Бесік тербеткендер бас қосты

Таразда үшінші мәрте «БөпеFair» отбасылық фестивалі ұйымдастырылды.

Толғанай АТАБАЙ

Бесік тербеткендердің дәстүрлі патиіне арналған фестиваль ең алдымен аналарды қолдауға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта өткен әлеуметтік шараға қатысушылардың қарасы қалың болды.

– «Бөпе» отбасы және неке институтының жаңғырту қоры ұйытқы болған шараның басты мақсаты – барлық отбасы мүшелерінің уақытты бірлесе тиімді өткізуі. Фестивальге қатысушы аналардың басым бөлігі – үйде бала тәрбиесімен айналысып отырғандар. Сондай-ақ олардың үйде отырып-ақ кәсіптен нәсібін тауып жүргендері қаншама. Міне, бүгінгі шара арқылы өздерінің өнімдерін, тауарларын қонақтар назарына ұсына алады, – дейді ұйымдастырушылар.

Екі күнге ұласқан шарада кәсіпкер аналардың қолынан шыққан балаларға арналған тоқыма бұйымдар, сәнді әшекейлер, ойыншықтар көрмеге қойылды. Сондай-ақ аналарға арналған ұтыс ойындары өткізіліп, бағалы сыйлықтар тарту етілді. Фестиваль шеңберінде қонақтар сарапшылардың өзекті тақырыптарға арналған лекцияларын тыңдап, айтары бар аналармен кеңесуге және балаларға арналған өнер-білім орталықтары жайлы ақпарат алуға мүмкіндік алды. Қатысушы аналарға облыстық кәсіпкерлер палатасына қарасты іскер әйелдер кеңесінің мүшелері мардымды ақпараттарын айтып, облыстық коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Зәуірбекова, қаладағы «Дәмді себет» дүкендер жүйесінің басшысы Алмас Төлтаев секілді бірқатар кәсіпкерлер кәсіп ашамын деуші аналармен кеңесін бөлісті.

– Бүгінде бала қоғамдық істермен айналысуға қолбайлау емес. Ана атанған соң екінші тынысың ашылып, өмірге құлшынысың артады. Дәстүрлі шара ана мен баланың басын қосып, қажетті ақпарат алмасуға өте қолайлы, – дейді шараға қатысушы жас ана Балжан Жарқынбаева.

Comments (0)
Add Comment