін тексеріп, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің игерілуі мен ұтымды пайдаланылуына қадағалау жасайды. Пайдалану мерзімі өткен, игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарамыз. Аудан әкімдерінің құқыққа сыйымсыз қаулыларының күшін жоюға нұсқама береміз», – дейді Әбілхайыр Тамабек.

Оның айтуынша, басқарманың құрылғанына 8 жыл болған. 2012 жылға дейін «Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстық өңіраралық жер инспекиясы» болып аталса, 2012 жылы Жамбыл облысы Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы болып бөлек шыққан.

«8 жыл бойы атқарылмаған кейбір функцияларды жандандырып, биыл кейбір көрсеткіштер бойынша алға шықтық деп айта аламын. Мысалы, кәсіпкерлік мақсатта берілген игерілмей жатқан жер учаскелері бойынша жұмыс өз деңгейінде атқарылмаған. Жамбыл облысында кәсіпкерлік нысандарға берілген жерді мемлекетке қайтару процесі тәжірбиеде болмаған. Биыл осы қызметке келгеннен кейін кәсіпкерлік нысандарға берілген жерді мемлекетке қайтару бойынша сотқа 5 талап-арыз беріп, 2 жер телімін мемлекетке қайтару бойынша Тараз қалалық соты басқарманың талап-арызын толық қанағаттандырды. 3 талап арыз сотта қаралуда. Әртүрлі себептерге байланысты 2013 жылдан бері жер қатынастары саласындағы әкімдіктер қабылдаған шешімдердің заңдылығына тексеріс жүргізілмеген екен. Біз биыл тексеру жұмыстарын жүргізуді қайта бастадық. Бір ғана Шу ауданының өзінде заңға қайшы 107 қаулының күшін жойылып, 13 474 жер мемлекетке қайтарылды. Жамбыл ауданында да сондай тексеру жұмыстарын жүргізіп, 10 000 гектарға жуық жерді мемлекетке қайтару туралы нұсқама бердік. Қазіргі уақытта Қордай, Байзақ аудандарында осындай тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына орай, биыл игерусіз жатқан 70 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда басқарма бұл міндетті 86 пайызға орындап, 60 мың гектар жерді қайтарып отыр», – дейді ол.

Ол бекітілген заңды басшылыққа ала отырып жұмыс істейтінін айтты.

«Мемлекеттік қызметкер ретіндегі ұстанымым – ең алдымен қолданыстағы заңды басшылыққа ала отырып жұмыс істеу. Заң орындалмайтын болса – ол несіне заң? Заң бар ма – орындалу керек. Мемлекеттің заңы – мемлекеттік органға да, жеке тұлғаға да ортақ. – дейді Әбілхайыр Тамабек.

Ол Президенттік жастар резервінің құрамына кіру арқылы қандай мүмкіндіктерге ие болғаны туралы айтты.

«Жамбыл облысы әкімдігінің Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы – облыс әкімдігінің маңызды салаларының бірі. Ашығын айтатын болсам, елордада министрлікте жүрген кезде алдағы 1-2 жылда осындай басқарма басшысының немесе министрлікте департамент директорының орынбасары қызметіне тағайындалу туралы ойлап, алдыма мақсат қоятынмын. Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ дегендей, әр мемлекеттік қызметшінің карьералық өсуді қалауы – заңдылық. Президенттік жастар кадрлық резерві маған зор мүмкіндік беріп, жауапты лауазымды ұсынды. Енді біз жаза бассақ, жұмысымызды дұрыс атқармасақ, дұрыс нәтиже көрсете алмай жатсақ – Мемлекет басшысына сын болады. Президенттік жастар кадрлық резервінің атына кір келтірмес үшін аса жауапкершілікпен жұмыс атқаратын боламыз», – дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай жобаларға жастар белсенді түрде қатысып, атсалысуы керек.

«Кез келген жұмыс орнының негізгі қозғаушы күші – кадрлар. Кадрлар міндетті түрде жаңарып, жаңа көзқарас, жаңа леппен келіп отыруы керек. Жастарды осылай дайындап, лауазымды қызмет атқаруына мүмкіндік беріп, оларды сынап көру керек. Президенттік жастар кадрлық резервін дайындау – өте жақсы бастама. 10-15 жылдан кейін осы Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған жастар ішінен мемлекеттік деңгейіндегі басқарушы азаматтар шығады, деп сенемін», – дейді ол.

lenta.inform.kz

Comments (0)
Add Comment