Бауырлас қалалармен байланыс жаңғырса…

Газетіміздің өткен санында «Бауырлас қалалардың бірлігі бекем» атты мақала жарық көріп, шаһардың өзге мемлекеттермен байланысы туралы кеңінен ақпар берілген еді. Мақала шыққаннан кейін қырағы оқырмандардың арасынан да бауырлас қалаларға барып, достық-ынтымақтастықтың куәгері болған азаматтар хат жазып, редакцияға келді. Өзге елдің мәдениеті мен тарихы, тыныс-тіршілігімен танысып келген тұрғындардың әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

Арайлым Шабденова

Тревизо тарихы Таразбен үндес

Уәлихан Сағынханов,
Италиядағы Қазақстанның экс-консулы (2000-2006):

– Егеменді Қазақстанның пайда болуынан бергі біздің дипломаттардың міндеттерінің бірі – елдер арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді қарым-қатынас орнату болды. Өзім де байырғы жамбылдықпын, 1966 жылы Луговое ауылында дүниеге келдім. Көптеген салада жұмыс жасап, хатшыдан кеңесшіге дейін қызмет атқардым. Ал итальян тілін таңдағандықтан, жазушы, философ Олжас Сүлейменов Италияда елші болған уақытта онымен бірге жұмыс істеу мәртебесі бұйырды. Біз табысты жұмыс істедік, ал 2000 жылдың басында мен Олжас Омарұлына Тараз қаласына Италиядан бауырлас қала табуды ұсындым. Естеріңізде болса, бұл уақытта шаһар өзінің 2000 жылдық мерейтойын атап өтуге қызу дайындық үстінде еді. Италия – тарихи ескерткіштер мен оқиғаларға бай, біздің достығымызды нығайту үшін экономикалық және мәдени тұрғыдан айтарлықтай қадам боларына сеніп, батыл қадам жасадым. Мені мұқият тыңдаған елші: «Іске сәт! Әрекет ет!», – деп ойымды құптады. Содан Тараз қаласымен тарихы мен мәдениеті, экономикасы, әлеуеті мен әлеуметі ұқсас қалаларды іздеу басталып, Италияның қалалары туралы мәліметтерге тез арада қол жеткіздім. Нәтижесінде Тараздың бауырластығына үміткер Тревизо қаласы болды. Тревизо – Италияның Венеция облысындағы қала. Венецияның солтүстігінде, Силе және Боттенига өзендерінің қосылуындағы каналдармен қиылысқан жазықта орналасқан. Бұл шағын елді мекен болса да, оның Ежелгі Рим заманында тамыр жайған бай тарихы бар. Тревизо да көптеген өзге мемлекетпен бауырлас қала екен. Мысалы, Орлеан және Кан (Франция), Сарасота, (АҚШ), Тимишоара (Румыния), Куритиба (Бразилия), Неукен (Аргентина) елді мекендерімен бауырлас. Тревизоның мэрі Лука Дзайя менің ұсынысымды толығымен қолдап, қоян-қолтық жұмыс істеуге келісті. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Бөрібай Жексембин басқарған алғашқы делегациямызды Тревизода өте жылы қарсы алды. Нәтижесінде бауырластар мәртебесі туралы келісімге Тараз қаласының әкімі Болат Сауранбаев пен Лука Дзайя қол қойды, көп ұзамай қалалар делегациялармен алмасты. Мәдени ынтымақтастық та басталды. Мәселен, мәдени мұрамен алмасу мақсатында «Жердің күміс дауысы» деп аталатын италиялық әнші Робертино Лореттидің Таразға келуін ұйымдастыра алдым.

Екі қала меморандумға қол қойғаннан кейін өзімнің ауылым Құланда қатты жер сілкінісі болды. Оны естіп жергілікті әкімшілікпен кеңесіп, қираған екі мектепті қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында Лука Дзайяға жедел хат жолдадым. Хатым жауапсыз қалмай, тез арада Құланға компьютерлік техникалар жіберілді. Бұл – өткен тарих. Енді арадағы байланысты қайта жандандыру қажет. Сіздер білетіндей, екі елдің асханасы әлемге танымал. Кезінде мэрмен Тараздан италиялық асхана ашуды жоспарлаған едік. Сол идеяны қайта жаңғыртсақ, екі ел мамандарымен алмасып, бір-бірінің біліктілігін арттырса нұр үстіне нұр болар еді. Алда Тәуелсіздігіміздің 30 жылын тойлау тойы тұр. Осы тұста италиялық өнерпаздарды шақыртып, облыс пен қала жұртшылығына естен кетпес концерт ұйымдастыруға болмас па?! Екі елдің достығы қайта жанданар еді.

