Батыс Қазақстан облысында компания арнайы рұқсатсыз мұнай өнімдерін заңсыз сатып келген

Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті компанияның арнайы рұқсат құжаттарынсыз мұнай өнімдерін айналымға енгізгенін анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Агенттік мәліметіне сәйкес, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында кәсіпорында 2022 жылдың шілде айынан бастап ҚР мұнай өңдеу зауытының өндірістік төлқұжаты болмағаны анықталды. Міндетті рұқсат құжаттарының жоқтығына қарамастан компания мұнай өнімдерін заңсыз өндіруді, сақтауды, өңдеуді және тасымалдауды жалғастырып келген.

«Нәтижесінде дер кезінде жүргізілген шаралар 3,5 мың тоннадан астам мазут, теңіз отыны мен нафтаның басқа да мұнай өнімдерінің түрін ел аумағынан тыс жерлерге заңсыз шығарудың жолы кесілді. Аталаған факт бойынша тергеу жүргізілуде», – делінген хабарламада.

ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Comments (0)
Add Comment