Билер кеңесінің берекелі бастамасы

Шешендік өнер ХІХ ғасырға дейін халықтың әлеуметтік өміріне, саяси-экономикалық жағдайына байланысты дамып, кемелденіп отырған. Төл мұрамыздың тарихына көз жүгіртсек, еліміздің тәуелсіздік алған тұстан кейінгі кезеңдерінен аттап өте алмаймыз. Қазір ақпараттың дамыған заманы қоғамда жаңа үрдістерге жол ашты. Тиісінше шешендік өнер де жаңғырып, дамып отырды. Шешендік сөздердің ерекше қасиеті – тыңдаушысын толғандыру, одан соң иландыру, бұдан кейін еліктіріп әкету, ақырында дәлелді уәжге бос қойдыру. Мұндай қасиет шешендік сөздердің көркемдік тәсіліне жатады. Айтылу орны мен мақсатына, атқарған қызметіне қарай шешендік сөз төбе сөз деп аталды да, оны айтушыларды төбе би деп атады.

Шешендік өнердің екі түрлі формада, яғни ауызша және жазбаша түрде жүзеге асатындығын білеміз, көріп те жүрміз. Радио, теледидарда немесе Мәжілісте, Парламентте, конференциялар мен сот залдарындағы шешендік ауызша айтылады да, газет-журнал беттеріндегі, ғылыми басылымдардағы шешендік жазбаша жүзеге асады.

Шешен сөз дегеніміз – тауып айтылған тапқыр сөз, ақылға қозғау салып, ой түйдіретін даналық сөз. Қиялға әсер етіп, жүрек қылын қозғайтын көрікті де көркем сурет те, бұра тартпас дәлелімен тамсандырып, таңдай қақтыратын дәйек те осында. Өтіп кеткен не болып жатқан оқиғаның көрінісін көз алдыңа алып келетін суретті сөз, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткізетін терең мағыналы түйінді сөз.

Шешендік өнердің қайта жаңғыруы қоғамдық қажеттіліктен деп айтсақ болады. Ол жанр ретінде қазақ қоғамында ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында соңғы би-шешендерден кейін ұмыт бола бастады. Себебі қазақ даласында сөз бостандығына тежеу салынған еді. Оның есесіне жоғарыдан үстемдік ету күшейді. Ендігі кезекте шешендік өнердің міндетін поэзия мен проза атқарды. Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған тұста шешендік өнердің қажеттілігі күн санап артып келеді. Зайырлы қоғам сөйлеу еркіндігін қамтамасыз етті. Дін тақырыбында шешіліп сөйлеуге мүмкіндік туды. Еліміздің Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылдануына байланысты сот істері қазақ тілінде жүргізіле бастады. Осының барлығы дерлік қазақ тілінде шешен сөйлеу талабын күшейте түсері сөзсіз.

Өткен кезеңдерді еске ала отырып, бүгінгі аға буынның басты міндеті – ұлттың рухани мәдениетін бойына сіңірген, қоғамдағы өзгерістерді ақыл-ой зердесінен өткізіп, қорытындысын жасай білетін, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, көпшілік алдына шығып ашылып сөйлеп, өз пікірін саналы қорғай алатын, жұртшылыққа ой тастап, іске жұмылдыра алатын қабілетті жастар легін қалыптастыру. Қазіргі шешендік әдебиет тілдің сөз байлығын өмірдің барлық саласында қолдана білуге, жұртшылықты этика нормаларына баулуға, сөз мәдениетін жетік меңгеруге, сенімді сөйлеуге бағытталған.

Ертеде әр елдің, рудың өз шешендері, билері болғандығы ақиқат. Қазақ шешен-билерінің сөз саптауы, ой орамдары және өздеріне тән ерекшеліктері бар. Би ең алдымен елдің тарихын, дәстүрін, әдет-ғұрпын және халықтың сан қилы замандағы өткерген кезеңдерін біліп, танып, жүйелеп отырған. Би болғысы келген адам атақты шешендер мен ойшылдардың сұрақтарына жауап беріп, өзінің ақыл-парасаты мен таным логикасының жеткілікті дәрежеде дамығандығын дәлелдеуі қажет. Бүгінде жастар абыз ақсақалдардың батасын алып, сөзі мен ісі сай болса бұдан асқан не бар дейміз. Өз кезегінде аға буын да жастарға жол сілтеп, ақылын айтып отырса, қанекей?! Билер кеңесінің негізгі мақсаты да – осы. Ел арасындағы тұрмыстық дау-дамайларды сотқа жеткізбей ақсақалдар болып, билер арқылы шешуді күн тәртібіне қоюдың маңызы жоғары. Мәселен, көршілер арасында болмаған нәрсеге ренжісіп, соттасуға дейін барып жатады. Кеше ғана қол ұстасып қосылған жас жұбайлар араға ай салып, болмашы нәрсеге бола ажырасып жатқанын көріп жүрміз. Сондай-ақ екі жақ ортақ тіл табысып, келісуге болатын жер дауы, мүлік дауы, басқа да жанжалдарды ауызбіршілікте шешетіндей жағдайға жетсек бұдан артық не керек?! Бұл арада бізді кешегі қазақ даналарының, қазақ билерінің шешендік өнерлерін, даналығын кеңінен пайдаланған дұрыс болар еді. Бұл – салт-дәстүрді жаңғыртып, бабалар сөзін ұрпаққа аманаттау жолында да жемісті бастама.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қоғамда орын алған дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешудің жолдары қарастырылуда. Осы бастама аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында 2018 жылдың 22 қарашасында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан Билер кеңесі құрылған болатын. Оның құрамына 7 адам мүше болды. Ал 2019 жылдың басынан бері облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында құрамы 5 адамнан, 154 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын Билер кеңесі іске кірісіп, өз жұмыстарын атқаруда. Сонымен қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 518-ге жетіп отыр. Аталған Билер кеңесінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл-парасаты мол, білікті, өмірлік тәжірибесі, айтар ойы бар ардагерлер мен дін өкілдері тартылды. 2019 жылы облыстағы Билер кеңесінің белсенді жұмыстары мен оған мүше адамдардың кәсіби біліктілігінің арқасында 450 дау-дамайлық іс қаралса, оның ішінде 120 іс соттан алынып қаралды. Былтыр бұл көрсеткіштің деңгейі 293 -ке жетті, оның ішінде соттан алып қаралғаны – 99.

Қоғамда шешендік өнердің ауқымы әлдеқайда кеңейді. Ол саяси-әлеуметтік өміріміздің барлық саласында идеологиялық күрестің, тәрбие мен оқу-ағартудың, заң мен ғылымның, қоғамдық басқарудың ең бір пәрменді құралына айналды. Сонымен қатар шешендік өнер үгіт-насихат жұмыстарының бірден-бір құралы десек те қате айтпаған болар едік. Жиын, конференция, семинар, дөңгелек үстел отырыстарында сөз байлығын мейлінше пайдаланған жөн. Бұл ертеден келе жатқан аталы дәстүріміз – шешендік өнерді қайта жандандырып, оны жаңа талап, жаңа мақсат-мұратқа сай тиімді қолдануға жол ашпақ. Ата дәстүрді ұрпақ тәрбиелеу ісінде, яғни болашақ мүддесіне пайдалану керек. Сонда ғана бабалардың қанымен сіңген өнерді келешекке қалдыра аламыз.

Оңласын ЕСІРКЕПОВ,
Жамбыл облыстық билер кеңесінің төрағасы

Comments (0)
Add Comment