Беделімізді биіктеткен бейбіт бастамалар

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан көп жетістікке қол жеткізді деп нық сеніммен айтуымызға болады. Әлемдік деңгейдегі айтулы бастамалардың арқасында еліміз халықаралық дәрежеде бедел биігіне көтерілді. Сыртқы саясатта көпвекторлық, теңгерімді және бітімгершілік бағытты ұстана отырып, демократиялық жолмен дамитынын паш етті. Соның арқасында шет мемлекеттермен достық қатынас орнатып, экономикалық ынтымақтастықты нығайды.

Сондай-ақ еліміз тату көршілікті, өзара тиімді серіктестікті және халықаралық құқық қағидаттарын қатаң ұстанатын субъект ретінде танылды. Егемендігіміздің алғашқы жылдарында-ақ қуаттылығы жағынан әлемде төртінші саналатын ядролық қарудан бас тартуымыз адамзат тарихындағы зор оқиға екені даусыз. Біздің мемлекет тек жалғыз осы ісімен-ақ ядролық қауіптерге қарсы қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналып, күллі әлемге «Ядролық қарусыз әлем құру – адамзаттың XXI ғасырдағы басты мақсаты» деп ұран тастады. Сөйтіп, ядролық қарусыз аймақ құру идеясының бастамашысы әрі соны жүзеге асырушы алғашқы мемлекеттердің біріне айналды.
Бұл шешімнің тарихи маңызы өте зор. Өткенге көз жіберсек, 1991 жылдың 29 тамызында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны мәңгілікке жабылды. 2009 жылғы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялады. 2015 жылғы 7 желтоқсанда аталған ұйым «Ядролық қарудан азат әлем құру туралы» жалпыға ортақ декларация қабылдады. Адамзат баласының бейбіт өміріне, әлемдік қауіпсіздікке бірден-бір кепіл болатын осы маңызды құжаттардың бастамашысы Қазақстан екені БҰҰ-ның барлық тарихи құжаттарына таңбаланып, жазылды.
Өкінішке қарай, ядролық сынақтар ұлы Абай туған топырақтағы жергілікті халықтың денсаулығына, қоршаған орта мен табиғатқа орны толмас зардабын тигізді. Семей сынақ алаңы ашылған кезде әлем халқының алдында ол аумақ адам баласы тұрмайтын, иен жатқан жер ретінде көрсетілді. Ядролық сынақтан тіршілік атаулыға ешқандай зиян келмейді деген, көпе-көрінеу жалған ақпарат пен жаппай насихат жүргізілді. Сол аумақтағы мыңдаған адамдардың тағдырына, жас өскіннің болашағына ешкім басын ауыртқан жоқ. Бұл, шын мәнінде, тұрғылықты халыққа қарсы қасақана, жоспарлы түрде жасалған қиянаттың, қастандықтың бір түрі болатын. Басқаша айту мүмкін емес.
Кеңес билігі ешкімді аяған жоқ. Өткен ғасырдағы революциялар, дүниежүзілік соғыстар мен қуғын-сүргін, ашаршылық біздің халқымыздың жан-тәні мен санасына жазылмастай жара салды. Семей сынақ полигонында 1949-1989 жылдары жарылыстар үздіксіз жасалды. Мұндай алапат сынақ-тарды бүгінде көзге елестетудің өзі қиын. Осы жылдар ішінде Семейде 468 ядролық сынақ өткізілді. Оның 125-і – ашық ауада, 343-і жер астында жасалды. Ғалымдардың дерегінше, бір ғана 1949 жыл мен 1963 жылдары өткізілген ядролық жарылыстардың қуаты Хиросимаға тасталған атом бом-басының күшінен 2,5 есе артық болған. Ядролық сынақтар 18,5 мың шаршы шақырым алаңда өткізілсе, оның төңірегіндегі 300 мың шаршы шақырым жер экологиялық апат аймағына айналды. Жарылыстар салдарынан таралатын радиоактивтік материалдар Қазақстандағы үш бірдей облыстың ауасын, табиғатын үздіксіз ластап жатты. Сол кездегі Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының тұрғындары полигонның зардабы мен залалын толықтай өз бастарынан өткерді.
