Басты құжаттың бағыты айқын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық ахуалына ерекше басымдық берілгені белгілі. Президент ел Егемендігінің 30 жылдық белестегі ең үлкен жетістігі – біртұтас, жаңа мемлекет құру болғанын атап өтті. Әсіресе біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы.

«Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деп мемлекеттің алдағы даму жоспарына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы цифрландыруға, автоматтандыруға байланысты жұмысты ілгерілететін бірқатар мамандықтар пайда болып жатқанын айтты. Біз мұны пандемия кезінде кәсіпкерлердің заман ағымына қарай бейімделе бастағанынан аңғардық. Яғни бизнес өкілдері бәсекеге қабілетті болу үшін цифрландыруға бет бұрады.
Президент Жолдауда жаңа технологияларды пайдаланып, суды үнемдеуге көңіл бөлудің маңыздылығына тоқталды. Себебі бұл – тек бізді ғана емес, әлем елдерін алаңдатып отырған күрделі мәселе. 2030 жылға қарай су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін деген дерек бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы жағдайды жедел реттеу мақсатында ел бойынша 120 канал жаңартылып, 9 су қоймасы салынатынын, соның ішінде Жамбыл облысында да бұл бағытта құрылыс жұмыстары қолға алынатындығын айтты. Осылайша өңірлерді дамытудың ұлттық жоспары аясында бес жылда халықты 100 пайыз сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы Жолдауда әлеуметтік жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға тағайындалатын әлеуметтік көмекті тиімді үлестіруге шақырды. Сонымен қатар пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамуға, денсаулық сақтау жүйесіне, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыруға саяси жаңғыру және адам құқығын қорғауға жеке-жеке тоқталды. Әрине, мұның барлығы – 30 жылдық белесті абыройлы еңсерген еліміз үшін дамудың жаңа бағдары. Сондықтан Жолдауда айтылған межелі міндеттерді бірге бағындыруға әрқайсысымыз қажетінше қолдау көрсетуіміз керек деп ойлаймын.

Нұрбек Қауан,
И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі

Comments (0)
Add Comment