Батутты кім бақылайды?

Жаз шыға қаладағы саябақтарда батуттар көбейеді. Оның да жөні бар, себебі балалар үрмелі ойын алаңына баруға құмартады. Ал баланың көңілін қимайтын ата-аналар бірінші кезекте қауіпсіздікті сақтау керектігін естен шығарып алады. Кәсіпкерге ешкім шағымданбаған соң, ол да қауіпсіздікті елемей, пайда көздеп тұрады. Соңғы жылдары елімізде тіркелген деректердің дені кәсіпкерлердің өз жұмысына салғырт қарауынан орын алған.

Сәндібек Піренов

Мысалы, соңғы бес жылдың өзінде еліміздің әр аймағынан «батутты жел ұшырып кетті» деген хабар бірнеше рет тарады. Оның ішінде жарақат алған бүлдіршіндерді айтпағанда, ойнап жүріп оқыстан қаза болған баланың да тағдыры дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Осындайда Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген өлең жолы ойға оралады. Расында, бала қауіпсіздігін басты орынға қою кәсіпкер және ата-ана үшін де тиімді. Тым болмаса, батут байланған қазықтың тереңдігі мен жіптің беріктігіне аса мұқият болған жөн. Иә, қуанышымызға орай, қалада батуттың салдарынан орын алған қауіпті жағдай тіркелген жоқ. Бірақ бұл алаңдауға себеп жоқ деген сөз емес. Сәйкесінше, біз де балалар жиі баратын үрмелі батуттарды аралап көріп, жауапты мекемелерді іздеп табуға тырыстық. Алдымен қала әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне бардық. Бөлім басшысы орнында болмаған соң, сектор меңгерушісі Нұржан Баймұратовқа жолықтық. Ол қаладағы Б.Момышұлы және Қайрат Рысқұлбеков атындағы екі саябақтың «Жасыл ел-Тараз» серіктестігіне қарайтынын айтты. Сондай-ақ маманның айтуынша, шаһардағы басқа батуттардың барлығы заңсыз, яғни жеке кәсіпкерлердің иелігінде екен. Саябақ жеке сектордың меншігінде болған соң, сол аумақтан орын алған жеке кәсіпкер нысан иесіне ғана жауап береді. Демек, олар ешкімге есеп бермейді деген сөз. Батуттағы қауіпсіздікті қадағалайтын бірде-бір құзыретті мекеме жоқ. Тіпті «Жасыл ел-Тараз» серіктестігінің басшылығы өздері бақылап отырған екі ірі орталық саябақтағы батуттардың қауіпсіздігінен хабары жоқ болып шықты.

Сонымен бізде қаладағы батуттар бойынша екі болжам қалды. Бірі – полиция басқармасы болса, екіншісі – денсаулық сақтау басқармасы. Иә, мұндағы жағдай енді белгілі. Полиция басқармасына арыз түспейінше мәселе қаралмайды. Ал ауруханаға баланың қандай жағдаймен түскені жазылмайды. Ал балалардың ата-аналары кейбір батуттар мен аттракциондардағы жазатайым жағдайларды жасырып қалмайтынына кім кепіл?! Иә, статистикадан бұрын, елде осындай ойын алаңдарында қайғылы жағдай орын алмағаны қуантады. Бірақ жел ұйытқыса, көз тартатын қамал секілді резеңке де бас бермей кетеді. Мұндай жағдай елде тіркелгенде, бірден бірнеше бала жарақат алған. Сондықтан ойын алаңында қауіп жоқ деп алаңсыз жүруге болмайды. Осындай алаңшаларда баланы бес минутқа да көзден таса қалдырмау керек. Біз саябақтардан батут және ондағы қауіпсіздік жайлы мардымды мәлімет алмайтынымызға көз жеткізген соң, қаладағы еңселі «Avatariya» деген балаларға арналған жабық ойын орталығына бардық. Ондағы қауіпсіздік ережелері мен сақтық шаралары туралы алаңшаның әкімшісі Ләззат Алиповадан сұрап білген едік.

– Ең алдымен ойын алаңына келген әрбір азамат «Ashyq» қосымшасы арқылы өтеді. Елдегі жағдайға байланысты вирус жұқтырғандар және олармен байланысқан келушілерге шектеу қойылған. Біз ең алдымен осыған жіті мән береміз. Біздің клиент қосымшада өз статусын нақтылап алған соң, тегін маска беріп, антисептиктің орналасқан жерін нұсқаймыз. Ойын алаңшаларына әр жарты сағат сайын «Дезитабс» деген сұйықтықпен дезинфекция жүргіземіз. Оның құрамында хлор болмайды. Ал балалардың оқыс оқиғаларға тап болмауы үшін әр ойын алаңында нұсқаушылар бақылап отырады. Алаңшаға кірмес бұрын қонақтар арнайы нұсқаулықтан ережелермен танысады. Балаларды ата-аналары бақылап отырады. Аттракциондар мен үрмелі батуттарда балалар жарақат алатындай темір бағаналар жоқ, – дейді Ләззат Сүйіндікқызы.

Біз сол ойын алаңында балаларын бақылап отырған қонақтарды әңгімеге тарттық.
– Балалар басқа-басқа, осындай аттракциондарға, батуттарға құмар. Үш баламды ертіп саябақтардағы батуттарға да бірнеше рет бардым. Тіпті батуттардан да қауіп төнуі мүмкін екенін ескермеппін. Бірақ балаларды қайда жүрсе де көзден таса қалдырмаймыз. Аттракциондардың кіреберісінде де сол ережелер бекітіліпті. Меніңше, қалада балалардың бір қызығы батут деп ойлаймын. Себебі демалыс күндері осындай орындарға тұрғындар көптеп келеді. Дұрысы, батут пен аттракциондардың егелері қауіпсіздік шараларын сақтаса дейміз. Біз де барынша ережелерге бағынамыз, – дейді қала тұрғыны Әйгерім Баянбекова.
Біздіңше, белгілі бір нысанда, яғни жабық орналасқан ойын алаңшаларындағы аттракциондар мен батуттарда қауіпсіздік шаралары барынша сақталатын секілді. Дегенмен бұл да болса құзырлы органдар тарапынан тексерілмегендіктен, анық-қанығын дөп басып айта алмаймыз. Бір білетініміз, жабық нысанда орнатылған батутты жел ұшырмайды. Батут жайында жиған ақпараттарды саралай келе түйгеніміз, балаларға арналған ойын алаңдарын жіті қадағалайтын арнайы мекеме немесе құзырлы орган болмаса, тек түсіндіру жұмыстарымен шектелу аздық ететіндей. Ескертуді тұрғындар елегенмен, кәсіпкерлер ескермесе, одан не пайда?!

Comments (0)
Add Comment