Бетпердеңді тастама: вирусқа жол жоқ!

Қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы әлеуметтік маңызы бар #БЕТПЕРДЕҢДІТАСТАМА #ВИРУСҚАЖОЛЖОҚ челленжін бастаған болатын. Әлеуметтік желіде тараған эстафетаны жалғастырушылардың қатары күн санап артуда.

Зере Қуаныш Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда коронави-рустық инфекцияның таралуы қарқын алып келеді. Мәселен, рес-публика бойынша індетті 113309 адам жұқтырған, қайтыс болғандар саны 1857-ге жеткен. Ал облыс-та бұл көрсеткіш 4195 адамды құраса, қайтыс болғандар саны – 61. Сонымен қатар аурудың алдын алу мақсатында еліміздің кейбір аймақтарында қайтадан блокпостар қойылып, карантиндік шаралар күшейтілуде.

Иә, екінші толқынның алдын алуға бағытталып жатқан жұмыстар жоқ емес. Десе де, сақтықты әркім өзінен бастау керек-ақ. Індет тарағалы қойылған талаптарды әрқайсымыз орындап жүрмегеніміз тағы бар. Тіпті, кейбір азаматтар маска тағып, арақашықтықты сақтаудың орнына «ешқандай ауру жоқ» деп әлі күнге дейін сенбейтіндерді де көз көріп жүр.

Қаланың басты үнпарағы елімізде инфекция тараған күннен бастап газеттің әр санында түрлі айдарлармен мақалалар жарыққа шығып, тілшілеріміз вируспен күресіп жатқан ортадан тікелей эфирлер жүргізіп отырды. Инфекцияның алдын алуда алдыңғы шепке шыққан азаматтармен қатар «Журналист мамандық өзгертеді» айдарында олардың тыңғылықты жұмыстарымен де таныстырып келеді.

Бүгінде редакция ұжымы әлеуметтік желіде #бетпердеңдітастама, #вирусқажолжоқ, #городвмаске, #неподпускайвирус челленжін жариялап, қала тұрғындарын вирусқа қарсы күресте белсенділік танытуға үндеуде.

Ұжымның эстафетаны бастаудағы негізгі мақсаты – індеттің таралуына жол бермеу. Алғашқы толқында көптеген адамдар карантиндік шараларды сақтанбай, бетперде тақпай, әлеуметтік арақашықтықты ұстанбай инфекцияның тырнағына ілінді. Әлемді шарпыған дерт қанша жақындарымыздан айырды. Мұндай орны толмас жағдайдың болғанын қаламасақ, барлық талапты ескеріп, өзімізге және жақынымызға жанашыр болуымыз керек. Саулықтың сақтықта екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Әлеуметтік бастама көтерілген күннен бері әріптестеріміз облыстық «Aq jol» газеті, «Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің Техникалық шығармашылық орталығы» КММ-і, №6 қалалық емхана мен Жамбыл медициналық жоғары колледжі, Абай атындағы №26 орта мектеп ұжымы мен облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы да қолдау білдірді.

Сондай-ақ «Тараз еріктілері» бас-тамашыл тобының жастары, «Bar BQ» рестобар ұжымы мен қаланың тұрғындары челленжін жалғауда. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен Байзақ ауданындағы «Мұрагер» бөбекжай-бақшасының ұжымы челленжді одан әрі әріптестеріне жолдауда.

Құрметті оқырман, COVID-19 қарсы күресте немқұрайдылық танытпайтын отандастар! Жоғарыдағы хэштегтерді жазып фотосуреттеріңізді, маскадағы түрлі видеоларыңызды желіге жүктеп, бізді белгілеуді ұмытпаңыздар. Үздіктер газеттің желідегі парақшасына салынатын болады. Екінші толқыннан сақтанып, бетпердемізді тастамай, гигиеналық қорғану шараларын орындап жүрейік!

Comments (0)
Add Comment