Баспасөз хатшылары желіде белсенді болуы керек

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен облыс әкімдігінің басқармалары және аудан әкімдерінің баспасөз хатшыларына арналған «Заманауи медиа және баспасөз қызметі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Басқосуға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек пен облыс әкімінің баспасөз хатшысы Самат Сүлей қатысты.

Жиында баспасөз хатшыларының негізгі міндеті мен талабы жайында кеңінен айтылды. Заман ілгерілеген сайын ақпарат ағыны да түрленетіні белгілі. Осы тұста сала мамандары жаңашылдыққа дайын болуы қажет. Сонымен қатар ресми ақпаратты тұрғындарға ұғыныңқы әрі жедел жеткізу де маңызды. Кездесуде сөз тізгінін алған Дәулет Жамаубайұлы баспасөз хатшыларың басты міндеттері жайында кеңінен айтты.

– Жұмыс істеу бір міндет болса, екінші міндет – оны халыққа көрсете білу.  Өздеріңізге белгілі жылдан-жылға әлеуметтік желінінің мүмкіндігі артып, ақпарат ағыны да соған сай түрленуде. Баспасөз хатшылары  «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы ұстанғаны ләзім. Аудан әкімдерінің сайттарына біз де үңіліп шықтық. Ресми ақпарат көп екен. Сол үшін PR-ға көп көңіл бөлу керек, яғни қоғаммен байланыс берік болған дұрыс. Әрине аудитория жинау да оңай емес. Ол үшін ресми ақпараттармен қатар, ауылдың тарихы және атпал азаматтары туралы да мәлімет берсе ешкім қой демес. Әсіресе, коронавирис пандемиясынан кейін ақпараттың таралу жиілігінде де өзгерістер болды. Аудандағы баспасөз хатшылары жылдағы дәстүр бойынша маусым сайын жарияланатын ақпараттарды дайындап отыруы қажет. Сонда ақпарат жедел тарайды. Бүгінде баршаңыз білетін ВВС корпорациясы оператор мен журналистерін қысқартуда. Себебі бір жерге журналист жіберіп, кейін ақпаратты өңдеп отыру тиімсіз. Есесіне олар жаңалықтарды басқа ақпарат көздерінен сатып алады. Бір сөзбен айтқанда өзгеріс көп, сондықтан заман ағымына сай жаңашылдықтан қашпауға шақырамын,–дейді Дәулет Жамаубайұлы.

Сонымен қатар семинар-тренингте облыс әкімінің баспасөз хатшысы Самат Сүлей жеке парақшада белсенділікті арттыру арқылы ресми парақшаны жандандырудың тиімділігіне тоқталды. Сонымен қатар аудан әкімдеріне хат жолдап, баспасөз хатшыларын бірер апта тәжірибе алмасуға шақыратынын хабарлады.

Comments (0)
Add Comment