Полигон аймағында 1,5 миллионға жуық адам тұрды. Ресми есеп бойынша солардың 500 мыңға жуығы радиоактивті сәулеленуге ұшыраған. Мұның сыртында полигонға қатысты ауру-сырқаулардың есебі бір бөлек. Мысалы, Семей қаласы мен оның төңірегіндегі онкологиялық аурулар коэффициенті елдегі ортақ көрсеткішпен салыстырғанда үш есе жоғары болған.
Медицина мамандарының айтуынша, полигонға іргелес жатқан ауылдарда қалқанша безі мен қатерлі қан, ісік аурулары, яғни гемабластомалар, лейкоз, лимфомалар, лейкемиялар Қазақстанның басқа аудандарына қарағанда 10-15% жиірек кездеседі. Әрине, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, ядролық сынақтардан зардап шеккен облыстар мен оның тұрғындарына барынша қолдау көрсетіп, жәрдем беруге тырыс-ты. Апатты аймақтарды қалпына келтіруге халықаралық қоғамдастық та көмек қолын созды. Полигон жабылғаннан кейін сол жердегі тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселесі өткір қойылған еді. Осыған орай 1992 жылы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды. Басқа да нақты, кешенді көмектер жасалды.
Алайда полигон зардабын жою – белгілі бір мерзімнің ғана шаруасы емес. Бір ғана полигонның инфрақұрылымын бөлшектеп, одан қалған қалдықтарды тазартудың өзіне жиырма жылдай уақыт кеткені белгілі. Бұл іс-шаралар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бір сөзбен айтқанда, 1949-1989 жылдардағы зұлматтың нақты ауқымы әлі де зерттелуге тиіс. Мемлекет бұл істі өз қолына алған болатын.
Қазақстан халықаралық деңгейде де қарусыздану бағытындағы іс-қимылды тоқтатқан емес. 1992 жылы Лиссабон хаттамасына қол қойылды. Осы тұрғыда 1994 жылдың ақпан айында біздің еліміз Ядролық қаруды таратпау келісіміне отырды. Бұдан кейін, 1996 жылы Ядролық жарылыстарға тыйым салу келісіміне қосылды. Сондай-ақ 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісім жасалды. Қазақстанның ядролық қаруды жаһандық ауқымда тыйым салуға бағытталған қадамдары елеусіз қалған жоқ. Сондай-ақ бейбіт мақсатта қолданылатын ядролық энергияның қолжетімділігін оңайлату және басқа мемлекеттердің өз бетінше уран байытуына жол бермеу үшін Төмен байытылған уран банкін құру арқылы Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қару таратпау мақсатындағы маңызы бұрынғыдан бетер арта түсті.
Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесті әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Мұнда барлық мемлекеттер 2045 жылға дейін ядролық қарудан бас тартуы керектігі айтылған болатын. Манифест БҰҰ-ның ресми құжатына айналды. Бұл Қазақстанның ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесі екені сөзсіз.
Қазақстан әлемдік деңгейде дінаралық, мәдениетаралық диалогты қалыптастыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, дағдарыстар мен қақтығыстарды реттеуге бағытталған бірқатар экономикалық және қауіпсіздік құрылымдардың, интеграциялық жобаларға да бастамашылық етті. Осы мақсатта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әр үш жыл сайын өтіп тұрады.
Қазақстан посткеңестік және мұсылман елдерінің ішінде бірінші болып 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық еткені де баршаға мәлім. Аталған Ұйымның Астанадағы саммитіне 30 мемлекеттің президенттері мен Үкімет басшылары қатысты. Басқосу соңында Ұйымның құқықтық нормалары, принциптері және міндеттемелері бекітілген «Астана декларациясы» қабылданды. Осы тұста Қазақстанның 2017 жылы Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын да айта кеткеніміз жөн.
2014 жылы «Бітімгершілік қызмет туралы» Заң қабылданғаннан кейін Қазақ Қарулы күштерінің құрамы ішінен «Қазбат» бөлімшесі құрылып, арнайы жасақ БҰҰ миссиясы бойынша әлемнің әр қиырындағы түрлі бітімгерлік іс-шараларға қатысты. Бірқатар жылдар бойы Шығыс Африка елдерінде әскери бақылаушы қызметін атқарды. Ливанда, Ауғанстанда саяси жағдайдың ушығуына байланысты БҰҰ мандаты бойынша бітімгершілік күштермен бірлесіп жұмыс істеді. Сирияда соғысып жатқан топтардың қақтығысын тоқтату үшін Астанада жалпы саны 12 рет халықаралық кездесу өтті. 2019 жылы Сириядағы қақтығыс аймағынан қазақстандықтарды алып шығу операциясын жүргізілсе, 2000-жылдары «Қазбат» Халықаралық күштер коалициясы аясында Иракта бітімгершілік операцияларына қатысып, жарылғыш заттарды залалсыздандырумен айналысты. Нәтижесінде Ирак жерін төрт миллионнан астам минадан тазартқан. Сөйтіп, Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті сақтауға, жауласушы жақтардың келіссөз үстелінің басында тоқайласуына да көп үлес қосты.
