Бас жүлде – Қанаттың қанжығасында

Ұлы жырау Жамбыл бабаның мерейтойы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастап, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық айтысына келген зиялы қауым, мәдениет, әдебиет саласында өзіндік орны бар ел азаматтары, жергілікті ақын-жазушылар Абай көшесіндегі Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сәндібек Піренов

Аламан айтыстың алдында Қазақстанның әр аймағынан келген ел ардақтылары үшін баба рухына тағзым етудің орны тіптен бөлек. Жұртшылық бір міндетін орындаған соң, республикалық айтыс өтетін «Баласағұн» орталық концерт залын бетке алды.

Дуы басым аламанның шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтысты төрге сүйреген ақын Жүрсін Ерман түріп, Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына тоқталды. Ол өз сөзінде елдегі жағдайға байланысты айтыс ұйымдастырылмауы да бек мүмкін болғанын айтып, осы ретте жыр додасын өткізуге ықпал еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғыс білдірді. Айтысқа Қазақстан Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған ел зиялылары қазылық етті.

Жиырма ақын қатысқан аламанды жеребе бойынша айтыс ардагері Айтмұхамбет Исақов пен Айбек Қалиев бастады.
Өлеңді тау суындай тасып төккен,
Өнерге Жамбылды Аллам нәсіпті еткен.
Сүйінбайдың қып-қызыл жолбарысы,
Ақынның киесі боп басыпты өктем.
Жамбылға сол жолбарыс кие қонып,
Жырымен шапағатын шашып кеткен
, – деп бастаған қостанайлық Айбек Қалиев тарихты толғап, сол «жолбарысты» Меркінің бауырына қайта оралды деп ұшқыр сөзімен көрерменді ә дегеннен өзіне қаратты. Жамбылдық айтыс ақындарының белін буып, бәйгеге қосуға ықпал еткен айтыс ардагері Айтмұхамбет Исақов пен Айбек Қалиевтің аға мен іні арасындағы айтысынан-ақ көрермен еңсесін тіктеп, ақындарға қошеметін аямады.

Сыр ақыны Нұрмат Мансұров пен тараздық Рай Дөңбай арасындағы айтыстың да бәсі жоғары болды.
Сыртта жүрген өзіңнің ұлың едім,
Бейсауат сөйлемейтін бейнамыстай,
Астанадан арнайы бетті бұрдым,
Таразым көрінсе де кейде алыстай.
Жусанның иісін аңсап келіп тұрмын,
Туған жерін сағынған Бейбарыстай,
– деп жырлаған Рай Дөңбай Жамбылда туған ерлерді тізіп өтті. Көрермен жерлесінің ықыласына, пейіліне сүйсініп, қол соқты. Ақындар бірінің сөзін бірі жалғап, жақсы айтыстың үлгісін көрсете білді.

Сөз өнерінің бірінші айналымын жамбылдық Алтынкүл Қасымбекова мен алматылық Шұғайып Сезімхан түйіндеді. Мерейлі датаға орай он жұптың барлығы да өз заманында аты аңызға айналған Жамбыл Жабаевты, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын, тарихы терең Жамбыл жерін жырына арқау етті. Мұны жиылған көпшілік халықтың ақынына деген ерекше құрметі деп қабылдады. Айтысты ерекше ықыласпен тамашалаған көрермен кеш батқанға дейін қазақтың қаймағы бұзылмаған дәстүрлі өнеріне тәнті болды.

Айтысқа қатысқан 10 жұп ақынның ішінен 3 жұп ақтық айналымға өтті. Онда қазылардың шешімімен жамбылдық Шапағат Сәбитқызы мен Шұғайып Сезімхан, Еркебұлан Қайназар мен жерлесіміз Қанат Мырзаханның, қызылордалық Нұрмат Мансұр мен семейлік Рүстем Қайыртайұлының жолы түйісті.
Бір-біріне дес бермес кіл жүйріктердің арасында қазылардың шешімімен бас жүлдені Қанат Мырзахан еншіледі. Топтан көш ілгері шыққан ақынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бірінші орыннан көрінген қос жүйрік Рүстем Қайыртай мен Еркебұлан Қайназаров 750 мың теңгеден алды. Жамбылдық Шапағат Сәбитқызы мен Нұрмат Мансұров екінші орынға жайғасып, әрқайсысы 500 теңгенің сертификатын алды. Ал топ ақынның ішінен бір бас жоғары болып, үздік үштікті түйіндеген Павлодардың тумасы Аспанбек Шұғатаев, Петропавлдан келген Жарқын Жұпархан, Шұғайып Сезімханға 300 мың теңгенің сертификаты бұйырды. Бұдан бөлек, үш ақынға ынталандыру сыйлығы берілсе, аламанға қатысқан басқа да ақындар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Осымен Жамбыл аты берілген облыста ұлы жырауды ұлықтау салтанаты жоғары деңгейде аталып өтті деуге толық негіз бар. Бірақ бұл дегеніміз халықтың жүрегінен орын алған ел ардақтысына құрмет көрсету осымен шектеліп қалады деген сөз емес. Қазақ қоғамы барда Жамбыл ақынның өз биігінен түспейтініне кәміл сенеміз.

Comments (0)
Add Comment