Басылымның атауын кім ойлап тапты?

Ақпарат айдынында 26 жыл бойына халық пен бұқараның арасында алтын көпір болған қала үнпарағының тарихы тереңде. Жалпы газет неге «Жамбыл-Тараз» деп аталды? Бұл атауды кім, қалай ойлап тапты? Тарихқа үңілсек…

1995 жылы қалаға жаңа келген әкім Болат Жылқышиев ә дегеннен жұмыстағы белсенді азаматтарды жинайды. Оның ішінде қала әкімінің сол кездегі орынбасары Нұрғали Әбілдаев және ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметінде жүрген Қалбибі Мақажанова да бар еді. Шаһар басшысы жиналғандарға қалаға өз газеті керек екенін түсіндірді. Ол уақытта қала әкімдігі «қала администрациясы» деген атауға ие болған. 1993 жылы дағдарыс басталып, 1 сом 500 рубльге теңеліп, қаржы тапшылығына орай «Жамбыл таңы» және «Тараз» АҚ-ның басылымдары жабылып қалған. Бірақ Болат Жылқышиев жаңа газет шығаруды қолға алып, орыс және қазақ тілінде еркін айтылатын атау ойлап табуды тапсырады. Біршама уақыт өткеннен кейін қызметкерлерін қайта шақырып, газет туралы ойларын ортаға салуды сұрайды. Міне, сол сәтте, яғни 26 жыл бұрын марқұм Қалбибі Мақажанова ұсынған «Жамбыл-Тараз» атауы бірауыздан қолдау тауып, тамырында тарихымыздың өзегі бар қала басылымының атауы дүниеге келеді. Газеттің 20 жылдығында Қалбибі Мақажанова редакцияға келіп, өзінің естелік әңгімелерімен бөліскен еді. Сонда ол газеттің атауы облыс пен қаланы біріктіретін Әулиеатаның шамшырағы болып, екі тілде де айтылуы да, мағынасы жағынан да түсінікті болу керектігін алға тартып, осы шешімге келгенін айтқан еді. Ширек ғасырға қадам басқан газеттің мерейтойы қарсаңында Қалбибі Мақажанова 79 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Міне, 26 жылдан бері ақпарат айдынында үздіксіз ақпар беруде жаңылмай, жалықпай, заман ағымына ілескен қалалық газеттің бүгінде 7 мыңнан астам оқырманы бар. Одан бөлек, өз алдына «Jambyl-Taraz» сайты құрылып, оқырмандарға тез әрі жылдам жаңалық таратуда алдына жан салмай келеді.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment