Құрылыс материалдары ай сайын қымбаттап, елдегі тұрғын үй бағасы да аспандап барады. «Жығылған үстіне жұдырық» болғандай, зейнетақы қорындағы қаржыны алудың жаңа тәртібі болатынын естіген құрылыс компаниялары үйдің бағасын тағы шарықтатып жіберді. Құрылыс компанияларынан қалсын ба, үйін бәc саудаға салған жеке азаматтар да пәтер бағасын өсіріп жатыр. Келер жылда тұрғын үй бағасы қымбаттайтынын айтқан министрдің болжамы шындыққа жанаса ма? Тұрғын үй бағасы қашан тұрақтайды?
Алдыңғы айда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тұрғын үй бағасының тұрақталатыны жайлы болжам жасаған болатын. Оның айтуынша, елде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашылады. Қазір осы бағытта министрлікте бірқатар жоба қарастырылып жатқанға ұқсайды. Егер жоба сәтті жүзеге асса, жаңа өндірістер баспана бағасының шарықтауын тоқтатуы керек. Осылай деген министр алдағы жылы 35 жобаны жүзеге асырып, елімізді керамикалық материалмен 100 пайыз қамтамасыз етуді қолға алатынын жеткізген,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалталылар мен делдалдардың «үлесі» зор
Жеке компанияда материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы Бақтияр Букетов құрылыс материалдарының бағасы күн сайын құбылып тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, елдегі жанар-жағармай тапшылығына байланысты құрылыс материалдарын арзан бағада ұстап отыру тиімсіз. «Мысалы, біз алюминиймен айналысамыз. Африканың бір мемлекетінде әлем бойынша алюминийдің 20 пайызын шығарады. Біз де сол мемлекеттен сатып аламыз. Қазір жылда алып жүрген алюминий бағасын олар да көтеріп жіберді. Оның үстіне, жанар-жағармай тапшылығы туындаған соң тасымалдаушы компаниялар тағы ақша қосады. Елдегі пандемияға байланысты шекара жабық болды. Ол да шетелден тасымалданатын құрылыс техникаларының қымбаттауына әкеліп соқты», – дейді Бақтияр Букетов. Сондай-ақ ол «қажетті құрылыс материалдары қымбаттаған соң тұрғын үй бағасын құрылыс компаниялары қымбаттатуы түсінікті» екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, көптеген құрылыс компаниясы пәтер бағасын жаңадан салына бастағанда арзан бағалайды. Мәселен, тұрғын үйге үлескер ретінде қатыссаң, басында шаршы метрі 260-300 теңге болады. Құрылыс дайын болуына байланысты үйдің бағасы өсе береді. Үй салынып бітер кезде шаршы метрі 400-ден жоғарылайды. Өйткені құрылыс материалдары да қымбаттайды екен. Бұдан бөлек, жаңа салынып біткен тұрғын үйлердің бағасы қолжетімсіз болуына қалталылар мен делдалдардың «үлесі» зор. «Элиталық үйлердегі пәтердің көбі бір ғана адам алады. Таяуда Panorama Park тұрғын үй кешенінің сыртын жасап бердік. Жасы 30-ға енді келген бір келіншек құрылыс компаниясының әрбір тұрғын үй кезегінен бірнеше пәтер сатып алды. Ал бұл үйлерді ертең ол экономикалық жағдайды ескере отырып, өз бағасынан екі есе қымбатқа сатады. Жаңа салынып біткен үйдің алғашқы нұсқасының шаршы метрі 300 мың теңге, дәл сол алғашқы нұсқадағы үй пайдалануға берілетін кезде шаршы метрін 400 мыңға дейін өткізеді. Элиталық үйдің бағасы 600 мыңнан асып жығылады», – дейді Бақтияр Букетов.
Елорда тұрғыны Гүлбану Асанова Рио-де-Жанейро тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі үйге үлескер ретінде келісімшартқа отырған. Айтуынша, бастапқы жарнасын төлеп, наурызда пайдалануға берілетін үйдің жаңадан салына басталғандағы үш ай бұрынғы бағасы шаршы метріне 320 мың теңге болса, қазір 380 мыңнан басталады екен. «Ақша болса, осындай үлестік бөлісу келісімшартына тұрып, жаңадан салынып жатқан үйлерді сатып алған әлдеқайда тиімді секілді. Мысалы, мен үш ай бұрынғы бағамен аламын, қазір ол үйлердің бағасы күн сайын құбылып тұр. Жақында бір танысым да сол тұрғын үйден пәтер алғысы келіп еді. Шаршы метрі 400 мың теңгеге бағаланып жатыр», – дейді ол.
Қолжетімді үйге қолма-қол ақша керек
Баспана сатып алу, сатумен айналысатын риэлторлар да алдыңғы айтылған сөзді растап отыр. Қазір баспана бағасының шарықтауы қарапайым халықтың арқасына батуда, ал қаржысы бар адамдардың үйлі болуына мүмкіндік көп. Алматылық риэлтор Бақытгүл Есімханқызы құрылыс компаниялары бастапқыда үйлерін арзан бағалағанымен, санаттарына байланысты тұрғын үй кешендерінің бағасы шарықтай беретінін айтты. Мысалы, эконом санаттағы үйдің шаршы метрі қазір 180 мыңнан басталады. Комфорт санатты үйлер 300 мыңнан жоғары. Бизнес санаттағы үйлердің бағасы қымбаттамаса, тұрақты баға ұстап тұруы мүмкін емес. Бүгінде бизнес санаттың бір шаршы метрі үшін 500 мыңнан жоғары сұрайды. Көбіне мұндай санатты үйлердің шаршы метрі тұрғылықты жеріне байланысты миллионға дейін барады. «Көбісі жаңа салынып жатқан үйге қаржы құйған өте ыңғайлы әрі арзан деп санайды. Әрине, дәл қазіргі жағдайда ол тиімді шығар. Бірақ барлық үй салатын құрылыс компаниялары сенімді емес. Жақсы жұмыс істеп жатқан компаниялар нарықтың салдарынан айтқан уәделерінде тұра алмай, үйлерді кешіктіріп салып жатыр. Кейбір компаниялар халықтың ақшасын алып, қашып кетуде. Сондықтан бірінші ондай үйге ақша салу үшін құрылыс компаниясын жақсы білу керек. Жаңа ашылған компаниялар қолма-қол ақшаға ғана сатады», – деп отыр Бақытгүл Есімханқызы.
Бағдарлама жасалса да баға өседі
Алдыңғы аптада ғана жаңадан ашылған құрылыс компаниялары салған тұрғын үйлердің бір бөлмелі пәтері – 8 млн, екі бөлмелісі – 11 миллионға бағаланған. Қолында жинап отырған қаражаты жоқ қарапайым халық жаңа мүмкіндіктерді қарастырып жатқанда, алыпсатарлар 8 миллионның үйлерін қазір бір апта бұрын 12 миллионға бағаласа, қазір 15-18 миллионға бір-ақ көтерді. Сол үшін риэлторлар тұрғындарға жөндеу жұмыстары істеген 2010-2015 жылғы үйлерді сатып алуға кеңес береді. «Бұл жылғы үйлер қатты ескі емес. Екіншіден, үй иелері сатылатын үйдің жөндеу жұмыстарын істеп, мүлкімен сатады. Сондықтан дайын үйді арзан бағаға түсіріп алған дұрыс», – деген Бақытгүл Есімханқызы жаңа жылдан бастап үй бағасы аспандамаса, арзандайды дегенге сену бекер екенін айтады. Өйткені үйдің бағасы тек қана материалдың қымбаттағанына байланысты өсіп отырған жоқ. Елдегі баспанаға байланысты бағдарламалардың қабылдануы мен жанар-жағармай, тасымалдау қызметі бағасының да өсуі тұрғын үй бағасын шарықтатып отырған көрінеді.
Жылдағы үрдіс солай. Баспанаға бағасы елдегі кез келген өзгеріске байланысты өсе береді. Мемлекеттік бағдарлама шықса – бір, жанармай қымбаттаса – екі, құрылыс материалы өссе – үш, зейнетақы қорындағы ақшаны алуға өзгеріс еніп еді, төртінші рет баспана бағасына әсер етті. Былтырғы 10 миллионның үйлері қазір 20 миллионға бағаланады. Өйткені өзге ел емес, өз елімізде шығарылатын құрылыс материалдарының өзі өте қымбат. Ал құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мониторинг жасап, бағаның өсіп отырғанын бақылап отырған ешкім жоқ.
Талапты орындамаған
Бағаны бақылау тікелей міндетіне кірмесе де, монополистермен күресетін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жаз бойы тұрғын үйдің қымбаттауы бойынша қарқынды жұмыс атқарып тастағандарын алға тартты. Шілде айында Мемлекет басшысының құрылыс материалдары нарықтарында шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында агенттіктің аумақтық бөлімшелері елдің барлық өңірлеріндегі құрылыс материалдары нарығына бақылау жасап, бірқатар құрылыс материалын өндірушілердің жауапкершілікке тартылуына септігін тигізген. Осы жылдың 1 маусымы мен 15 шілдесі аралығында БҚДА-ның Аумақтық монополияға қарсы департаменттері құрылыс материалдарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілерге құрылыс материалдарының 13 түрі бойынша 700-ге жуық сұраныс жіберген. Шілденің ортасынан кейін құрылыс материалдарын өндірушілерге тағы қосымша 349 жаңа сұраныс жолдаған. Сөйтіп, құрылыс материалдарын өндірушілерге бағаны негізсіз өсіріп отырғандарға қатысты 57 хабарлама шығарыпты. Алайда агенттіктің сұранысын толыққанды орындамаған құрылыс материалдарын өндірушілер де баршылық. Сондай-ақ биыл жазда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бастапқы тұрғын үй нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау шеңберінде бірқатар компанияның, оның ішінде BAZIS-A, Bi Group холдингтері, «РАМС-Қазақстан» компаниясының тұрғын үйге бағаларын келісіп белгілеу және ұстап тұру іс-қимыл белгілерін анықтаған болатын. Әйтсе де, бұл құрылыс компанияларының үйлері де басқалармен бірдей өсуде.
Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, республика бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі алдыңғы айда 352 654 теңгеге бағаланған. Бұған дейін қолданыста болған пәтерді сату кезінде бір шаршы метр үшін баға 279 216 теңгеден басталыпты. Жалпы, бір жыл ішінде жаңа пәтер құны 14,6%, екінші сатылымдағы пәтер 23,7%-ға қымбаттады. Осыған қарағанда министрдің болжамы мүмкін болмайын деп тұр. Өйткені қазір тұрғын үй бағасының шарықтауына қымбаттаған құрылыс материалымен қоса, зейнетақы қорындағы шекті бағаның екі есе өсуі де септігін тигізіп отыр.