Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «31 арнаның» жүргізушісі Асқар Меңдібаевқа әкімдікке шабуыл жасалып, қалада тәртіпсіздіктер басталғанда, наразылық білдірушілерге неге шықпағанын айтты. Видео Информбюро бағдарламасының Instagram-парақшасында жарияланды, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бәріміз жұмыс орнында, штабта болдық. Алғашқы түні таңға жуық мәлімдеме жасадым. Келесі күндерде штабта болдық. Басты міндетім Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, әкімшілік, басшылықпен байланыс орнату болды. Осы жұмыстардың бәрін үйлестірдік.
Полиция департаменті, ҰҚК департаменті және т.б. бірінші тұлғалармен байланысуға (өкілеттілік) жоқ. Барлық жұмыс менің мойнымда болды. Әр 5-10 минут сайын келіссөздер жүрді.
Бір жерде үнсіз, тыныш отырдық деген сөз жоқ.
Қосымша күштер келіп, арнайы жасақ әкімдік пен алаңды тазартқанда, штабтағы әріптестерім әкімдік пен алаңға шықты. Сол жерде бізге оқ атты, жан-жақтан оқ жаудырды. Артымыздан қуды. Бізді күтіп отырған. Олар қайда баратынымызды білген», – деді Сағынтаев.
Әкімнің айтуынша, оқиғалар кезінде оның жүргізушісі зардап шеккен, ал «Алматы» телеарнасының жүргізушісі қаза болған.
Сағынтаев Алматы полициясының қарулы бүлікшілерге төтеп бере алмағанын, себебі олар қарусыз болғанын айтты.
«Қалада Ұлттық ұлан, полиция және әскери курсанттар болды. Олардың ешқайсында қару болған жоқ. Оларда қалқандар, кейбірінде таяқтар, көпшілігінің қолында ештеңе болмады. Олар дыбыс шығаратын гранаталарды қолданды, болды…», – деп түсіндірді әкім.
Алматы әкімі атыс қаруын қолдану үшін бұйрық қажет екенін мәлімдеді. Бұлай адамдарды атып тастауға болмайды. Оның айтуынша, оқ ату туралы бұйрық қарақшылар мен лаңкестер бірінші болып оқ атып, адамдар қаза болғанда берілген.
«Басып кіріп, ұрып-соғып, өлтірді, басын кесіп алды. Мұны қалай түсінуге болады?» – деді Сағынтаев.