Бауырлас қалалардың бірлігі бекем

Тәуелсіздік жылдары еліміздің қалалары алыс-жақын мемлекеттердің бірқатар қалаларымен өзара ынтымақтастық орнатып, бауырлас қалалар мәртебесіне қол жеткізді. Жалпы тарихы терең Әулиеата өңірі қандай қалалармен бауырлас? Бүгінде сол қарым-қатынас жалғасын тауып жатыр ма?

Арайлым Шабденова

Тарих не дейді?

Бауырлас қала – географиялық және саяси басқару жағынан бір-біріне тіке қатысы жоқ болса да, бірақ ондағы тұрғындар мен мәдениетінде, тарихында, дамуында көптеген ұқсастықтары бар қалалар ортасындағы өзара жақын тарту, ағайындық, бауырластық, әріптестік байланыс. Олардың көптеген ұқсас ерекшеліктері болса да, бірақ бәрі бірдей ұп-ұқсас болмайды. Әрине, әріптес қаланың ұқсастығы түрлі қалада түрліше мағынада қолданылады. Біреулерінде тарихы ұқсас, біреуінде көрінісі ұқсас, тағы біреуінде мәдени мұралары ұқсас дегендей. Мұндай салыстыру құрлық аттаған және белгілі бір нақты талаппен шектеле бермейді. Қаланың өзіндік артықшылығына орай әлемнің басқа бір сондай қаласы оған ағайын, әріптес, бауырлас қала болып есептеледі.Бауырлас қала ұғымы арқылы қалалар өздеріне ұқсайтын қалалармен қарым-қатынасын жиілетіп, бір-бірінің дамуына көмектесіп отырады.

Бауырлас қала ұғымы Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасты. Мақсаты Еуропа халықтары арасындағы интеграцияны жиілету, өзара түсіністікті арттыру, бір-біріне дем беру мен көмектесу болды. Бұл түсінік қазір әлемнің көптеген елдеріне қанат жайды. Еуродақтың «Бауырлас қала» жобасы мен «Халықаралық бауырлас қала» жобасы екі бөлек жоба болып есептеледі. Ал бауырлас қала жобасы 1956 жылы АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр жағынан көтерілген болатын. Ол әуелде АҚШ қалаларын одақтастыруды көздеген жоба болатын. 1967 жылы дербес ұйым «Халықаралық бауырлас қала» (ХБҚ, SCI) құрылды. Халықаралық бауырлас қала ұйымы пайда көздемейтін сыртқы саясат торын құрып, АҚШ пен әлемдегі қалалар ортасындағы байланысты қоюлату жұмысымен айналысады. SCI басшылығының жетекшілігінде өз өңірі мен қаласын дамытуға үлес қосатын еріктілер ұйымдастырылып, халықтараралық, басшыаралық, саударалық қолдау мен көмектесу торабын құрып, ұзақ мерзімді байланыс пен достыққа назар аударады.

Бауырлас қала әдетте географиясы жақын, бір-біріне құрметі жоғары қалаларды ғана емес, көбінесе тарихи-мәдени ортақтығы бар қалаларға да қаратылады. Мысалы, Перудің әйгілі Мачу-Пикчуі мен Иорданияның Петра қаласы, Мерв пен Түркістан, Тараз бен Фресно және Исфаһан секілді қалалар арасында тарихи-мәдени жағында белгілі бір бауырластық ұқсастықтар бар. Қазақстан қалалары мен басқа елдің қалалары ортасында кейбір өзара сенім мен ынтымақтастық шараларының өтуіне қарамастан, бауырлас қала түсінігі қалыптасу үстінде, еліміздің қайсы қаласының шетелдің қайсы қалаларымен әріптестік жылдан-жылға жандануда.

Ұлы достық – ұлағаттылықтың белгісі

Жалпы тарихи, саяси тұлғалардың достығы өз алдына үлкен әңгіме болса, мемлекеттердің достығы – әлемдік деңгейдегі саяси мәдениеттің жоғарылығының көрінісі. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы Түркия Республикасының Анкара, Ыстамбұл, Измир, Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Қытай Халық Республикасының Бейжің қалаларымен бауырлас қалалар атанды. Сонымен қатар бұл қатарда Оңтүстік Кореяның Сеул, Өзбекстан Республикасының Ташкент, Қырғызстан Республикасының Бішкек, Иордания корольдігінің Амман шаһары, Америка Құрама Штаттарының Питтсбург қалалары және өзге де мемлекеттердің бауырлас қалалары бар. Бұл көрсеткіштердің барлығы да халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, өзара бейбіт келісім арқылы үлкен нәтижеге жетуге ықпал етеді.

