Биіктей түс, болашақтың баспалдағы!

Түн ұйқысын төрт бөлген ананың әлдиін, маңдайынан сүйіп, ертеңіне сендірген әкенің құшағын көрмеген баланы бауырына алып, бар жақсылығын үйіп-төккен Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына күннің көзі ерекше түсетіндей. Себебі мұнда балалардың биікке самғауы үшін бар қамқорлық көрсетілген. Жуырда ғана орталықта балалардың жарқын болашағының бастауы ретінде «Гауһартас» аспаздық бөлмесі мен «Бриллиант» beauty-студиясы ашылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Орталықтың директоры Айжан Мейірханова мұндағы балаларға мейірімін төгіп, бар жылуын арнап келеді. Оған дәлел – мұндағы әр бала қандай да бір мамандықты игеріп, болашағының баспалдағын биіктете түссе деген мақсатпен іске қосылған «Гауһартас» аспаздық орталығы, «Бриллиант» сұлулық салоны, сондай-ақ Коворкинг орталығының ашылу салтанаты. Бұл берекелі істің бастамасы болған жиында осы орталықтан түлеп ұшқан түлектер де бас қосты. 2017-2021 жылдар аралығында орталықтан 70 түлек түлеп ұшты. Сонымен қатар жыл сайын табысты түлектердің қатысуымен «Ашық есік күні», «Жыл түлектерімен қоштасу» кеші, «Үздік түлек» байқауы түрлі форматта ұйымдастырылады. Осынау ерекше істің бастамашысы болған орталықтың балаларға осындай мүмкіндік бергеніне ризалығын білдірген түлектер өз жүрегінен орын алған «қара шаңырақтарына», мұндағы тәрбиешілері мен ұстаздарына ізгі ниеттерін білдіріп, балалығының ізі қалған ортаға деген сағынышын жеткізді. Салтанатты кешті ашып, жүргізген Айжан Дүкенбайқызы да игі бастаманың балаларға берері мол екенін айтып, көмек қолын созған кәсіпкерлерге алғысын жеткізді.

– Бізде бүгін үлкен жоба бағытын бастады. Кәсіпкерлер Меруерт Лештаева мен Тұрсынай Байқабылова балалардың кәсіптен несібесін тауып, өз жобаларына мүмкіндік беруге жол ашқаны көңілге демеу, жүрекке қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Мінекей, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Гауһартас» аспаздық бөлмесі мен «Бриллиант» beauty-студиясының ашылуы барлық ынтымақтың бастауы болғай. Енді орталық балалары бірнеше кәсіпті осы жерден игеріп, сертификат алып, еңбектерінің жемісін көреді. Балалардың өз істерін еркін меңгеретініне сенімім мол, – дей келіп, аталмыш орталықтың басшысы жиналғандарды мекеменің бүгінгі жай-күйімен таныстырды.

Қазіргі таңда орталықта 97 бала тәрбие алуда. Олардың 15-і жетім, 47 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, ата-анасының қадағалауынсыз қалған балалар саны – 32 және 5 бала сот шешімімен арнайы мектепке жіберілгендер екен. Сонымен қатар орталықта «Балауса» би үйірмесі, компьютер сыныбы, «Жібек» бейнелеу үйірмесі, «Ас отау» аспаздық үйірмесі, «Сымбат» тігін үйірмесі, ән үйірмесі, «Томирис» сән-сұлулық үйірмесі, «Інжу-маржан» қолөнер үйірмесі, театр үйірмесі, «Шебер қолдар» үйірмесі, 2 бағыттағы спорттық секциялары жұмыс жасайды. Алдағы уақытта жаңадан ашылған қос орталықтан да тілі дәм үйірер тағам жасайтын аспаздар және сыры мен сұлулығын астастырар кәсіби визажистер қажетін меңгеріп шығатыны анық.

Сән-салтанаты жарасқан игі істің бастамасына айналған ілкімді істің барысында қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев та сөз алды.

– Бар жақсылық балалардың болашағы үшін, армандарының орындалып, мақсаттарының айқын болуы үшін жасалады. Бұл орталықтан ертең кәсібінің нағыз мамандары жеке ісін дөңгелете меңгеріп шығатындары сөзсіз. Алдағы уақытта балалардың жарқын болашақта өмір сүріп, ісінің шебері болатынына сенім білдіремін. Бұл бастама – көпке үлгі. Сондықтан кірісер іс берекелі болғай. Ал бұл бастаманың жолы ашық әрі кедергісіз болсын, – деді Алмас Кәдірбекұлы.

«Гауһартас» аспаздық бөлмесі мен «Бриллиант» beauty-студиясының іші жарық әрі кең. Барлық керек-жарақтармен қамтылып, заманауи техникалармен жабдықталған. Аспаздық әлеміне саяхат жасап, сұлулықтың сырына қаныққысы келген орталық жеткіншектері өз істерін бүгіннен бастады. Қонақтарға өз қолдарымен пісірілген тәтті тоқаш ұсынып, шарықтата ән салып, қонақжайлылық танытты.

Comments (0)
Add Comment