Басты мақсат – тұрғындар тұрмысын түзеу

Қордай ауданында ағымдағы жыл басынан бері «Ауыл аманаты» жобасы аясында 94 азамат өз кәсібін ашты. Айталық, Қордай ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы үш ауылда жүзеге асуда. Қазіргі таңда Кенен, Қарасу және Қаракемер ауылының тұрғындары аталмыш жобаның игілігін көруде. Бұл туралы көрсеткіштерге аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев жан-жақты тоқталды.

– 2022-2023 жылдары Кенен ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға жалпы 455,7 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ 2,5 пайызбен несиелендіру жобасы үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығы, ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану, кооперативтерді жабдықтау және өз кәсібін ашуға қолдау секілді бес бағыт негізінде жүруде, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Кенен ауылы бойынша бірінші бағыт аясында тұрғындар үй іргесіндегі 62 гектар жерді тиімді игеруге кірісуде. Екінші бағытқа сәйкес, бүгінгі күнге 342 миллион 700 мың теңгеге 96 өтінім тапсырылып, оның 73-і несиеге қол жеткізген. Ал үшінші бағыт бойынша 250 гектар алқапқа арпа себілсе, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 53,8 миллион теңгеге 9 дана әртүрлі техника сатып алынған. Сондай-ақ бесінші бағыт – өз кәсібін ашу үшін 4 адам келісімшартқа отырып, 34 млн 400 мың теңге көлемінде несие алған.
Бұдан бөлек, Қарасу ауылдық округі бойынша да жоба аясында жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, 5 жылыжай, 1 188 аулаға көкөністер егілмек. Сондай-ақ 450 миллион 200 мың теңгеге 2 004 мал басы сатып алынады деп көзделуде. Ал Қаракемер ауылдық округінде 105 шаруаны тиімді несиелендіруге 814,3 миллион теңге қаралған.
Бұған қоса Қордай ауданында «Ауыл аманаты» жобасы арқасында аталған үш ауылдың тұрғындары табысын арттырып, тұрмысын тіктеуде десек, алдағы уақытта жобаның игілігі өзге де ауылдық округтерге таралады деп күтілуде.

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment