Бейбіт күннің батырлары

Көзсіз ерлік тек қан майданда ғана орын алмайды. Арамызда жүрген бейбіт күннің батырлары да аз емес. Олардың бірі қарулы қылмыскерді құрықтап жатса, енді екіншісі балаларды ажал аузынан аман алып қалып, ерлік көрсетуде. Қазақстан полициясы күніне орай, міне, осы батырларымыздың қаһармандығын қалың оқырманға танытуды жөн көрдік.

Балаларды ажал аузынан аман алып қалды

Тараз қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Қайрат Тұрлыбаев күнделікті жұмысына бара жатады. Кенет Саңырақ батыр көшесінің бойынан өтіп бара жатып, канал жақтан балалардың көмек сұрап айқайлаған дауысын естиді. Көлігінен түсе сала жүгірген полицей каналдың ортасында мұз астына батып бара жатқан екі баланы көреді. Еш ойланбастан мұзды суға қойып кеп жіберген Қайрат жанкештілікпен екі баланы да аман-есен алып шығады.
– Сол сәтте мен тек балаларды аман-есен алып қалуды ойладым. Егер сәл кешіккенімде, екі бала да мұз астына кетер еді. Мен мұны ерлік деп санамаймын. Бұл – менің тұрғындар алдындағы парызым мен міндетім. Менің орнымда басқа адам болғанда, ол да балаларды құтқару үшін барын істейтін еді деп ойлай-мын, – дейді Қайрат.
Ең таңғаларлығы, желтоқсан айының аязды күнінде орын алған оқиға туралы учаскелік полицей ешкімге тіс жармаған екен. Оның ерлігі балалардың ата-аналары полиция бөліміне хабарласып, алғысын білдіргенде белгілі болған.
Артынша еліміздің Төтенше жағдай жөніндегі министрi, азаматтық қорғау генерал-лейтенанты Юрий Ильиннің бұйрығымен мұз астына түскен екі баланы құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Қайрат Тұрлыбаев «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталады. Полиция қызметкеріне ведомстволық награданы Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев тапсырған.

Өз-өзіне қол салудан тоқтатты

Тәртіп сақшыларының тағы бір ерлігі ретінде ер адамды балаларының көз алдында суицид жасамақ болып жатқан жерінен құтқарып қалғанын айтуға болады.
Полиция қызметкерлері күн-түн, демалыс пен мереке демей, уақытпен санаспай қызмет атқаратыны белгілі. Сарысу аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Азат Ботабек пен Сарысу аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Жанаділ Қобжанов өз ісіне адал берілген жандар екенін дәлелдеді.
Ағымдағы жылдың 1 ақпанында олар облыс орталығында қызметтік іссапарда болады. Түскі сағат 14:00 шамасында ықшамаудандағы үйлердің бірінің жанынан өтіп бара жатқан тәртіп сақшылары пәтерінің терезесін сындырған ер адамды байқаған. Полиция қызметкерлері ойланбастан подъезге жүгіріп кіріп, жылап жатқан балалардың көз алдында терезе шынысының сынықтарымен өз тамырын кесуге әрекет жасап жатқан азаматтың үстінен түседі. Осылайша тәртіп сақшылары ер адамды өз-өзіне қол салмақ болып жатқан жерінен құтқарып қалады.
Кейіннен азаматтың мас күйде болғаны анықталған. Ал оның жанындағы екі баласы кәмелет жасына толмаған. Үй иесі әйелінің айықпас ауруы туралы білгеннен кейін осындай үмітсіз қадамға бел буғанын айтып берген.
Полиция қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін ол өзінің қателігін түсініп, өмірін сақтап қалғаны үшін оларға алғысын айтады. Сондай-ақ бұдан былай асығыс әрекет жасамауға уәде берген.
– Біздің жұмысымызда «өзгенің мәселесі» деген түсінік жоқ. Азаматтарға қандай жағдайда болмасын дер кезінде көмекке келуге барымызды саламыз. Бұл жолы әріптесім екеуміз дәл уақытында үлгергенімізге және орны толмас қайғылы жағдайдың алдын алғанымызға қуанышты-мыз, – дейді Сарысу АПБ тергеушісі, полиция капитаны Азат Ботабек.

Қарулы қылмыскерлерді құрықтады

Ағымдағы жылдың 19 ақпанында Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел ақпаратты жүзеге асыру мақсатында қару сақтады деген күдікпен 26 жастағы Жаңатас қаласының тұрғынын анықтайды. Арнайы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті «Mercedes-Benz» маркалы автокөлігінен шығу туралы полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай қарсылық көрсетіп, қашпақ болып, нәтижесінде көше бойында тұрған көлікті соғады. Сол мезетте жүргізушінің алдыңғы есігін ашып, сыртқа шығармақ болған полиция қызметкерін көлігімен бірге жоғары жылдамдықпен сүйреп алып кетеді. Жүргізушіні тоқтату мақсатында полиция қызметкерлері алдымен ауаға, одан кейін көліктің дөңгелегіне оқ атқан. Осыдан соң аталған автокөлік аялдамаға соқтығысады. Соған қарамастан, күдікті және көлікте бірге болған үш танысы бой тасаламақ болған. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті арқасында олардың барлығы ұсталған.
Күдіктінің автокөлігін тінту барысында 1 ауызды 12-ші калибрлі «МР-153» маркалы тегіс ұңғылы мылтығы 4 дана оғымен, 1 ауызды 410-шы калибрлі «Сайга-410» маркалы тегіс ұңғылы мылтығы 13 оғымен, 5,6 мм калибрлі «Марголин» тапаншасы 7 дана оғымен, 1 дана оққағар (бронежилет), 1 дана газды-дыбысты гранатасы және асхана пышағы тәркіленген.
Одан бөлек, оның Жаңатас қаласындағы тұрғылықты мекенжайы бойынша өзінің қатысуымен тінту жүргізу барысында пневматикалық «Borner» маркалы тапаншасы, 6 оқ және матаға оралған ерекше иісі бар шөп тәрізді зат табылған.
Күдікті медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, есірткі тұтынғаны анықталған.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін қатерге тіге отырып, көзсіз батырлық танытқан полиция қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттады.
Полиция қызметкерлерінің қызметтік борышын атқарудағы батылдығы мен жанқиярлығын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та жоғары бағалады.
Жуырда ҚР Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған Сарысу АПБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Бекен Қонысовты полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин арнайы құттықтап, өз атынан Алғыс хат пен «Қазақстан полициясына 30 жыл» атаулы сағатын тапсырды.
Сондай-ақ Сарысу АПБ учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Абзал Асаубай және полиция лейтенанты Фархат Өтепбергеновке ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін табыстады.

P.S.
Міне, бұл – полиция қызметкерлерінің көзсіз, сөзсіз ерлігі. Біз бүгін бейбіт күннің батырларының бір парасының ғана ерлігін баян еттік. Ал тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысы қауіп пен қатерге толы екені айтпаса да белгілі. Сондықтан әрбір полицейді өз елінің қаһармандары десек, артық айтқанымыз емес.

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment