Берекелі елдің белесі көп

Бейбітшілікті берік ұранына айналдырған еліміз үшін тыныштық пен тұрақтылық терең маңызға ие құндылықтар болып саналады. Бұл ретте өз аумағында көптеген ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған өңір жұртшылығы арасында облыс әкімдігінің жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Өңір басшысының бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған №7 топтың мүшелері екі күн ішінде сегіз бірдей нысанға арнайы барып, бұқарамен кездесу өткізді. №7 мектеп-гимназияның қабырғасында өткен жиында Қордай ауданында орын алған тұрмыстық кикілжіңнің салдарымен күресу, осы сипаттағы жағдайларға жол бермеу, жүргізілетін жұмыстарға бақылау жасау сынды жайттар сөз болды. Тұрғындар арасындағы татулықты нығайтып, жалған ақпарат жетегінде кетпеуді сұранған Бекболат Серікбекұлы өңірдегі кей мәселелерге жіті назар аудару қажеттігін алға тартты.
– Ай басында Қордай ауданында орын алған оқыс оқиға төбемізден жай түсіргендей болды. Өкінішке орай, жаппай төбелес кезінде адам шығыны болып, 10 азаматымыздан айырылып қалдық. Қазір жағдай тұрақталды. Өздеріңіз де ғаламтордан мән-жайды бақылап отырған боларсыздар. Дегенмен ескеретін бір дүние бар. Егер халыққа әлеуметтік желі арқылы арандату мақсатында видеолар тарамағанда, жағдай мұншалықты күрделенбес еді. Сіздерден сұрайтынымыз, ешқашан мұндай арандатуға ермеңіздер. Желі арқылы келетін ақпараттардың анық-қанығына көз жеткізіңіз. Өз басыңызға, отбасыңызға, айналаңызға қауіп төндіретін әрекеттерге бармай, мейлінше салқынқандылық танытуға шақырамын. Жергілікті билік тарапынан да кемшіліктер болғанын жасырмаймыз. Қазіргі таңда ахуал толық бақылауға алынды. Былтырғы жылы Жамбыл облысы экономикалық даму бағытынан республикада екінші орынға көтерілген болатын. Алайда біз кейбір мәселелер бойынша түйіндерді тарқата алмай отырмыз. Олар: жасөспірімдер арасындағы қылмыс, ерте отбасын құру, ерте жүктілік, суицид. Бұл – біздегі үлкен проблемалар. Осыған байланысты өңірге жаңадан басшы болып келген Бердібек Сапарбаев әр саланың мамандарымен кездесу өткізіп, жағдайға байланысты нақты тапсырмалар беріп жатыр. Алайда бұл тек жергілікті билік тарапынан шешілетін мәселе емес. Қалай болғанда да ахуалды реттеу үшін жұмыла күш жұмсауымыз қажет. Мемлекет бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ешбір ұлттың наным-сеніміне, мәдениеті мен салт-дәстүріне байланысты еш уақытта қысым жасаған емес. Жасамайды да. Біздің елдің байлығы – адам. Бұл – Қазақстанның негізі саясаты. Осыны естен шығармауымыз қажет, – деді Бекболат Орынбеков.
Жиынға қатысқан жұмысшы топ мүшелері де айтылған ойға үн қосып, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім ел үшін ең қымбат қазына екенін ұмытпауға шақырды. Өз кезегінде сөз алған ТарМПУ ректоры Ержан Әмірбеков өңір жастарына университет тарапынан жасалып отырған мүмкіндіктерге тоқталып, ізденіске түскен әрбір жасқа оқу орнының есігі ашық екенін жеткізді.
Бекболат Орынбеков бастаған жұмысшы топ екі күн ішінде облыстық жастар ресурстық орталығына, Жамбыл политехниалық жоғары колледжіне, №60 мектепке, сонымен қатар тағы бес нысанға бас сұғып, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ осы топпен қатар жұмыс атқарған, елдің тұрақтылығын сақтап, бірлікке, ынтымақтастыққа шақыру мақсатында құрылған №5 топқа қалалық мәслихаттың депутаты Бекболат Құлекеев жетекшілік етті. Арнайы топтың түсіндіру жұмыстары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінен басталып, жалпы 8 нысанды қамтыды.

Comments (0)
Add Comment