Беларусьте әскери жаттығу кезінде екі ресейлік десантшы қаза тапты

Беларусьте әскери полигонда әуеден десантшыларды түсіру кезінде екі ресейлік солдат қаза тапты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның айтуынша, десантшылар Гродно қаласындағы мекен жайы беймәлім ауданға түспек болған. Кенет қатты жел соғып, десантшылардың парашюті дұрыс ашылмай қалған. Әскерилердің бірі қосымша парашютін пайдаланып, құтқармақ болған. Алайда ол да ашылып үлгермеген.

Құлағаннан кейін екі солдат ауруханаға жатқызылған, бірақ дәрігерлер құтқара алмаған. Қорғаныс министрлігі екеуінің жалдамалы қызметкер болғанын айтты.

«Оқиға салдарынан екі әскери қызметкер де жараланып, олар дер кезінде жергілікті медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді. Алайда дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан келісімшарт бойынша еңбек ететін ресейлік екі әскери қызметкер алған жарақаттарынан қайтыс болды», – деп атап өтті қорғаныс министрлігі.

Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда.

12 қарашада Беларусь Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі «Гожский» полигонында Ресей мен Беларусь әуе әскери күштерінің біріккен жаттығуы болатынын хабарлаған. Хабарламада шараның мақсаты «Беларусь» мемлекеттік шекарасында әскери қимылдың артуына байланысты одақтас ел күштерінің реакция білдіру қуатын тексеру деп жазылған.

Десанттар түсірілгеннен кейін белорус және орыс сарбаздары қарсылас тараптың плацдармын басып алу және ұстап тұру, нысандарды, заңсыз қарулы топтар мен диверсиялық-барлау топтарын іздеп жою сияқты бірқатар оқу-соғыс тапсырмаларын орындауы тиіс болған.

Comments (0)
Add Comment