Бауыржан Момышұлының туыстарына Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды

2025 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешімін жариялаған болатын.

– Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал. Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс.
Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды, – деген ел Президенті тиісті Жарлыққа қол қойды.
Осыған орай Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматыда Ұлы Отан соғысында ерлік пен батылдық көрсеткен Бауыржан Момышұлының туыстары Зейнеп Ахметова мен Ержан Момышұлына Президент атынан айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырды.
– Халқымыз Бауыржан Момышұлын әрдайым батыр деп біледі, қаһарман деп қастерлейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы шешімі халықтың оған деген ыстық ықыласын одан әрі арттыра түсті. Ең бастысы, көптен күткен тарихи әділдік қалпына келтірілді, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ Ерлан Қарин қайсар рух пен өр мінездің символына айналған Бауыржан Момышұлының өмірі жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.

«JT»-ақпарат

Comments (0)
Add Comment