Ал екі мың жылдық тарихы бар Тараз шаһарының тамыры тым тереңде. Тараз топырағы да осы күнге дейін әлемнің бірқатар қалаларымен бауырластық орнатып, халықаралық достықты нығайтуға үлес қосып келеді. Әулиеата жері АҚШ-тың Фресно және Манси, Италияның Тревизо, Моңғолияның Ховда, Венгрияның Кечкемет, ҚХР Сиань, РФ Челябинск, Өзбекстаннан Самарқан, Қырғызстаннан Талас қалалары бауырлас қалалар болып табылады. Біз көне шаһар мен бауырлас қалалардың тарихына да үңілген едік. Мысалы, бауырлас қалалардың тарихы мен мәдениетінде де ұқсастық бар. Тараз қаласы мен Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясындағы Сиань қаласы туыстас қалалар болып есептеледі. 2015 жылы облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев бастаған бір топ делегация Сиань қаласында болған еді. Мұнда он сегізінші сауда-инвестициялық көрмесі мен «Жібек жолы» жәрмеңкесі өткен болатын. Сол сапарда Жамбыл облысы әкімдігі мен Шэньси провинциясының халықтық үкіметі арасында ауыл шаруашылығы, медициналық, туристік және басқа салалардағы ынтымақтастық одан әрі дамыту келісіледі.
Ал Италияның Тревизо шаһары Венето әкімшілік аймағына қарасты Тревизо аймағында орналасқан. Тревизо шаһары дегенде, ел есіне алдымен әйгілі «Бенеттон Групп» компаниясы түседі. Компанияның негізін қалаған Бенеттондар отбасы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында кедей отбасыларының бірі болған. Отбасы мүшесі Лучано 14 жасында мектептегі оқуын тастап, алдымен Тревизо шаһарының теміржол бекетінде газет сатады. Лучано кейіннен әртүрлі шаруалармен айналысып жүріп, киім тігетін орын ашады. Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында Бенеттондар отбасы үлкен нәтижеге қол жеткізді. Бүгінгі таңда «Бенеттон Групп» компаниясының бөлімшесі өзге мемлекеттермен қатар, Қазақстан жерінде де бар.

Тағы бір бауырлас қала – Кечкемет. Бұл шаһар Венгрияның орталығындағы Оңтүстік Альфельд ауданында орналасқан. Тарихтан белгілі, қала орнындағы көне қонысты ХІІІ ғасырда моңғолдар қиратады. Алайда қала сауда жолында орналасқандықтан, жылдам қарқын алып дамиды. Ал 1348 жылы І Ұлы Людовик Кечкеметке қала дәрежесін берген соң, XVІ-XVІІ ғасырларда бүкіл Орталық Венгрия секілді Кечкемет те Осман империясының қол астына өтеді. XVІІІ ғасырда қала маңында мал шаруашылығы жақсы дамыса, ХІХ ғасырда қала тұрғындары оның орнына жүзім бағын баптаумен айналысады. Сөйтіп, Кечкемет қаласы сауда орталығына айналды.
Ал қазақ тарихында Ресей Федерациясындағы Троицк қаласының орны бөлек. Бұл қала Челябинск облысына қарайды. Географиялық мәлімет бойынша бұл шаһар Үй өзені мен Увелька өзенінің тоғысқан жерінде орналасқан. Мұнда мал дәрігерлік интернаты, машина жасау, станок жасау, газ тазарту қондырғыларын жасау заттары, тері өңдеу, аяқ киім фабрикалары мен сүт комбинаторлары бар. Негізі Троицкінің алғашқы іргетасы 1743 жылы бекініс ретінде қаланған. Ал 1750 жылы мұнда Орталық Азия және Шығыс Түркістанмен сауда жүргізу мақсатында жәрмеңке ашылған. Ол жерге Орта және Кіші жүз қазақтары жылқы айдап әкеліп, жылқыны өзге тауарларға айырбастап отырған деген де деректер бар. Ташкент пен Бұхарадан келген көпестер де осында жиі келетін болған. Ал ХІХ ғасырдан бастап Троицк қаласы қазақ ұлтының мәдени өмірінде елеулі рөл атқара бастады. Мұнда татар зиялыларының қолдауымен «Расулия», «Уазифа» атты медреселер ашылды, бұл медреселерде қазақ балалары білім алды. Ал ХХ ғасырдың басында аталмыш медреселер жәдиттік оқу тәсіліне көшкен. 1907 жылы «Қазақ» газетінің, 1911-1915 жылы «Айқап» журналының жарық көруі – ұлтымыздың ұлы тарихындағы айрықша оқиға. Ұлт ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Троицкіде білім алуы да мәдени құбылыс.

