Берекелі бизнес – DAMU БАҒЫТЫ

«Мемлекет қай кезеңде де өз азаматтарының кәсіпкерлікпен кедергісіз айналысуына, жаңа бастамалардың алға жылжуына септігін тигізіп келеді. Оған елдегі түрлі қаржы қорларының атқарып жатқан жұмыстары дәлел», – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Жамбыл облыстық филиалының директоры Берік Нұрғалиев.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бүгінде еліміздегі «Бәйтерек» Ұлттық холдингі құрылымына кіретін мемлекеттік даму институты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірде жемісті жұмысын жалғастырып келеді.

1997 жылдан бері жүйелі жұмыс жасап, тындырымды тірліктің алға жылжуына, халықтың жұмыспен қамтылуына қомақты үлес қосып келе жатқан қор кәсіпкерлерге негізгі 3 бағытта қаржылай қолдау көрсетеді. Біріншіден, кәсіпкерлердің банктен несие алу үшін кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры несие бойынша ішінара кепілдік береді. Екіншіден, кәсіпкерлердің несие бойынша пайыздық шығындарын төмендету мақсатында сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін қайтарымсыз негізде субсидиялайды. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және несиелерді кепілдендіру құралдары «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттардың экономикасы» сияқты мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында жүзеге асырылады. Бұл ретте аталмыш қор оларды іске асыру жөніндегі оператор болып табылады. Аталған қолдау құралдарын жүзеге асыру үшін қаражат жергілікті және республикалық бюджеттен Жамбыл облысы бойынша Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы арқылы бөлінеді.

Одан бөлек, кәсіпкерлердің жобаларын одан әрі жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру мақсатында қаражаттарды екінші деңгейлі банк-терде, шағын несие ұйымдарында және лизингтік компанияларда шартты түрде орналастырады. Қаражатты орналастыру қордың өз қаражаты есебінен де, жергілікті бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылатын қаражат есебінен де жүзеге асырылады.

Бизнестің жол картасы – 2025

«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы екі бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – портфельдік субсидиялау және кепілдендіру. Бағдарламаның осы бағытына салалық шектеулерсіз микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады, яғни экономиканың кез келген саласындағы, тіпті сауда саласындағы жобалар қаржыландырылады.

Бағдарламаға қатысу үшін кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме 17,5%-дан аспауға тиіс, оның 6%-ын кәсіпкердің өзі төлейді, қалған 11,5%-ын мемлекет өтейді. Бір қарыз алушыға кредит лимиті – 20 миллион теңге, оның ішінде айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін пайдалануға болады екен.

Қаржыландыру кредит сомасының 85% мөлшерінде «Даму» қорының кепілдігімен жүзеге асырылады. Қалған 15%-ға кәсіпкер өз мүлкін немесе ақшасын кепілге қоюы қажет.

Портфельдік субсидиялау мен кепілдендірудің ерекшелігі – банк кредит берумен қатар, субсидиялау және кепілдендіру туралы шешімді де өз деңгейінде, «Даму» қорының қатысуынсыз қабылдайды. Қор банктің шешімін алған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде банктің пайдасына кепілдік міндеттеме шығарады. Яғни бұл факторлар микробизнес жобаларын қаржыландыру процесін айтарлықтай жеделдетеді. Бағдарламаның екінші бағытына қатысу үшін саудадан бөлек салалық шектеулер қойылмаған. Бұл ретте саудаға 100 миллион теңгеге дейін айналым қаражатын толықтыруға көмек көрсетіледі. Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында банктер несиені өз қаражаты есебінен береді. Сол себепті қор қаржыландыру процесіне араласпау саясатын ұстанады, банктер өздерінің ішкі несие саясатына сүйене отырып, жобаларды өздері іріктейді. Жоба одан әрі мемлекеттік қолдау алуы үшін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі 14%-дан аспауы тиіс, оның ішінде кәсіпкер бар болғаны 6%-ын төлейді, қалған бөлігін мемлекет «Даму» қоры арқылы субсидиялайды.

Қолайлы талаптар, қызықты ұсыныстар, төменгі пайыздық мөлшерлемелер – барлығы дерлік халықтың үштен бір бөлігін жұмыспен қамтып отырған орта және шағын бизнес бағытында жұмыс істеп жатқан азаматтарымыз үшін. Бұл ретте «Даму» қоры ұсынатын кредиттер негізгі құралдарды сатып алуға, оның ішінде құрылысқа, коммерциялық нысандарды, жабдықтар мен техниканы сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға, сондай-ақ банктерден 8 жыл ішінде алынған қарыздарды қайта қаржыландыруға беріледі. Қайта қаржыландыру кезінде несие параметрлері бағдарлама шарттарына сәйкес келуі абзал. Субсидиялау құралы бойынша бір қарыз алушыға кредиттің ең жоғары сомасы – 7 миллиард теңге. Инвестициялық жобалар бойынша субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға арналған жобалар бойынша 3 жылға дейін беріледі. Бұл ретте инвестициялық жобалар бойынша кредит мерзімі субсидиялау мерзімінен ұзақ болуы мүмкін.

