Бүгінде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігі – қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осыған орай «Шөлдала» алқабына қарасты «Береке» тұрғын алқабында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Жаңа медициналық нысанның пайдалануға берілуі тұрғындарға медициналық қызметті тұрғылықты жеріне жақын жерде, уақытылы әрі сапалы алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл, өз кезегінде, профилактикалық медицинаның рөлін күшейтіп, ауруларды ерте кезеңде анықтау мен олардың асқынуының алдын алуға жағдай жасайды. Орталық «Береке» мен оған іргелес аумақтардағы шамамен 3 мың адамға медициналық қызмет көрсетуге бағытталған, – деді Қарлығаш Әмірқызы.
Қазіргі уақытта «Шөлдала» алқабында 11 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Медициналық пунктің кадрлық әлеуеті де жеткілікті деңгейде қалыптастырылған. Атап айтқанда, мұнда 7 дәрігерлік учаске бойынша 2 жалпы практика дәрігерлері, 4 учаскелік мейірбике, процедуралық мейірбике, акушер, фельдшер және тіркеуші жұмыс істейді, Орталықта алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, профилактикалық тексерулер жүргізу, диспансерлік есепке алу, созылмалы ауруларды анықтау және емдеу, вакциналау, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы қызметтер кешенді түрде жүзеге асырылады.
Мекеме қызметінің басым бағыттары – аурулардың алдын алу, ерте диагностиканы дамыту, халықтың денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігін арттыру. Орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