Сондай-ақ Тараз қаласымен бауырлас қалалардың бірі – Самарқан. Әйгілі шаһар Өзбекстан Республикасындағы ежелгі қала, өзі аттас облыс орталығы. Зеравшан өзенінің аңғарында орналасқан. Біздің заманымыздан бұрынғы ІV ғасырда Марканд деген атпен белгілі болған. Ал біздің заманымыздан бұрынғы 330 жылдары әйгілі Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) жаулап алып, өз мемлекетінің құрамына кіргізген. Ал көне замандарда Кушан патшалығының ірі сауда орталығы болған. ІV ғасырдан VІ ғасырға дейін Түрік қағанатының құрамына енген Соғды мемлекетінің астанасы болды. Самарқанды VІІІ ғасырдың басында арабтар, ІХ ғасырда Самани әулеті, ХІ ғасырда Қарахан әулеті, одан кейін түрік салжұқтары, ал ХІІ ғасырдың орта шенінде қидандар басып алған. Самарқанның тарихы аса бай. Кезінде Самарқан Әмір Темір мемлекетінің астанасы да болған. Шайбани мемлекетінің, Бұхар хандығының құрамында болған сәттері де тарих. Самарқанда Жалаңтөс Баһадүр салдырған «Ширдор» медресесі өзінің тарихилығымен, көркемдігімен ерекшеленеді.

Ал 2017 жылы көрші жатқан Қырғыз Республикасының Ош қаласы Тараз қаласының рет саны бойынша оныншы бауырлас қаласы атанды. Бауырлас қалалармен облыс орталығы әлеуметтік-экономикалық даму даңғылын айқындап алған.Ол қалалардың тарихында өзінің қолтаңбасын айшықтап үлгерді.

Достастық дәнекері

Иә, тарихы терең шаһардың бауырлас қалалары туралы ширек ғасырға қадам басқан қаланың үнпарағы «Жамбыл-Тараз» газетінің беттерінде талай жазылғаны тарихтан белгілі. Архивті ақтарып қарасақ, сол кездегі Тараздың бірінші басшылары өзге мемлекеттердің басшыларымен хат алмасып, бауырластық туралы меморандумға қол қойып, тіпті екі мемлекет бір-бірінің делегаттарын қонақ етіп күткенін білдік. Мәселен, 2000 жылдық мерейтойды ұлан-асыр тойлап жатқанда, Өзбекстан мемлекеті, Ферган облысы, Маргилин қаласы да 2000 жылдығын тойлапты. Екі қаланың әкімдері өзара хат алмасып, жылы лебіздерін білдірген. Соның ішінде Маргилин қаласының әкімі Н.Рахматуллаев сол кездегі әкім Ілияс Тортаевқа алдағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екендігін және екі мың жылдық тарихы қатар келген қаламен мәдени-рухани байланыс орнататындығын жеткізіпті. Ал 2007 жылдың сәуірінде шаһар басшысы І.Тортаев Моңғолия мемлекеті, Ховда аймағының губернаторы Г.Нямдаваамен, осы жылдың қаңтар айында Қытай Халық Республикасы, Хубэй провинциясының Сянфань қаласының мэрі Ли Дэбинмен, 2008 жылы Германияның Нойербург қаласының басшылығы Хермез Виллимен хат алмасып, бауырластықты нығайту мақсатында меморандумдарға қол қойып, делегаттармен алмасып отырған. Тарих жылнамаларына үңіліп, бауырлас қай қаланы алсақ та, сол тұстағы шаһардың бірінші басшыларымен келіссөз жүргізгеннен кейін екі мемлекет арасындағы достық нығайып, еліміз өзінің қонақжайлығымен бауырлас қалаларды Тараз төрінде күтіп, тарихпен таныстырған.

«Айына көрмесең ағайын,
жылына көрмесең жекжат жат»

Бүгінде он қаламен бауырлас, достық, ынтымақтастық орнатып отырған шаһарда соңғы жылдары делегаттардың келіп немесе біздің делегаттар он қаланың бірінде болыпты дегенді естімейміз. «Айына көрмесең ағайын, жылына көрмесең жекжат жат» демекші, бауырлас қалалармен қарым-қатынасты қайта жандандыру қажет-ақ. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі шаралар өтіп жатқаны баршаға аян. Неге бауырлас қалалардың басын қосып, қаланың жаңа келбетін, туризмі мен қонақжайлығын танытпасқа? Әлемде пандемия атымен кетіп, еліміз мамыражай шаққа жетіп, он қаламен бауырластықты қайта қолға алсақ, туризм саласы ғана емес, шаһардың мәдени экономикасы да жаңғырар еді. Тек қағаз жүзінде қалған келісімшарттарды қайта қарайтын уақыт жеткен секілді. Сіз қалай ойлайсыз, қырағы оқырман?

Comments (0)
Add Comment