Бастама баршаға ортақ

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев Тараз қаласына іссапармен келді. Халық қалаулысы ең алдымен ТИГУ бас ғимаратына ат басын бұрып, студент жастармен кездесті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Оқу орнының ректоры Ерболат Саурықов депутатқа университеттің робототехника мен химия өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеп, әшекей бұйымдар жасап отырған шығармашыл студенттерінің жұмыстарын таныстырды. Кездесу барысында Абдалы Тоқбергенұлы Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасының қабылданғанын жеткізе келіп, жаңа бастамалар мен нақты тапсырмаларға тоқталып өтті.

– Бағдарламаның басты басымдықтары азаматтардың тұрмыс деңгейін және әлеуметтік жағдайын түзетуге арналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, таяудағы үш жылда бағдарламалар мен жоспарларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша 2 триллион 350 миллиард теңге бөліну жоспарлануда. Бұл қаражат есебінен 2019 жылғы 1 шілдеден бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін арттыру көзделуде. Сондай-ақ көп балалы отбасыларды қолдау шаралары күшейтіліп, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту және баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады, – деді Абдалы Тоқбергенұлы.

Биылғы Жастар жылында елімізде бірқатар кешенді жобалар іске аспақ. Жастарды жаппай кәсіпкерлікке тарту – негізгі мәселелердің бірі. Осыған орай бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кеңейе түспек. Кездесуде студенттер Сенат депутатына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Бұдан әрі депутат қаладағы №28 балабақшаға бас сұғып, онда педагогтардың мәртебесі, төменгі айлық жалақы жайында баяндады. Балабақшаның жұмысымен танысып, Елбасының әлеуметтік салаға байланысты бастамалары турасында қызметкерлердің пікірін тыңдады

Сондай-ақ сенатор өткен жылы индус-трияландыру жобасы арқылы іске қосылған «Сәуле» кондитерлік фабрикасына арнайы ат басын бұрды. Қазіргі уақытта тәулігіне 3 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорында 60-тан астам адам тұрақты жұмыс істейді. Өндіріс орнының жұмысына сәттілік тілеген халық қалаулысының жұмыс сапары аймақта ары қарай жалғасын таппақ.

Comments (0)
Add Comment