Басты мақсат – аграрлық ғылымды дамыту

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Әлемнің кез келген мемлекетіне барсаңыз, олар Қазақстанды аграрлық республика ретінде таниды. Еліміздің ұлттық экономикасының дамуы ауылдың жағдайына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқандай: «Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес».

Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, 34 жылдың ішінде осы мәселе шешілген жоқ. Мысалы, Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларының ішінде 9 түрінен – 100, 8 түрінен – 50 пайызға облыс өзі қамтамасыз ете алады. Ал 2 түрі басқа аймақтардан әкелінеді (күріш – Қызылорда облысынан, қарақұмық (гречка) – Солтүстік Қазақстан облысынан). Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткендей, бұл жерде екі мәселені нақты шешу қажет. Біріншіден, ауыл шаруашылығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, екіншіден, аграрлық ғылымды дамытып, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу.

Өздеріңізге белгілі, бір жоғары оқу орнында барлық білім бағдарламалары бойынша мамандарды бірдей жоғары сапалы деңгейде дайындау мүмкін емес. Сондықтан өңірлік университет жоғары білім беру жүйесінде өзіне лайықты орынды тауып, бір бағытта жұмысын басқалардан жақсы жасау керек, орысша айтқанда өз орнын табуға тиіс. Біздің университет үшін ондай бағыт ауыл шаруашылығына мамандарды даярлау және аграрлық ғылымды дамыту.

Университеттегі бакалавриаттың 38 білім бағдарламасының ішінде жетекші орын алып отырғаны – облыстың ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтар. Яғни бұл жерде біз екі мәселені шешіп отырмыз. Біріншіден, мамандар даярлауды бір жетекші бағытқа бейімдеу. Екіншіден, көрші жоғары оқу орындарындағы (М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің) мамандықтарын қайталамау.

Сонымен қатар еңбек нарығына бүгін қажет мамандықтар келешекте ескіруі мүмкін. Сондықтан мамандарды озық даярлау жүйесі – қазақстандық экономиканы дамытудың негізі.

Жуырда Жамбыл облысының аймақтық мамандықтар картасы жарияланды. Картада жаңа мамандықтар, трансформацияланатын мамандықтар және жойылатын мамандықтарға байланысты ақпарат берілген. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында 12 жаңа мамандыққа қажеттілік туады деген болжам жасалған. Бұл мамандықтардың пайда болу көкжиегі 2030 жыл деп көрсетілген. Мамандықтарды салыстырып қарап отырсақ, оларды біріктіретін негізгі ұстаным, басты принцип – ғылым арқылы білім үрдісін ұйымдастыру.

 Ауыл шаруашылығына сапалы мамандарды даярлау үшін ғылыми-педагогикалық потенциалмен бірге инновациялық инфрақұрылым, материалдық-техникалық және оқу-зертханалық база қажет.

Жамбыл облысы, Байзақ ауданында университеттің 3 ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Біріншісі – 8 гектар жерді алып жатқан агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы. Орталық студенттер мен магистранттардың кәсіби практикасын өтуіне, профессор-оқушы құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжай кешенін дамытуға және отандық өсімдік селекциясын зерттеуге арналған. Одан бөлек, агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ауыл шаруашылығында жүрген шаруаларға әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді, яғни олардың қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлік мәдениетін дамыту мақсатымен курстар мен тренингтер өткізеді.

Мен бірнеше жыл Жамбыл облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жанында құрылған комиссияны басқардым. Комиссия «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге грант беру туралы мәселені қараған болатын. 3 млн теңге көлеміндегі грант өз кәсібін бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау (старттық капитал) ретінде берілетін. Өкінішке қарай, конкурсқа қатысқан көп азамат кәсіпкерге қажетті негізгі сұрақтарға (бизнес-жоспар, жобаның жаңашылдығы, қосымша жұмыс орындарын ашу) жауап беруге қиналды. Яғни олардың кәсіпкерлік мәдениеті төмен екені анықталды. Сондықтан оларды кәсіпкерлікке дайындау керек.

Тағы да бір мәселе – шаруаларға берілетін субсидия. Президенттің айтуы бойынша, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Өкінішке қарай, шаруалар субсидияны мемлекет беретін төлем деп қабылдайды. Ал шындығында субсидия дегеніміз шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл. Сондықтан субсидияны шаруаларға мақсатты беру, тиімді пайдалануына талдау жасап, бақылауда ұстау, субсидиялау туралы ақпарат ашық болып, толық қамтитын платформа әзірлеп, шаруаларға тегін қызмет көрсету – өзекті мәселе.

«Ветеринария және мал шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығының жер телімі 50 гектар аумақты алып жатыр. Мақсаты – өңірлік агрокешенді дамыту және ауылшаруашылығы селекциясын зерттеу. Мұнда университеттің ет және сүт бағытындағы асыл тұкымды ірі қараға арналған фермасы орналасқан.

«Аквамәдениет» ғылыми-зерттеу орталығы өңірде балық шаруашылығын дамыту, балық өсіру, су айдындарының құрамын зерттеумен айналысады. Қазіргі таңда Жамбыл облысында балық шаруашылығы саласында 148 су айдыны бар. Университет ғалымдары осы көлдердің 50-іне ғылыми-биологиялық негіздеме жасады.

Соңғы 3 жылда гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру есебінен және коммерцияландыру бағыты бойынша республикалық бюджеттен аграрлық тақырыптарға 1,72 млрд теңге көлемінде ғылыми жобалар орындалуда. Оның ішінде 2 жоба гранттық қаржыландыру, 4 жоба бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру және 1 жоба коммерцияландыру грант есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Одан бөлек, шаруашылық келісімшарт арқылы ғылыми-сараптамалық және ғылыми-консультативтік жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 2024 жылы балық шаруашылықтарың сұранысымен 18 228 000 теңгеге жобалар орындалды.

«Ғылым қорының» 280 миллион теңге көлемінде коммерцияландыру гранты есебінен балық өсіру технологиясымен айналысатын акваферманың құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Сонымен қатар өңірлік ғылымды дамыту үшін келесі мәселелерді ескеру керек деп ойлаймыз. Біріншіден, 2025 жылы 14 наурызда Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен өңірлік ғылымды дамыту және жергілікті бюджеттен ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы әдістемелік нұсқаулар бекітілді. Осы құжат нәтижелі жұмыс істеу үшін облыстық мәслихатта қарап, бюджеттен өңірлік ғылымды дамытуға жұмсалатын нақты қаражатты бекіту керек. Облысқа қандай басымды бағыттар зерттеуді талап етеді? Бұл сұрақ бойынша ұсынысты өңірлік ғылыми кеңес береді. Өңірдің ғылыми-техникалық саясатында қалыптастыратын осы кеңес. Мысалы, аймақтық экономиканың сұраныстарына сәйкес, Шерхан Мұртаза университеті аграрлық бағытта, Дулати университеті химия және химиялық технология саласы бойынша, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми жобаларды жүргізе алады.

Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың тарапынан берілетін ғылымға деген мемлекеттік тапсырысты дұрыс анықтау керек. Бұл жерде Ғылым және жоғары білім министрлігі, жергілікті атқарушы орган, Ғылым қоры, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер, кәсіпорындар мен бизнес-құрылымдар арасындағы байланысты дамыту қажет деп ойлаймыз.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ауыл шаруашылығына мамандарды даярлау және аграрлық ғылымды дамыту тәжірибесі 2025 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ректорлар Кеңесінде қаралды. Қыркүйек айының ортасында Шерхан университетінің базасында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылық ғылыми Академиясының кеңейтілген отырысы өтеді. Осы жиында Жамбыл облысының ауыл шаруашылығына қажетті ғылыми-зерттеу жұмыстарының басымды бағыттары талқыланады.

Comments (0)
Add Comment