Белгілі жазушы отандық өнертапқыштaрды қолдауға шақырды

Белгілі жазушы, журналист, Жамбыл облыстық архивінің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы отандық өнертапқыштарды қолдауға шақырды. Ол өз сөзінде ел ішінде жүрген шеберлердің ішінен ұлы өнертабыс иелері табылатынына сенімді екенін жеткізді. Бұл ойын К. Сәттібайұлы өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. 

Тараз қаласында Геннадий Чернявский деген техника құрастырудың шебері тұрады. Сол мына мопедті өзі жасапты. Біреулер оның мопедінің түрін «креветкиге ұқсайды» депті.
Ұқсаса ұқсайтын шығар. «Креветки» жеп көрген асым емес. Балық болмаса, шаян тұқымдастарға тәбетім жоқ.
Ал мына «креветкиді» қуана-қуана сатып алар ем. Айтайын дегенім…
Елімізде небір таланттар бар. Олар машина, техника жасау саласында да көбейіп келеді. Солар неге өзінің зауыттарын ашпайды? Неге өз беттерінше ауласында, гаражында жоқтан бар жасап жүр? Үкімет неге қол ұшын созбайды? Неге осындай таланттарға пайызы төмен несие берілмейді?
Америкадан машиналардың моторын, қозғалтқышын, шанағын, т.б. бір-бірлеп тасып жүріп, дүниеге атақты Тойота автокөлігін әкелген жапон Сакити Тоеда деген азамат та мына Гена сияқты болған шығар ары кетсе.
Қазақстанда ауыр және жеңіл машина да, трактор да, мотоцикл де, скутер де, мопед те, олардың барлық бөлшектерін де жасауға, шығаруға болады.
Бірақ соған Үкіметте құлық жоқ. Ел болашағы автоөнеркәсіп, машина-трактор жасау, құрылыс техникаларының саласы, электронды техника индустирясы, жеңіл өнекәсіп, шаруашылық заттарының заманауи үлгісін жасауда екенін, мына сияқты «креветкилерден» бастап үлкен «киттерді» жасауға болатынын түсініп, таланттарға қолдау көрсетуді ойлайтын бастар қайда? – дейді қаламгер өз жазбасында.

 

Comments (0)
Add Comment