Посткеңестік мемлекеттердің ішінде алғаш болып «жасыл экономика» идеясын жүзеге асыра бастаған да – Қазақстан. 2009 жылы еліміз Киот хаттамасын ратификациялау туралы заңға қол қойды. 2012 жылы БҰҰ Бүкіләлемдік саммитінде Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша өңірде «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы қабылданды. Әріптестік бағдарламасы мемлекеттердің ғаламдық экологиялық мәселелерді шешу үшін энергия тиімділік, баламалы энергетика, ғылыми зерттеу, тағы басқа салалар бойынша өзара интеграциялануды міндеттейді. Ал одан бір жылдан кейін «жасыл экономикаға» көшу Тұжырымдамасы бекітілді.
Айта кетейік, «жасыл экономика» – ғаламдық экологиялық мәселелерді шешу үшін өндірістің экологиялық-экономикалық тиімділік тұрғысынан бағалануы. Яғни жоба жетекшілері де, өнеркәсіп компаниялары да өндірістің тек коммерциялық тұрғыдан табыстылығын ғана емес, бірінші кезекте қоршаған ортаға әсерін ескеруге тиіс. Мемлекет басшысы «жасыл» технологияға және инвестициялық жобаларға арналған Халықаралық орталық құру идеясын Нью-Йоркте 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында да жариялады. Бұл идея Орталық Азияда ғана емес, жалпы әлемде «жасыл экономиканы» ілгерілетудің нақты механизіміне айналды.
Астана экономикалық форумы аясында 2014 жылы Global Risk Expo көрмесі ұйымдастырылды. B2G форматындағы (Business to Government) шара жаһандық шешімдер мен ұсыныстарды қалыптастыру үшін атқарушы билік пен халықаралық және отандық бизнес құрылымдарын өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге үндейді. Аталған конференция табиғи нәубеттер мен техногендік апаттардың салдарын жою бойынша ғаламдық бастамаларды қарастырды.
Жер көлемінің үлкендігі бойынша әлемде 9-орынды алып жатқан және Еуразия құрылығының кіндігінде орналасқан Қазақстан географиялық тұрғыдан алғанда тоғыз жолдың торабында тұр. Азия мен Еуропаға қатынайтын халықаралық сауда және тасымал жолдары біздің аумақты басып өтеді. Осыған орай біздің еліміздің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасының сүбелі бөлігіне айналуы заңды.
1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру туралы идеяны да бірінші болып Қазақстан тарапы ұсынғанын біреу білсе, біреу білмес. Дегенмен, АӨСШК-нің алғашқы саммиті тек он жылдан кейін Алматы қаласында өтті. Бүгінде ұйым құрамында 30-ға жуық мемлекет бар. Жаңа формат Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық орнату алаңына айналды. Ол қазіргі замандағы жаңа сын-қатерлерге тиісінше төтеп беруге, түрлі геосаяси кикілжіңдердің алдын алуға, өңірлік қауіпсіздікті сақтау үшін көрші мемлекеттердің бірігіп, ұжымдық шешім қабылдауына мүмкіндік берді. Қазақстан бұдан бөлек, өңірлік ынтымақтастық жобаларына, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) және Түркі тілдес мемлекеттер ұйымының, ЕАЭО, ҰҚКҰ мүшесі.
Еліміз көпвекторлы, прагматикалық және белсенді сыртқы саясат жүргізу арқылы тәуелсіздік жылдарында өзінің халықаралық абырой-беделін арттыра түсті. Сол арқылы ғаламдық және өңірлік қауіпсіздікті сақтауға, өзара ынтымақтастық мен экономикалық өрлеуге айтарлықтай үлес қосып келеді.
