Басты құжаттың бағыты айқын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Бұл маңызды құжатта осыған дейін жүзеге асқан жұмыстар қорытындыланып, алдағы мақсат-міндеттер нақтыланды.

«Мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізеді. Ол жалақы мөлшерін кезең-кезеңмен ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деген Президент халықтың көкейінде жүрген мәселенің бірі – ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге дейін өсетінін жеткізді.

«Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», – деп Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Бүгінде саяси науқанның мерзімі нақтыланып, 20 қарашаға белгіленді.

Отандық жоғары оқу орындарының сапасының артуына қарай оларда оқу құны да өсетін болады. Сондықтан мемлекет білім беру гранттарын бөлуді жоспарлап отыр. Олар ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшері бойынша 30-дан 100 пайызға дейін сараланады. Оқу үшін 2-3 пайыз жеңілдікпен кредиттер де берілмек.

– Алда педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдау және педагог құзыреттілігінің шеңберін әзірлеу міндеті тұр. Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқытуды күшейту маңызды, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Әділетті Қазақстан құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынына сенімді екендігін жеткізді.

Президент Жолдауда денсаулық саласына да ден қойды. «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр», – деген Президент бұл жүйенің тиімділігі төмен екендігін сынға алды.

«Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрай- ық!», – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.

Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты айқын көрініс тапты. Сол үшін тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір азаматы басты құжаттың маңызын ұғына отырып, қолдау көрсетіп, ондағы тапсырмалардың реттілікпен іске асуына жұмыла еңбек етсе, Жаңа Қазақстан құруда үлкен рөл атқарары сөзсіз.

Сағынтай Тәттібаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Құрылыс және материалдар өндіру»
кафедрасының аға оқытушысы

Comments (0)
Add Comment