Базар қашан ашылады?

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев базар және сауда орындарының басшыларымен кездесті. Күн тәртібінде пандемия кезінде жұмысты қайта бастау мәселесі қаралды.

Зере Қуаныш

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, жексенбі күні өңір басшысы Бердібек Машбекұлы Тараздағы бірқатар сауда орындарының жұмысымен танысты. Аймақ басшысы барған алғашқы нысан қаланың шығыс шетінде орналасқан «Ауыл-Береке» базары болды. Онда облыс әкімі азық-түлік тауарларының ассортиментімен, сапасы және бағасымен танысып, сатушылар мен тұтынушыларды әңгімеге тартты. Бүгінгі таңда базардың жеміс-көкөністердің, құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көтерме сауда секторы жұмыс істеуде. Карантинге байланысты азық-түлік емес тауарлар сауда бөліктері жабылған. Базар аумағын шолып шыққан аймақ басшысы бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.

– Бұған дейін мен базар аумағын ретке келтіруді, сауда орындарын жақсартуды, ыңғайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударуды тапсырған болатынмын. Алайда бұл нұсқаулар толығымен орындалмаған. Жайлы сауда павильондары жоқ. Кейбір сатушылар жерде сауда жасап отыр. Көлік құралдарының базардағы ретсіз қозғалысы өрт қаупін тудырады. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы да ойдағыдай емес. Сатушылар да, сатып алушылар да бетперде кимейді, адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталмайтынын көріп отырмыз. Нарық қызметкерлері азық-түлік емес сектордағы жұмысты қайта бастауды сұрауда. Алайда базар әкімшілігі қажетті санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ете алмай отыр. Тиісті шаралар қабылдаңыздар, содан кейін ғана базарды толық ашу туралы айтуға болады. Пандемия кезінде біздің азаматтарымыздың денсаулығына қатысты қауіпсіздік шараларын елемеуге жол берілмейді, – деді Бердібек Сапарбаев базар басшылығына.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Орталық» және «Атакент» базарларына ат басын бұрып, облыс орталығындағы демалыс саябақтарының аумағын аралап көрді.
Ал дүйсенбі күні облыс әкімдігінің ғимаратында базар басшыларымен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Біздің облыс аумағында 40-тан астам базар мен сауда орны жұмыс істейді. Көпшілігінде міндетті санитарлық, карантиндік, өртке қарсы талаптар орындалмайды. Кеше олардың бірқатарын аралап, соған кезекті рет көз жеткіздім. Ал егер өрт бола қалса ше? Оқиға орнына өртке қарсы қызмет техникасы қалай жетеді? Баршаңызға белгілі, арнайы бекітілген қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы өкінішті жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін», – деді өткір мәселе төңірегінде. Ал облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков атап көрсеткендей, базарлардың бірде-бірі арнайы бекітілген талаптарға сәйкес келмейді екен. «Адамдар маскасыз жүр, санитарлық тазалағыштар жоқ, арақашықтық сақталмайды», – деді ол жиында. Бердібек Сапарбаев жауапты мемлекеттік органдарға талаптарды сақтамай отырғандарға қатысты тиісті құзырет шеңберінде шара қолданып, сауда орындарын жабуды жүктеді. Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау, төтенше жағдайлар және полиция департаменттеріне бұл мәселелерді тұрақты назарда ұстау тапсырылды.

– Сіздердің мақсаттарыңыз – көп ақша табу емес, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығын ойлау. Бірнеше күннің ішінде кемшіліктерді түзеп, базарлардың бекітілген алгоритмге сәйкес ашылуын қамтамасыз етіңіздер. Арнайы мониторингтік топтар тексеретін болады. Ол үшін жеке жауапкершілікте болатындарыңызды естен шығармаңыздар. Азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мәселе. Базар әкімшілігі барлық талаптарды орындағанда ғана сауда-саттыққа толық мүмкіндік беріледі. Біздің алдымызда инфекцияның жылдам таралуына жол бермеу, адамдардың денсаулығын барынша қорғау міндеті тұр. Біз олардың өмірін тәуекелге тіге алмаймыз, – деп облыс әкімі жиынды қорытындылады.

Comments (0)
Add Comment