Сарабдал саясатты лайықты жалғастыра білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қатынаста ашықтықты, саяси, экономикалық, сауда, инвестиция және қауіпсіздік салаларында стратегиялық әріптестікті қолдай отырып, екіжақты және көпжақты форматтарда өзара тиімді ынтымақтастықты жандандырып келеді. Бұл өз кезегінде еліміздің халықаралық аренадағы орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік тудырды.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен 2024 жылы сыртқы саяси ведомство Қазақстанның мүдделерін әлемдік аренада ілгерілету және қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Айталық, бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар өткізу арқылы еліміз жаһандық сын-қатерлерді шешудегі сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайта отырып, орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосты. Қазақстанға сапармен және халықаралық форумдар шеңберінде 41 мемлекет және үкімет басшылары, 4 жетекші халықаралық ұйым басшылары мен жоғары өкілдері, 7 парламент басшылары келді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 24 шетелдік сапары, оның ішінде мемлекеттік және ресми сапарлары, сондай-ақ оның халықаралық форумдарға қатысуы ұйымдастырылды. Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей, Қытай, АҚШ, Аустрия, Италия, Люксембург, Хорватия, Швейцария, Мальта және тағы басқа негізгі елдер мен өңірлерді қамтыған 35 елге сапармен барып, 205 кездесу өткізді. Елімізге шет мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының және халықаралық ұйымдардың 30 басшысы табан тіреді.
Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне (ОАМБКК) және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХҚЕС) табысты төрағалық етуі еліміздің халықаралық ықпалын одан әрі нығайту үшін маңызды қадамдар болғаны даусыз. Сонымен қатар шет мемлекеттермен нормативтік-құқықтық базаны кеңейту жөніндегі жұмыстың нәтижесінде 67 халықаралық шартқа қол қойылды.
Қазақ дипломатиясының басты басымдықтарының бірі шетелде ҚР азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала береді. Соның бір дәлелі – 2024 жылы апаттар мен қақтығыстар аймақтарынан 300-ден астам азаматымыз жедел түрде эвакуацияланды.
Қазақстандық паспорттың мәртебесін арттыру бойынша да белсенді жұмыс жалғасуда. Осыған орай былтыр 15 келісімге қол қойылды. Олар қазақстандық паспорттардың әртүрлі түрлерінің иелерін бірқатар елдердегі визалық талаптардан босатады. Бұл Қазақстанды әлем паспорттары рейтингінде көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Соның айғағы – қазіргі уақытта біздің паспортымыз Жаһандық паспорттар индексінде 53-орынға жайғасқаны.
Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық және консулдық қатысудың географиясын кеңейту де маңызды бағыттардың бірі. Бұл мақсатта қазіргі уақытта әлемнің 80 елінде 121 мекеме жұмыс істейді.
Өткен жыл Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық үшін серпінді аяқталды. Бұл бағыттағы маңызды жетістік әртүрлі салалардағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болған бірқатар стратегиялық маңызды келісімдерге қол қою болды. Қырғызстанмен және Тәжікстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттар жасалды. Сонымен қоса Өзбекстанмен алғаш рет Жоғары мемлекетаралық кеңестің 1-ші отырысы өткізіліп, Стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 10 жылдық бағдарламасына қол қойылды. Түрікменстанмен Достықты нығайту және 2025-2027 жылдарға арналған көпжоспарлы стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларация мен кешенді бағдарлама қабылданды.
Көршілес Ресеймен де сенімді саяси диалог жүргізілді. 2024 жылы жоғары деңгейдегі байланыстардың жоғары динамикасы, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің парламенттері, үкіметтері мен сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара іс-қимыл байқалды. Бұл өз кезегінде екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатын көрсетеді.
РФ Президенті Владимир Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары, сондай-ақ Өңіраралық ынтымақтастықтың XX форумын өткізуі зор маңызға ие. Сапар нәтижесінде экономикалық және саяси мәселелердің кең ауқымын қамтитын 20-дан астам келісімге қол қойылды. Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасында сомасы 33 млрд долларды құрайтын 143 бірлескен жоба іске асырылуда. Бұл екі ел арасындағы өзара инвестициялар мен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетеді.
Беларусьпен де аса жоғары және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Алматыда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келіссөздер өткізілді. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық қақтығыстарды шешудегі белсенді рөлін көрсете отырып, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға қосылған елеулі үлес болды.
Мемлекет басшысының Қытайға сапары, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қарымта мемлекеттік сапары Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытудың маңызды кезеңдеріне айналды. Барлық деңгейдегі қарқынды байланыстар 40 екіжақты келісімге қол қоюға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта екі ел арасында жалпы сомасы 38 млрд долларды құрайтын 145 бірлескен жоба іске асырылуда. Бұл жобалар энергетика, инфрақұрылым, сауда және инновацияны қоса алғанда, әртүрлі салаларды қамтиды.
Америка Құрама Штаттарының басшылығымен белсенді саяси диалог жалғасты. Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің Вашингтонға сапары маңызды кезең болды. Оның барысында АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкенмен келіссөздер жүргізілді. Өзара түсіністіктің жоғары деңгейінің арқасында жоғары дәрежеде Кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссияның 6-шы отырысы өткізілді. Сондай-ақ Алматыда «В5+1» бірінші бизнес-форумы өтті. Сонымен қатар елімізде Орталық Азия мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестиция бойынша негіздемелік келісімінің (TIFA) 15-ші кеңесі өтті.
Президентіміздің Еуропаның жетекші елдерінің басшыларымен және Еуропалық одақтың жоғары лауазымды тұлғаларымен тұрақты байланыстары екіжақты ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал етті. Осы мақсатта Мемлекет басшысының Мажарстан, Италия, Франция және Сербияға сапарлары ұйымдастырылып, Астанада Германия және Нидерланд басшыларымен кездесулер өткізілді.
Мәселен, Парижге мемлекеттік сапар барысында сомасы 2,2 млрд долларды құрайтын 36 келісімшартқа қол қойылды. Парижде және Риядта Президент Эмманюэль Макронмен келіссөздер Астана мен Париж арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге оң әсер етті.
Ұлыбританиямен стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осылай, жалпы Еуропа елдерімен 10 млрд доллардан астам сомаға іскерлік келісімдер жасалды.
Жаһандық Оңтүстік мемлекеттерімен өзара іс-қимылды дамыту да айтарлықтай ілгеріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур мен Моңғолияға сапарлары ұйымдастырылып, Гвинея-Биссау, Иран, Корея Республикасы, Конго, Малайзия және Пәкістан басшыларымен келіссөздер жүргізілді.
Қазақстан Республикасының Таяу және Орта Шығыстағы мүдделерін ілгерілетуге Қазақстан Президентінің Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт және БАӘ елдеріне сапарлары және осы мемлекеттердің көшбасшыларымен, сондай-ақ өңірдің ірі бизнес өкілдерімен келіссөздері ықпал етті. Қатарға мемлекеттік сапардың қорытындысы бойынша 20 млрд доллардан астам сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Дохамен үкіметаралық ынтымақтастық ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі дәстүрлі түрде экономикалық дипломатияға және шетелдік инвестицияларды тартуға, сондай-ақ шетелдік нарықтарда отандық өнімді ілгерілетуге және жаңа серіктестермен сенімді іскерлік байланыстар орнатуға ерекше назар аударады.
Мемлекет басшысының төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы, сондай-ақ «Kazakhstan Global Investment Roundtable» дөңгелек үстел отырысы өтті. Басқосу аясында 7 млрд доллар сомасына 31 келісімшартқа қол қойылды.
БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының бағалауы бойынша 2024 жылы Қазақстан 15,7 млрд доллар көлемінде инвестиция тартып, жалпы өсім 88 пайызды құрады. Еліміздің үлесіне Солтүстік және Орталық Азиядағы барлық тартылған инвестициялардың 63 пайызы жатады. Инвесторлар үшін 2024 жылы «Moody’s» агенттігінің ҚР кредиттік рейтингін «Ваа1» («тұрақты») деңгейіне көтеруі де зор жетістік.
Бұл жүйелі жұмыстардың барлығы – азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, барлық географиялық бағыттар бойынша достық, серіктестік және өзара тиімді қатынастарды сақтауға және нығайтуға бағытталған Қазақстан дипломатиясының қызметкерлері атқаратын үлкен және қажырлы жұмыстың бір ғана бөлігі. Қазақстан әрі қарай да БҰҰ Жарғысының, халықаралық құқықтың, сондай-ақ халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократияның қағидаттарын үнемі қолдайтынын атап өткен жөн.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment