«Басылымның бюджеті 300 мың теңге ғана болған»

Дархан БАЙТУОВ,
«Jambyl-Taraz» газетінің алғашқы бас редакторы

«Газет – халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ ел басқа газеті бар елдердің қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді».

Ахмет Байтұрсыновтың ғасыр бұрын айтқан бұл пікірі өзінің маңыздылығын толықтай сақтап қана қоймай, бүгінгідей ақпарат ағыны дамылсыз дамыған заманның талабын анықтап беріп отыр. Әрине, қазіргі қазақ баспасөзі бұл талаптарға сай болудың қамын жасап, үлкен жұмыс істеуде. Нәтижесінде бұл межені абыроймен еңсерген басылымдар саны жыл санап артып келеді. 30 жылдық белесіне аяқ басқан «Jambyl-Taraz» газеті де солардың қатарында.
Газеттің алғашқы саны оқырман қолына 1996 жылдың 16 ақпан күні тиді. Әрине, бірнеше адам жиналып, газет шығара салмасы анық. Басылымның толыққанды ақпарат құралына айналып, жүйелі түрде жарыққа шығып отыруы үшін оған редакция қызметкерлері орналасатын кеңсе – алғашқы қажеттіліктердің бірі ғана. Сондай-ақ материалдық-техникалық базасын құру секілді мәселені де шешу аса маңызды. Бұл ретте көне шаһардың бас басылымы «Jambyl-Taraz»-дың ашылуына сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшанов тағайындаған Тараз қаласының әкімі Болат Жылқышиев себепкер болған еді. Бұл азамат біздің өңірге сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысынан келген болатын. Содан болар, Болат Әбжаппарұлы «Шымкент келбеті» секілді аузы дуалы әрі бәсекеге қабілетті қалалық басылым құру идеясына мықтап кірісті.

Ол шақта қала әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып Нұрғали Әбілдаев қызмет ететін. Ол азаматпен мен қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Журналистика» факультетін тәмамдай салысымен «Жамбыл таңы» газетінде бірге қызмет еткенім бар еді. Қала әкімінің газет ашу туралы бастамасын қолдай кеткен Н.Әбілдаев маған жаңа басылымды ашуға атсалысып, басқаруға ұсыныс білдірді. Бұл 1996 жылдың қаңтар айы болатын. Нәтижесінде басылымды тіркеу, жазылым индексін алу секілді міндетті шараларды атқару үшін сол кездегі Баспа және бұқаралық ақпарат министрлігі орналасқан Алматы қаласына бірнеше рет барып, бұл жұмыстарды да ретімен іске асырдық.
Сол шақтағы шаһар басшысының басты талабы – жаңа газеттің атауы қазақ және орыс тілдерінде де бірдей аталатын, аударылмайтын болуы керек еді. 1996 жылы Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған Қалбүбі Мақажанова «Жамбыл-Тараз» атауын ұсынды. Бұл атау көптің көңілінен шығып, ресми түрде бекітілді. Ең қызығы сол, ол жылы облыс орталығы әлі де Жамбыл аталатын. Алайда араға жыл салып, 1997 жылдың 8 қаңтарында Тұңғыш Президенттің Жарлығымен қалаға тарихи атауы қайтарылды. Бұған газеттің әсері болды ма, жоқ па, әйтеуір бұл жайт ел аузында сәйкестік ретінде әлі айтылып жүр. Осылайша басылым «Жамбыл-Тараз» атанды.
Газетіміз банкте есепшотын ашқан соң, қала әкімшілігі (ол кезде әлі әкімдік деп аталмай тұрған еді) 1 АҚШ доллары 60 теңгеге тең бағаммен 300 мың теңге аударды. Яғни газеттің алғашқы бюджеті 300 мың теңге ғана болған. Осылайша барлық жұмысты осы қаражатқа атқардық.
Басылым тізгінін қолға алған соң журналистер тобын жинап, жұмысты бастадық. Ол кезде қала әкімшілігінің қуықтай ғана бөлмесінде отыратын едік. Одан кейін біршама уақыт Жамбыл мен А.Пушкин көшелерінің қиылысындағы мал дәрігерлік мекеменің ғимаратында орналастық. Кейін келе Жамбыл мен Е.Ниетқалиев көшелерінің қиылысқан тұсында орналасқан тұрғын үй шаруашылығы тресінің ғимаратында біраз уақыт тұрақтадық. Түрлі жылдары «Глобус» сауда үйінің, «Қазпоштаның» ғимараттарын да мекендедік.
Ол уақытта компьютер деген атымен болған емес. Мақалалар баспа машинкасында теріліп, облыстық баспаханаға жеткізілетін. Дегенмен, алдында бөлінген 300 мың теңге газетті аяғына тік тұрғызуға толықтай жетті. Оның құпиясы – баспа өнімдерін таратумен айналысатын жекеменшік мекемелермен жұмыс істеуімізде еді. Осылайша газеттің алғашқы саны 10 мың дана таралыммен жарыққа шықты. Оның барлығын әр данасына 4 теңгелік бағамен жергілікті нарықта тараттық. Ал газеттің келесі саны 20 мың данаға бір-ақ жетті. Сол себепті ешкімнен қаражат сұрамай, өз-өзіміздің шығынымызды жабуға жұмыс істедік.

Comments (0)
Add Comment