Бес минуттық түтін – жүргізушіге үкім

Бес минуттық түтін –  жүргізушіге үкім

Бүгінде әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптардың бірі – автокөлікті бес минуттан артық қыздырғандарға салынатын айыппұл. Ұзақ уақыт көлікті жылыту жанармай шығынын арттырып қана қоймай, атмосфераға зиянды заттардың, соның ішінде көміртек тотығының бөлінуіне себеп болатынын желеу еткен Үкімет осындай заң жобасын ұсынған.

Жалпы, Еуропа елдерінде мұндай шектеу бұрынан бар. Атап айтқанда, Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания сынды елдерде қоршаған ортаны қорғау және ауа сапасын жақсарту мақсатында көлікке қатысты бірқатар шектеулер енгізілген. Соның ішінде көлікті ұзақ уақыт бойы «оталдырып» қоюға тыйым салынған. Әдетте аталмыш елдердің қысы айтарлықтай аязды емес. Ал Қазақстанның қысы суық және аязды болғандықтан, халық көліктерін ұзақ уақыт қыздыруға мәжбүр. Бұл талап туралы тараздық тұрғындардың пікірін білген едік.
– Көлігім ескі болғандықтан кем дегенде 15 минут уақыт қыздырамын. Бұл майдың қызуы үшін қажет, әйтпесе көлік бұзылып, оны жүргізу қиынға соғады. Тағы бір мәселе, осы көлігіммен немерелерімді балабақшаға, мектепке апарамын. Сол себептен тек көліктің моторы ғана емес, іші де жылы болғаны дұрыс. Қазір қыстың бел ортасы болғандықтан, балаға суық тиіп ауырса, жаныңды қоярға жер таппайсың. Жоғарыдағы шенділер заңды жазатын кезде қоғам талқысына салып, көпшіліктің пікірін ескергені дұрыс еді, – деп ұсыныс-тілегін білдірді шаһар тұрғыны Қанат Шықпанбетов.
Ал Ішкі істер министрлігінің өкілдері көпшілік мұны «жаңа заң» деп қабылдап жатқаны дұрыс емес екенін айтады.
– Бұл жаңа норма емес. Қазақстан Республикасының жол жүру қағида-сында бұл норма 20 жылдан астам уақыттан бері бар. Егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдай Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады. Сондықтан тәртіпті бұзған азаматқа 19 мың 660 теңге айыппұл салынады. Егер көлік жүргізушісі бұл ережені 12 ай ішінде қайта бұзса, айыппұл мөлшері еселенеді, – дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляеваның пікірінше, жоғарыда аталған заңның түсініксіз тұстары көп.
– Заң шығарушы ретінде бұл тыйымда кейбір мәселелердің нақтылан-бағанын айтқым келеді. Мәселен, «елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істейтін механи-калық көлік құралдарының тұрағына, егер бұл тұрғындарға қолайсыздық туғызса, тыйым салынады» делінген. Бұл жерде қолайсыздық тудырды деп кімді немесе нені кінәлай аламыз? Жағымсыз иісі қолқаны қабатын көліктен шығатын газды ма? Әлде түнгі үште елді тәтті ұйқысынан тұрғызатын аңыраған қозғалтқыштың дауысы ма? Болмаса көршімізге көлігіңізді ары алып кетіңіз, тек үйдің жанына қоймаңыз дейміз бе? Елге кедергі келтіріп жатқанын қалай анықтаймыз. Халықтың арыз түсіргенін күтіп отырайық па? Ол арызға қандай талап қойылмақ?» – дейді халық қалаулысы.
Дегенмен бұл қозғалтқышын 5 минут-тан артық қыздырған көліктің бәріне бірден полицейлер келіп айыппұл салады деген сөз емес. Жол ережесі бойынша көлікті жол жиегінде жылытуға болады, тек көлік ешкімге кедергі келтірмесе болғаны. Тұрғын ауданда немесе автотұрақта көлікті тұрғындарға қолайсыздық тудыратындай етіп ұзақ уақыт оталдырып, өзі салонда болмаса, бұл – заңбұзушылық. Ал тәртіп бұзған көлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 5 минуттан асатын бейнежазба болуға тиіс. Кадрда көліктің мемлекеттік нөмірі, оқиға уақыты мен күні нақты көрсетілуі қажет. Сондай-ақ бейнежазбада көліктің ұзақ уақыт қосулы тұрғаны анық көрінуі керек.
Осы ретте қаладағы көлік жүргізуші-лерінің пікіріне құлақ түрдік. Темір тұлпарды тізгіндеушілердің сөзінше, дизель отынын пайдаланатын көліктерді міндетті түрде қыздыру қажет, ал бензинмен жүретін заманауи автомобильдер үшін ұзақ қыздырудың қажеті жоқ. Қозғалтқышты дұрыс қыздыру оның ұзақ әрі сенімді қызмет етуіне, ток циркуляциясының қалыпқа келуіне септесіп, қауіпсіз қимылдауға сенім артады.
– Қарапайым тілмен айтқанда, көліктің қызуы оның «жасына» және ауа райына байланысты. Мәселен, жаңа көліктер +5 –0°С арасындағы ауа температурасы кезінде көлікті 1 минут қыздыру жеткілікті. Ал күн райы 0 –10°С болса, қозғалтқыштың қызуына 2 минут, –10 –20°С аязда автокөлікті 5 минут, ауа температурасы –20°С жоғары болса, көлікті қыздыруға 7-10 минут кетеді. Ал көлігіңіз ескірген жағдайда ұзақ уақыт қыздыруды талап етеді, – дейді тараздық көлік жүргізуші Лесбек Орынбасарұлы.
Қоғамда қызу талқыланған мәселеден кейін халық қалаулылары өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, 5 минуттық шектеуді қайта қарауды және зиянды қалдықтарды азайтудың балама, әділетті жолдарын қарастыруды ұсынды.
– Бұл айыппұл шағын дүкендерге тауарларды түсіру немесе тиеу кезінде үлкен мәселе туғызады, әсіресе ауа температурасы –20°С төмен болған жағдайда. Мұндай кезде қозғалтқышты өшіру тиімсіз, – деген Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев қолданыстағы айыппұл нормалары көлік жүргізушілері мен кәсіпкерлерге қиындық тудырып отырғанын жеткізді.
Әрине заң салтанат құрған қоғамда тәртіптің орнайтыны анық. Дегенмен мемлекет мұндай маңызы бар мәселелерге қатысты бұқара халықтың пікірін ескерсе игі еді. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment