Бейбіт күннің батыры

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – ең қауіпті мамандық иелері. Олар үнемі өмір мен өлімнің арасында арпалыста жүреді. «Бейбіт күннің батырлары» атанған бұл мамандық иелерінің арқасында бүгінгі күні талай адам өлімнен, қиын жағдайлардан аман қалып жатыр. Осынау қиын да күрделі салада еңбек етіп жүрген Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Бақтияр Аралбековтің өрт сөндіруші атанғанына 18 жылдан асқан.

Б.Аралбеков Талас ауданының Ақкөл ауылында туған. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті аяқтаған ол 1994-1996 жылдары Тараз қаласындағы мәдениет және өнер колледжінде білім алған. Ал 1996-1998 жылдары Өскемен қаласындағы №6638 әскери бөлімінде Ішкі әскер жауынгері болып 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеген. Сала бойынша ең алғашқы еңбек жолын Ақкөл ауылындағы өрт сөндіру бекетінен бастаған ол 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде адам өмірі мен құнды мүліктерді өрттен қорғау және төтенше жағдайларды жою бойынша қызмет атқарып келеді.
– Өрт сөндіруші – жүректілікті қажет ететін мамандық. Бұл саланы кез келген адам таңдамайды. Біздің қызметте өжеттілік, батылдылық пен төзімділік қажет. Менің өрт сөндіру қызметінде жүргеніме он сегіз жыл болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Елге қызмет етуге әрқашан дайынмын. Біз қандай жағдай болмасын, сақадай сай болуымыз керек. Сол себепті тәулік бойы жаттығамыз, ғимараттың іші мен сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз, – дейді бөлімше командирі.
Қызметінде үздік азаматтық қорғау старшинасы Б.Аралбековтің ісіне адалдығы, кәсіби біліктілігі әріптестеріне үлгі болып келеді. Ал оның жыл басындағы ерлігі тек жас өрт сөндіруші мамандарға емес, жалпы көпшілікке өнеге боларлықтай. Өйткені Бақтияр «Қасіретті қаңтар» аталған жыл басындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Тараз қаласында орын алған ереуіл барысында өртке оранған мемлекеттік маңызды нысандардағы өртті сөндіру жұмыстарына белсене қатысқан. Тілсіз жаумен күрес барысында Мемлекеттік Тудың өртенуіне жол бермей, отқа оранған ғимараттың үстінен еліміздің көк байрағын жерге алып түскен.
Отанға деген сүйіспеншіліктің, антқа адалдықтың айнымас үлгісін көрсеткен майталман маманның бұл ерлігі елеусіз қалмады. Жуырда Астана қаласында ҚР Құтқарушылар күні мерекесі қарсаңында өткен мерекелік жиында Бақтияр Аралбеков Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің қолынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі бұл ісін ерлік емес, азаматтық және қызметтік борышы деп білетін Бақтияр өрт сөндіруші атына кір келтірмеу үшін бұдан ары да еңбек ететінін айтады. «Жалпы бұл мамандықты таңдаған кез келген маман әуелі адамдардың өмірін құтқаруға тиіс. Содан кейін ғана өрт болған орынды сөндіру үшін жедел қимылдап, өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек», – дейді ол.
Бақтияр Аралбеков бүгінде 3 қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының тірегі. Әулиеата өңірінің азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан зор кәсіби тәжірибесі мен қомақты үлесі – құтқарушылардың қазіргі жас буыны үшін үлкен мұра.

Comments (0)
Add Comment