Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен шаһар аумағындағы сұйытылған газ құю бекеттері бойынша кеңес өтті.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Жамбыл облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының және қалалық құқық қорғау органдарының басшылары қатысқан басқосуда әуелі қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Нұрсұлтан Исабеков баяндама жасады.
– Тараз қаласы аумағында орналасқан газ құю бекеттеріне 2022 жылы 27 шілдесінен бастап зерделеу жұмыстары жүргізілген. Зерделеу барысында 34 газ құю бекеті жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз, жобалау, құрылысын салу және пайдалану табиғи-климаттық, санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы, қоршаған ортаны қорғау, адам денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау талаптарын бұзып орналастырылғандығы анықталған. Соған орай Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевтың 2023 жылы 18 қаңтарда шығыс №02-396 хаты негізінде құзырлы мекемелерге өз құзіреттілік шегінде шара қолдану туралы хат жолданған. Алайда олардан жауап хат болмауына байланысты ағымдағы жылы қайталап хат жолданды, – деген Нұрсұлтан Архабайұлы қауіпсіздік ережелерін сақтамай орналасқан газ құю бекеттерін жауапты мекемелерге құзыреттілік шегінде қарап, шұғыл түрде қолданыстағы заң аясында тиісті шара қолдануын сұрады.
Келесі кезекте қала әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы Гүлшат Айтбаева газ құю бойынша заң талаптарын кеңінен түсіндірді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі аталған мәселенің тез арада шешімін табу қажеттігін баса айтты.
– Зерделеу нәтижесі көрсеткендей, анықталған газ құю бекетінің барлығы дерлік тұрғын үйлердің немесе кәсіпкерлік нысандардын маңында орналасқан. Ал бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешуіміз қажет. Сол үшін арнайы жұмыс тобын құрып, сол бойынша тиісті шешім қабылдау қажет, – деді шаһар басшысы.
Аталған мәселе тұрғындарды да көптен бері толғандырып келеді.
– Бүгінде қалада газ құю бекеттері өте көп. Әрине, нарықтың талабы болғандықтан, оларға еш кінә таға алмайсыз. Дегенмен бекеттердің көпшілігі нысандарға жақын орналасқан. Сондықтан одан келер қауіп мол. Абайсызда өрт оқиғасы тіркеліп, газ құю станцияларының біреуі отқа оранса, орны толмас өкінішке соқтырады, – дейді тұрғын Алпамыс Байғабылов.
Осы орайда аталған мәселе шаһар басшысының жіті назарында екенін айта кеткіміз келеді.
Құрмаш Қаптағай