Кәсіпкерлердің несие рәсімдеу барысында жиі кездесетін мәселелерінің бірі – кепілге қоятын мүліктің жетіспеушілігі немесе өтімділігінің төмендігі. Бұл жағдайда «Даму» қорының кепілдігі оларға өз жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Тіркеу мерзімі 3 жылдан аспайтын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге кепілдік несие сомасының 85%-ына дейін беріледі, ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер үшін 50%-ға дейін беруге мүмкіндік бар. Кепілдік берілетін несиенің ең жоғарғы сомасы: инвестициялық мақсатта болса – 1 миллиард теңге, айналым қаражатына 500 миллион теңге беріледі екен.

Қарапайым заттар экономикасы

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы экономиканың басым бағыттарын, оның ішінде ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға бағытталған. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларына да жаңа нысандар салу және жұмыс істеп тұрғандарын жабдықтау үшін қолдау көрсетіледі. Қаржыландыру бағдарламада белгіленген тауарлар мен қызметтердің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және несиелерді кепілдендіру бойынша көмек көрсетіледі. Несиені банктер 15 пайызбен берсе, оның 6 пайызын кәсіпкер, 9 пайызын «Даму» қоры өтеп береді. Субсидия инвестициялық жобалар бойынша 10 жылға төленеді. Субсидия құралы бойынша несиенің сомасына шектеу қойылмаған. Егер несие алу үшін кепілдік қажет болған жағдайда 3 миллиард теңгеге дейін – 50, 3-5 миллиард теңгеге дейін 30 пайыз кепілдік беріледі.

– «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша былтыр облыста жалпы сомасы 53,1 миллиард теңгені құрайтын 292 жоба субсидияланды. 2019 жылмен салыстырғанда жобаның саны 87 пайызға артты. Қаржыландырылған жобаның 40 пайызға жуығы облыс аудандарында жүзеге асырылған. Несиенің жалпы сомасы 9,2 миллиард теңгені құрайтын 306 жоба банктермен «Даму» қорының кепіл болуымен қаржыландырылды. Бұрнағы жылмен салыстырғанда кепілдік берілген жобалардың саны 212 пайызға өсті, – дейді филиал директоры Берік Нұрғалиев.

«Береке» аймақтық бағдарламасы

Бүгінде облыс әкімдігінің қолдауымен «Береке» аймақтық бағдарламасы жүзеге асырылып, жергілікті кәсіпкерлер жаңа жобаларды қолға алып жатыр. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына оң септігін тигізіп жатқанын аңғару қиын емес. Былтыр жыл соңына қарай бағдарлама аясында жергілікті кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыру мақсатында 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген екен. Оның 500 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен, 500 миллион теңгесі «Даму» қоры есебінен. Бағдарламаға облыс аумағында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандары қатыса алады, оған қатысу үшін кәсіп түрлеріне шектеу қойылмаған. Бір кәсіпкер үшін берілетін несиенің ең жоғары мөлшері – 50 миллион теңге. Пайыздық мөлшерлеменің көлемі – 7 пайыз. Несие инвестициялық мақсатта 7 жылға дейін, айналым қаражатына 3 жылға дейін беріледі.

– Кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы біздің «Даму» қорының кепілдігін пайдалануға мүмкіндік бар. 2019-2020 жылдары осы бағдарлама бойынша жергілікті кәсіпкерлердің жалпы құны 377 миллион теңгені құрайтын 15 жобасы қаржыландырылды. Осы бағдарлама аясында өз жобаларын қаржыландыру үшін кәсіпкерлер «Халық Банкі» АҚ, «Сбербанк» АҚ және «Forte Bank» АҚ филиалдары мамандарына жолығуларына болады. Қаражат жеткілікті, – деді Берік Нұрғалиев.

Филиал директорының айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау мөлшері жылдан-жылға артып келеді. Алайда халық қажетті ақпаратпен толық қамтамасыз етілмей жатады. Бұл ретте аталмыш қор мамандары ауылдарға, аудандарға арнайы барып, түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп тұрады. Берік Райсұлы бұл шаралар өз жемісін беріп, кәсіпкерлер саны күннен-күнге артып келе жатқанын да тілге тиек етті.

«Даму» қоры қаржыландырған кәсіпорындардың бірі «Достық» ЖШС өндірістік жолын 2007 жылдан бастаған. Серіктестік шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген. Өз жұмысын алғашында Қордай ауданынан бастаған өндіріс мекемесі бүгінде түрлі мөлшердегі шыны банкаларды шығарумен айналысады. 2020 жылы компания «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалына «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қатыса отырып, жалпы сомасы 175 миллион теңгені құрайтын банктік несие түрінде қаржыландыруға өтініш берген.

– Біз «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында қаржыландыруға ие болдық. Банкте қаралғаннан кейін несие мақұлданып, «Даму» қоры құралдарды субсидиялау және кепілдендіру үшін қолдау көрсетті. Несие алу кәсіпкерге қолданыстағы несиені қайта қаржыландыруға және шыны пешті жөндеуге және жаңартуға арналған құрылыс материалдары мен компоненттерін сатып алуға мүмкіндік беріп жатыр, – дейді аталмыш кәсіпорынның басшысы Аданбек Қалпақов.

P.S: «Jambyl-Taraz» газетінің тілшілері алдағы санда аталмыш кәсіпорынның жұмысымен жақынырақ танысу үшін өндіріс орнына ат басын бұрмақ. Онда шыны банка жасаудың технологиясымен танысып, «Даму» қоры ұсынған қаржыландыру нәтижесін көзбен көретін боламыз.

Comments (0)
Add Comment