Батыл шешімдерге бағытталған құжат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауын бар ынтамызбен тыңдадық. Жолдауда ешкім күтпеген өзекті мәселелер айтылды. Әсіресе түбегейлі өзгертулер болатындығы жайлы сөз еткен Президенттің әрбір бастамасын құптап, қуаттап отырдық.

Жаңашылдыққа, жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктердің туатыны, әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсетілетіні көптің көңілінен шықты.
Мемлекет басшысы халқымыздың ұлттық табыстан ешқандай пайда көріп отырмағанын алға тартып, алдағы уақытта әр балаға Ұлттық қордан он сегіз жасқа дейін ақша беріліп отыратыны да бәріміз үшін қуанышты хабар болды. Бұған дейін аз ғана топтың мүддесіне айналған Ұлттық қор енді болашақ ұрпақтың арманының жүзеге асуына жұмсалмақ. Ең бастысы, Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсауға тыйым салынды. Сондай-ақ жастарға қамқорлық одан әрі жалғасын таппақ. Мәселен, жылдық өсімі 2,5 пайызбен несие беріліп, ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге жоғарылады.
Ауыл шаруашылығы саласына айрықша назар аударылды. Ұзақ мерзімді субсидиялау, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару мәселелеріне тоқталған Президент денсаулық пен білім саласына да баса мән берді. Президент тапсырмасы орындалар болса, тәрбиешілердің еңбекақысы артып, үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі.
Ардагерлер қауымын ерекше қуантқаны – әйелдердің зейнет жасының 2028 жылға дейін 61 жаспен шектелуі. Бұл ең әуелі ауыл шаруашылығында еңбек ететін нәзікжандылар қауымын шаттандырғаны шындық.
Мемлекет басшысы: «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз», – деп түйіндеді Жолдауын. Осының өзі бұл құжаттың таяу уақытта іске асырылатын міндеттер мен батыл шешімдерге толы екенін айғақтайды.

Өмірхан ЕРАЛИЕВ, еңбек ардагері

Comments (0)
Add Comment