Басты мақсат – халықтың қауіпсіздігі

Бүгінде шаһарда өрт оқиғаларының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, жыл басынан бері облыс бойынша 331 өрт оқиғасы тіркелген екен. Ал апаттық-құтқару жұмыстарына мамандар 170 рет аттанып, тілсіз жауды тізгіндеген. Сондай-ақ өрт ретінде есепке алынбайтын 751 жану оқиғасы орын алған.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, өрттің ұлғаюы көбінесе қоқысқа абайсызда төгілген жанғыш заттардан, күлден және кең даладағы құрғақ шөптің әсерінен болады екен. Басқарманың дерегінше, өрт сөндірушілердің арқасында жалын ішінен 130 адам құтқарылып, 378 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың қатарында балалар да бар. Жалпы жыл басынан бүгінгі күнге дейін өрттен келтірілген шығын сомасы 71 миллион 5470 теңгені құраған.
Тілсіз жауды тізгіндеуде сала мамандарының еңбегі ерен. Мәселен, шілде айының басында сағат 14.14-те облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» телефонына шаһардағы Театральный көшесіндегі 6 пәтерлі тұрғын үйдің өртке оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына №4 өрт сөндіру бөлімінен 12 бірлік өрт сөндіру техникасы мен 46 адамнан тұратын жеке құрам аттанып, тілсіз жауды 35 минутта толығымен ауыздықтайды. Апат айтып келмейді, араға 3 күн салып, сағат 12.50-де Тараз қаласындағы «Рассвет» иіні, Қосанов көшесіндегі тұрғын үйдің шатыры отқа оранғаны белгілі болады. Оқиға орнына жедел аттанған №1, №2 және №4, мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінен 8 өрт сөндіру автокөлігі мен тиісті жеке құрам, өртті сөндіреді. Төтенше жағдай салдарынан үйдің шатыры, жатын бөлмесі және ондағы тұрмыстық заттар күлге айналғанымен, ешкім зардап шекпеген. Осы орайда сол күні өрт сөндірушілер 8 оқиғаға қатысып, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін күрескенін айта кеткен жөн.
Әрине, тілсіз жаумен күрес тоқтаусыз жүргізіле береді. Дегенмен тұрғындардың өздері де қам-қарекетсіз қалмай, сақтық шараларын барынша сақтағандары жөн. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері де үнемі тұрғындарды өрт қауіпсіздігінің ережелерін барынша қатаң ұстануға шақырады. Осы мақсатта көпшілік орындарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Сақтанбаса судан да келер қауіп көп екені белгілі. Әсіресе қазіргідей шомылу маусымында суға батып кету деректері жиілеген. Осыған жол бермеу мақсатында Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жиі-жиі рейдтерге шығып, халықты ақпараттандыру жұмыстары жасалуда. Бір сөзбен айтқанда, тілсіз жаумен күрес бір сәтке де толастамақ емес.

Жұматай Көксубайұлы

Comments (0)
Add Comment