Бас жоспарды өзгертуі мүмкін

  Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Тараз қаласының Бас жоспарына өзгерістер мен түзетулер енгізу бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Жалпы Бас жоспар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», Жер, Экологиялық кодексіне және басқа да заңнамалық актілері мен қала құрылысын жобалау саласындағы нормативтік құжаттарына сәйкес құрастырылады.

Ағымдағы жылдың халық санағының жүргізілуін ескере отырып, жоба қала халқының санына қарай негізделген. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылы Тараз қаласының халқы қосылған аумақтармен бірге шамамен 450 мың адамды құраған. Осыған сүйене отырып, Тараз қаласының болжамды халқының саны бірінші кезеңге – 530,0 мың, есептік кезеңге 600,0 мың адам болып есептелуде.
2010-2021жылдар аралығында қала халқы 24,0 мың адамға өскен. Қарастырылып отырған кезеңде халықтың табиғи өсімі – 69,6 мың адамды, халықтың көші-қоны 43,2 мың адамды құраған.
Қоғамдық келісімде сөз алған «Қолдау» ЖШС-нің сәулетшісі Ерұлан Көкен халық санағынан кейін болуы мүмкін өзгерістерге тоқталды.

– Халықтың өмір сүруінің әлеуметтік-экономикалық деңгейінде болып жатқан өзгерістер өлім-жітімнің азаюына және халықтың туу көрсеткішінің артуына айтарлықтай әсер етті. Соңғы үш жылда табиғи өсімнің оң сальдосы жылына 6,5-6,8 мың адамға жетті. 2021 жылдың басында қала санының халқы 362,9 мың адамды құрады. Бас жоспарға Жамбыл облысының жалпы саны 10,4 мың адам тұратын Байзақ ауданының 3 ауылын және 34,1 мың адамды құрайтын Жамбыл ауданының 11 ауылын қосу ұсынылып отыр, – деді ол.

Сондай-ақ сәулетші Бас жоспарға өзгеріс енгізу үшін халықты қоныстандыру қомақты ресурстарды, оның ішінде жер ресурстарын қажет ететінін тілге тиек етті. Демек, алдағы уақытта қала төңірегінде орналасқан елді мекендерді қосу арқылы қала аумағын кеңейту жоспарлануда. Барлығы 2 777,76 гектар қалаға бөлінеді, онда жиынтықпен алғанда 44,5 мың адам тұрады. Оның 2266,57 гектары (34,1 мың адам) Жамбыл ауданынан және 511,19 гектары (10,4 мың адам) Байзақов ауданынан болады деп күтілуде. Алайда бұл әзірге жоспар. Әлі талай талқылау мен пысықтауды қажет етеді.

Қоғамдық тыңдау соңында тұрғындар тарапынан бірқатар сауалдар қойып, тиісті жауаптарын алды.

Comments (0)
Add Comment