Ашық аспан астындағы ел

Елена Ефимова,
«Эк-спорт» ақпараттық-аналитикалық компаниясының бас редакторы:

– 2008 жылы облыс әкімі Бөрібай Жексембин бастаған делегаттар Қытай Республикасына Шэньси провинциясының губернаторы Юань Чунциннің шақыртуымен бардық. Ол кезде облысымызбен бауырлас қала Қытайдың Шэньси провинциясы болды. Қытайлық серіктестеріміз біз баратын аймақтың шағын провинция екенін, онда 100 миллионнан жоғары тұрғын тұратынын айтты. Ал бізден халық санын сұрағанда, олар таң қалды. Біздің облысымыздың өзі миллионға жетер-жетпес дегенімізде, оларда 35 миллионнан жоғары, яғни біздің мемлекетімізден екі есе көп халық екенін айтты. Кішкентай провинцияның алып жатқан аумағы 149 708 км² құрайды (ҚХР-да 20-орын). Шэньси Қытайдың ішкі бөлігінде, теңізден алыс, Хуанхэ өзені бассейнінің ортасында орналасқан және Вэйхэ өзені арқылы екіге – солтүстік және оңтүстікке бөлінген. Негізгі қала – біз бірінші кезекте келген Сиань. Ең алдымен, бізге мемлекеттің экономикасы мен тыныс-тіршілігі, мәдениеті қызықтырды. Көрген-білгенімді қағазға түртіп отырып, елге оралғаннан кейін «Знамя труда» облыстық газетінде үлкен мақала жарияладық. Алпауыт мемлекеттің бірі саналатын аспан астындағы елдің бірнеше аймағын аралап, өнеркәсібі, экономикасы, шығарылатын өнімдер мен түрлі саласының даму жолына көз жеткіздік. Қытай көптеген жылдар бойы дамыған елдерге өз аумағында өнеркәсіп орындарын, әсіресе, жоғары технологияларды орналастыруда түрлі жеңілдіктер беріп келеді. Көптеген мемлекеттер осы елге өз өнеркәсіптерін көшіріп алғандығы, онда жұмыс қолының көптігі таныстырылды. Сондай-ақ сапар барысында түрлі саланың өндірісімен таныстық. Жылдам тамақ дайындап, біздің елге тасымалдайтын фабриканың жұмысын да көрдік. Қытай – алдымен бөтен бұйымдарды көшіруден бастап, кейін тез арада конструкторлық кадрларын дайындап, өз өндірістерін жолға қойған мемлекеттердің бірі.

Біз аспан асты елі тұрғындарының менталитетіне де назар аудардық. Қытайлар – өте көне ұлт және олардың дүниетанымын қоршаған орта қалыптастырған. Мұнда көпшілік аумақтың сейсмикалық белсенді аймағы да, жүзжылдық еңбектің жемісін шайып кететін өзендердің төгілуі де, оңтүстікте цунами мен су тасқыны да кездеседі. Еңбекқорлық пен шыдамдылық, төзімділік пен қанағатшылдық, кез келген өмірлік жағдайға бейімделу – жергілікті тұрғындардың бойында бар қасиет. Мұнда ойын-сауық индустриясы дамыған. Сондай-ақ тұрғындар өз денсаулығына өте жауапты екендерін сезінеді. Бұл жақта Цигун гимнастикасымен шұғылданатындар өте көп екен. Тіпті бір таңда 1 миллион адам жаттығу жасап жатқанын Бейжіңнің саябақтарынан кездестірдік. Біз мемлекеттің астанасында болып, Ұлы Қытай қорғанын, «Тыйым салынған қаланы», елорданың орталығындағы императорлық сарай кешені мен Цинь Шихуанди жерленген орындарда болдық. Өзге мемлекет үлгі алатын қуатты инфрақұрылым мен туризмі кез келген туристі тартатыны сөзсіз.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау қарсаңында Сиань қаласынан ежелгі сауда жолдары арқылы Тараз қаласына «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шай мәдениеті» атты достық пен ынтымақтастықтың жаяу керуені келді. Керуен бір жыл бойы өз мақсатына қарай жылжыды. Бүгінде қарым-қатынас үзілді деп айтуға болмас. Қуатты экономикасымен сауда-саттықты жалғап отырған ел ауыл шаруашылығы сынды өнімдерін де елімізге жіберіп отырады. Терең тарихы мен мәдениеті Әулиеата жерімен ұштасып жатқан ашық аспан астындағы елде болып, бауырластықты нығайтқан делегаттардың ортасынан табылуым мен үшін зор қуаныш болды.

Comments (0)
Add Comment