Баталы ердің бағы зор

«Қариясын қадір тұтқан ел азбайды». Бұл көненің сөзі өз қасиетін жоғалтпақ емес. Атадан бата алып өскен өнегелі жолды жалғаған Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев облыстық ардагерлер кеңесі мүшелерімен кездесті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Ардагерлер үйінің мәжіліс залында өткен басқосуда шаһар басшысы зиялы қауыммен қаланың тыныс-тіршілігі мен келешекке құрған жоспарларды ортаға салды.
– Бүгін өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Халықты ынтымақ пен бірлікке үндеу мен дұрыс жол сілтеуде, өңір дамуында зиялы қауым өкілдері мен ардагерлердің қосқан үлестері зор. Қаланың тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы сіздерді үнемі толғандырып, түйткілді мәселелердің өздеріңіздің қатысуларыңызбен шешімін тауып жататыны белгілі. Кездесу барысында өздеріңізді толғандырған мәселелерді ортаға салуларыңызға болады, – деді шаһар басшысы.
Ең әуелі сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жуырда ғана қызметке кіріскен әкімге сәттілік тіледі.
– Соңғы екі-үш жылда қаланың көркіне көрік қосылып, ажары көпті таңдандырып келеді. Бұл – қажырлы еңбектің арқасы. Өзіңіз кезінде мемлекеттік қызметкер ретінде еңбек жолыңызды бастаған жерге келіп, тер төгіп жатырсыз. Біз, ардагерлер кеңесінің мүшелері ісіңізге береке тілейміз. Кей тұста ағалық кеңесімізді айтып, жол сілтеп отыруға әрдайым әзірміз, – деді Еркінбек Солтыбаев.
Жиынға қатысқан «Жаңару» РҚБ Жамбыл облысы филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев бірқатар мәселені тілге тиек етті.
–Тарихи шаһарға келіп, білек сыбана іске кірісіп жатырсыз. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Былтыр баршамыз Қала күнінде Үшбұлақ демалыс аумағының көркейгенін көзбен көрдік. Жағалау жаңарып, маңайы әсемделді. Қазір тараздықтардың ең сүйікті демалыс орнына айналды. Ендігі кезекте мені осы Үшбұлақтың жалғасы саналатын Зербұлақтың тағдыры алаңдатады. Қазір тұрғындар тарапынан бұл шағын көл маңайының ластанып кеткеніне байланысты жиі сын айтылып жүр. Осы жердің айналасын абаттандыру жоспарда бар ма? Осыны білгім келіп еді, – деп сауал тастады ол.
Мұнан өзге жиын барысында қаладағы қоғамдық көліктердің ескіргені, кейбір орталық көшелерде тас жол мен ауыз судың жоқтығы, жабайы базар мәселелері айтылды.
– Зербұлақ көлі маңын абаттандыру жоспарда бар жұмыс. Келешекте өздеріңіз куә боласыздар. Шаһар орталығындағы кей көшелерде ауыз судың жоқтығы мені қатты таңдандырды. Жағдайды реттеу үшін жұмысқа кірісе сала «Тараз-Су» мекемесіне арнайы бас сұқтық. Олардың барлық құрылғылары жаңартылған. Мәселе сондағы суды қалаға тасымалдайтын құбырларда болып тұр. Тиісті мамандарға тапсырма берілді. Осы жылдың жаңа бюджеті есебінен бұл олқылықтардың орны толықтырылмақ. Бүгін ғана қаладағы жабайы сауда мәселесімен рейдке шықтық. Саудагерлерді түсінемін. Оларға барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Ал қоғамдық көлік мәселесі бойынша да мен тиісті мекеме басшыларымен кездесу өткіздім. Олар тарифті көтеруді сұрап отыр. Бірақ бұған облыс басшылығы рұқсат бермейді. Халыққа да қолайсыз. Жағдай бақылауда. Көліктердің барлығын бірден жаңарту мүмкін емес. Бұл да бірте-бірте реттелетін шаруа, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Қоғамдағы тұрақтылықты орнықтыруда, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде ардагерлердің рөлі орасан зор. Жиын барысында қан майданды көрген ардагерлеріміздің азайып бара жатқаны, оларды тиісті деңгейде құрметтеу керектігі де кеңінен айтылды. Шаһар басшысы ардагерлерді алда келе жатқан Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен құттықтауды да ұмыт қалдырған жоқ.
Басқосу соңында қазыналы қарттарымыз қала әкіміне алғыс айтып, ақ тілектерін жаудырды, бірге естелік суретке түсті.

Comments (0)
Add Comment